Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:29, 03 Қазан 2022

Шөптің құны!..

None
None

Өңірдегі ауыл шаруаларын шөптің қымбаттауы қыспаққа алып тұр. Мал азығына керекті жөм-шөп бағасын реттеуге билік қауқарсыз.

Нарық қыспағынан шаруалар өз күштерімен шығуға бел байлап отыр.

Биылғы күз ауыл тұрғындарын тағы әбігерге салып жатыр. Малын күнкөріс көзіне балаған қараша үшін ауылда тұру – қып-қызыл шығынға айналып барады.

— Мал ұстау жылдан-жылға ауырлап барады. Он бас ірі қара малым бар. Оған кем дегенде, 10 тонна азық керек. Осы күні біздің ауылда тіркеме шөптің бағасы 60 мың теңгеге сатылып жатыр. Биыл қыстан қысылмай шығу үшін маған 600 мың теңгеге шөп сатып алуым керек. Қыс ұзап кетсе, қосымша шөп сатып алуға тура келеді. Оның сыртында, малға қосымша жем, арпа, сұлы қажет. Нарықтың қыспағына тірелген  ауылдастарым малдарын сатып жатыр. Мал түгілі, адамға жан бағу күннен-күнге қиындап барады, – дейді Қарқаралы ауданы, Қ. Аманжолов атындағы селолық округіне қарасты, Талды ауылының тұрғыны Әнуар Шәкәрімов.

                           Ауыл қайтіп күн көрер?..

Биылғы құрғақшылық пен тілсіз жаудың кесірі шөптің пұлына ырық бермей кетті. Мәселен, былтыр Шет ауданы, Үңірек ауылында «К-700»  тіркемесі толы шөп 100 мың теңге болса, биыл оған 10-20 мың теңге үстеме қосылған. Екі жыл бұрын ол 60-65 мыңға сатылған еді. Ал Сәкен Сейфуллин кентінің фермелері «К-700-дің» тіркемесін 130 мың теңгеден, бір трактор шөпті 60 мың теңгеге өткізуде. Бұрма елді мекенінде трактор тіркемесі толы шөпке 100-150 мың теңге сұрайды.

–  «Үйдегі көңілді – базардағы баға бұзады» деген рас. Фермерлер ерте келіскен тұтынушыларына шөпті кеш жеткізіп жатыр. Олар да өз пайдасын көксейтіні белгілі. Шөп сатушыларға жаздың ортасында  тапсырыс бергеніме қарамастан, әлі кезегімді күтіп отырмын. Алайда, бізге жеткенше, бағасы өсіп кетуі де мүмкін. Бағасына келсем, бір бума шөптің құны бізде – 900 теңге тұрады. Тюкпен сататындар да бар, – дейді Бұрма ауылының тұрғыны Қарлығаш Шәтекова.  

Арқада алты ай қыс. Бұл – өңірдің бұлжымас заңдылығы. Қар қалың түссе, қолға қарайтын мал саны көбейеді. Мұндай қиындық жекеменшік мал ұстайтын ауыл тұрғындарына қиналысқа түсірмек. Ендеше, облыста шөптің бағасы неге реттелмей отыр?

Бұл сауалға, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Бошпанов: «Ауыл шаруалары жекеменшік болғандықтан, оларды тұрақты баға ұстаңдар деп  міндеттей алмаймыз. Біз тек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарқын реттейміз» – дейді.

Биыл Қарқаралы және Шет аудандарына қарасты 7 ауылда дала өрті шығып, кейбір шаруа қожалықтарының 60 гектар шабындық жерін және әзірлеп қойған бірнеше көпенесін, техникасын жалын жалмап кетті. Бірақ фермерлер тілсіз жаудың шығынын қайтара алмай, жер сипап қалды.

— Мұндай кезде төтенше жағдай жарияланып, оқиға орнына өрт шығынын есептейтін комиссия шақыртылуы керек. Осылай жасаған кезде ғана шаруалар келген зиянның шығынын қайтара алады, – деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы басқармасының ресми өкілі.

                             «Айта, айта, Алтайды...»

Бағаны жасанды жолмен қымбаттату бұдан әрі тоқтамайтыны анық. Еске ұстайтын жайт, шөп енді азаймаса, көбеймейді. Өйткені, көпжылғы шөптер таусылып, тозып бітті. Тығырықтан шығу үшін, шөптің осы түрін жаңартуға тездетіп кіріскен жөн. 2010 жылдары әр аудан өздеріндегі көпжылғы шөптің гектарын тыңайтуға 5 мың теңге қаржы төлеп отырды. Ең ұтымдысы, кеткен қаржының 80 пайызын үкімет төледі. Сол кезде, жылда 10 мың гектар жерлерді жаңартып, жыртып, өнім септік. Міне, осындай шешімнің арқасында, жылма-жыл кепілдендірілген өнім алып отырдық. Сондықтан министрлік «Қазақстандағы көпжылдық шөпті жаңарту» бағдарламасын қайта қолға алу қажет-ақ. Өкінішке қарай, бүгінде ауыл шаруашылық министрлігі миллиондаған гектар жерді алып жатқан көпжылдық шөпті жаңартудың орнына, «жаңа шөп егеміз» деп дабыл қағуда. Алдымен барды ұқсату керек емес пе? Ал шаруа қожалықтары үкіметтің қолдауынсыз бұл проблемадан өз күштерімен шыға алмайтынын ескерткім келеді. Себебі, қазіргі кезде 100 гектар шөп отырғызу үшін 7,5 млн теңгенің тұқымы керек.

Ал өртенген жердегі шөптің шығыны басқа қандай жолмен қайтарылады дегенге келсек, «сақтандыру полюсы» бар шаруалар кеткен есесін оралта алады, – дейді Ауыл шаруашылығы саласының үздік  қызметкері, қоғам қайраткері Ниқан Омарханов.

Тегтер: