Шопандар тойы субсидиялар мен шаруалар мәртебесін шеше ала ма?
Тамыры тереңге жайылған тарихы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысқан халық үшін мал шаруашылығының орны бөлек.
Танымымыз бен болмысымыз, құндылық пен тіл-діліміздің қалыптасу жолында дәл осы мал өсірудің ықпалы анық байқалады. Бүгінгі жаһанданған дәуір тынысында ата кәсібімізді жоғалтпай, жаңа заманның талаптарына сай бейімдеп дамытудың маңызы зор. Осы тұста елімізде төрт түлікті бағудан көш бастап отырған өлкенің бірі – Маңғыстау облысы. Қазан айының төртінші жұлдызы Сай-Өтес ауылы аумағында атакәсіпті ардақтап, ел дәстүрін жалғастырған еңбеккерлерге арнап өткен шопандар тойы – осының бір дәлелі болса керек. Өлкеде 1993 жылдан бері алғаш рет тойланған шопандар тойы кең ауқым, жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл тойда ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, қазақтың төл өнері кең даланы кернеп, жиналған жұртқа қуаныш сыйлады. Сай-Өтес ауылы аумағында жұрт ақшаңқан киіз үй тігіп, ұлттық ойындарымызды жаңғыртты. Балуандар белдесті, ағайын аламанға ат қосты. Ән шырқалып, күй тартылды. Жайлаудан ырысын іздеген малшылар бір жасап қалды. Мерекеге жиналған халық қазақ күресі, гір тасын көтеру, қошқар, өгіз көтеру, қол күресі сияқты күш сынасулар мен «Аламан бәйге», «Тай бәйге» жарыстарын тамашалады. Түбекте қайта жаңғырған мерекенің мақсаты – шаруалар еңбегін бағалап, олардың мәртебесін көтеру.
Шараға Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай, ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаментінің директоры Х.Иткусов, өңірдің әр аймағында ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген еңбеккерлер, сала ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Әуелгі сөзді осы шараға мұрындық болған облыс әкімі алып, мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, саланың дамуына зор үлес қосқан ауыл ардагерлері мен сала мамандарына алғысын білдірді.
«Маңғыстау өңірі мал шаруашылығы саласында талай кезеңді бастан өткерді. Кеңес дәуірінде колхоз бен совхоз болып дамыдық, ал тәуелсіздік алған жылдары қиындықтарды еңсердік. 2-3 жыл бұрын орын алған қуаңшылық та біздің шаруаларға оңай тиген жоқ, бірақ сіздер осының бәрін жеңе білдіңіздер. Облыста мал саны екі мүшелге жуық пайызға өсті. Бұл сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Мал шаруашылығы Маңғыстауда үлкен қиындықтармен жүзеге асатыны бәрімізге мәлім. Мемлекет тарапынан субсидиялар бөлініп, көмек көрсетіліп жатыр, бірақ әлі де шешілмеген мәселелер бар. Президент шаруалар еңбегін бағалап, олардың мәртебесін көтеруді тапсырды. Бүгінгі шопандар тойы – соның айғағы. Менің түсінігімде, шопандар тойы – Маңғыстау өңіріндегі қасиетті Амал мерекесінен кейінгі екінші той. Бұл тойды дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отырмыз», – деп келер жылы шопандар тойын Шопан ата тұсында Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданы әкімдігіне тапсырып, үзілмейтін дәстүрге айнылдыруды алға тартты.
Адамзат дамуының ежелгі өткенінен бастау алатын шаруашылық дегенімізбен, мал күтімі де оңай емес. Ақ таяқты қолға алып, алдына төрт түлікті иіріп ұстағанның бәрін осы саланың маманы деуге келмейді. Бабын таппаса, мал да өспейді. Түрлі кеселдің кесапаты да төрт түліктің жанына қас болатыны белгілі. Осы тұста атакәсіпті дөңгелетіп отырған шопандардың еңбегі еленіп, мерейінің үстем болғаны кім-кімге де қуаныш болса керек. Айтулы мереке аясында сала мамандары ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» грамоталарымен, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанған Темірхан Жүнбасовтың айтуынша, шараға жұрт той тойлау үшін ғана емес, кездескен, пікірлескен адамдардың лебізінен өзгелердің жетістігін көріп, өздерінің тәжірибесін де елге жеткізуді мақсат етіп келген.
«Қазақтың қазақ болып қалуы, осынау ұлан-байтақ жердің иесі атануы төрт түлік малдың көктеуі мен жайлауын, күзеуі мен қыстауын күзеткен аталарымыздың еңбегінде жатыр. Бұрындары шопандардан қадірлі адам болмайтын. Кешегі уақытта жылма жыл осы Үстірттің үстінде малшылар тойы болатын. Бұрыннан жұмыстас, жолдас адамдарды көреміз. Олардың жетістігін тәжірибе ретінде пайдаланамыз кейде. Соған бір марқайып қалатынбыз. Бізге тойдың болғаны жақсы», – дейді.
Аудан әкімінің қолынан алғысхат алып, заттай марапатқа ие болған малшылардың қуанышы еселене түсті. Өйткені жаз жайлау, қыс қыстаудағы қиындыққа қарамай, атакәсіпті жалғастырып жүрген жандар осындай ұлы дүбір тойды ұмытқалы ширек ғасырдан асып кеткен. «Сыйлық қымбат емес, сүйіну қымбат» дегендей, малшылардың ел мен жұрттың қарапайым еңбек адамдарын құрметтеп, қошемет көрсетіп жатқанына көңілдері марқайып, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнады. Бұдан бөлек, той соңында ұлттық ойындар мен жарыстардың жеңімпаздары дипломдармен, ақшалай және арнайы сыйлықтармен марапатталды. «Аламан бәйгеде» бірінші орын алған Жетібай өңірінің шабандозына автокөлік табысталды. Мерекелік кеш өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
С.БАҚБЕРГЕН
Маңғыстау облысы