Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:50, 10 Қыркүйек 2023

Шоқанның інілері

None
None

Шыңғыс әулеті профессор Н. Костылецкиймен жақсы араласқан

Шерменде дәуірдің шешілмес түйініндей кеп қазақ дейтін халықтың тағдырында аз емес. Ежелден еркіндікті аңсап, ноқтаға басы сыймай, Қозыбасыға кеп ту тіккеннен бері қарай біздің ұлт бодандық дегенді түбегейлі қабылдап, отарлаушы билікке түбегейлі бағынып кеткен жоқ. Қасым, Саржан, Кенесары, Ғұбайдолла сұлтандар бастаған қарсылықтар Алаш арыстарына дейін ғасырлар бойы жалғасып келді. Тіпті күні кешегі 1986 жылдың қырғыны да сол еркіндікке ұмтылған дала көңілдің заңды жалғасы, соңғы сарқыншағы еді. Ұлтымыздың өне бойындағы сол асыл қасиетті сарқып ішкен отарлаушы билік құлаған соң, оны қалпына келтіруді, әттең, ойламаған сияқтымыз. Бұл әлі ұзаққа созылатын, елдің тұтастығы мен азаттығын уайым қылатын ерлердің таусылмас гөй-гөйі болмақ.

Үш жүздің басын қосып, бақуатты ғұмырға жеткізсем деп кеткен Абылайдың көрген түсі баршаңызға мәлім. Табытта жатқанында бір аяғында қылыш ұстап, ұрандаған ұрпағы, екінші аяғында Құран ұстап, кітап оқыған зәузаты тұрғанын Көмекей әулиеге айтқанда: «Қасымнан тараған ұрпағыңның аты майданмен, Уәлиден тараған ұрпағыңның аты кітаппен шығады», – депті. Кейінгілер сол екі асыл ұрпақ – Кенесары мен Шоқан деседі.

Бірі – Ресей патшалығының билігін мойындамай, арыстанша алысып, қапияда қорлықпен қаза тауып, қияпатты тағдыр кешсе, екіншісі – бодандықты мойындаған, аға сұлтан боп қызмет етіп, шен алған Шыңғыс төренің баласы.

Атадан мұра болып келе жатқан хандық билікті жойғаннан кейін аға сұлтан болған Шыңғыстың патшалық билікке қалтқысыз қызмет еткені рас. Оған бола кінәлау да ойымызда жоқ. Бірақ төре тұқымының көкейінде мәңгі тұратын жеке дара билік Шыңғыс ойында болған жоқ деп айта аламыз ба? Тек уақыттың қыспағы мен қалыптасқан жағдайда қазақ, әрине, әлсіз болды. Бағынуға тура келді. Бірақ олардың рухы қайтпаған, қайраты кетілмеген, талабы тозбаған еді. Шыңғыстың Кенесары көтерілісіне тілектес болғанын да тарихшыларымыз айтып жүр.

Шыңғыс сұлтан жастайынан орысша біліп алып, хатқа да, оқуға да жүйрік болады. Өзінің ұлдарын бала күндерінен оқуға ынтықтырып, дүниенің кілті білімде екенін ерте ұқтырған жан. Қарашаш Алпысбаева «Шоқан Уәлиханов және халық мұрасы» кітабында: «Сібір казактарының Шекаралық комиссиясының сол тұстағы бастығы, полковник М.В.Ладыженскийдің атынан 1840 жылы декабрист В.И.Штейнгельдің жазған хаты: «Зияда ғизатлу уа хурматлу Аман-Қарағай дуанының аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиұлына.

Сізге тапсырып айтатыным сол ки, маңа қазақ халқының өлеңін, жырын, ертегісін, бұрынғыдан қалған қария сөздерін, қиссаларын, хикаяттарын, мақалдарын жиып, жазып бергейсіз. Мұның бәрі де қазақ халқының арасында көп шығар» деп хат жазып, қалай бөліп, қандай тақырыптармен топтастыру керегін айтып тапсырма берген.

Бұл тапсырманы орындауда бала Шоқан әкесіне көмектесіп, жырларды хатқа түсіріп, жазуда қолғанат болады.

Шыңғыс тапсырған жырлардың ішінде ең ескісі қыпшақ Жұмағұл ақыннан жазып алған «Едіге» жыры. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше», «Қарабасұлы Манас» жырларының да бірнеше нұсқасын тапсырған.

Шыңғыс әулеті профессор Н. Костылецкиймен жақсы араласқан. Негізінен жинаған жырларын сол кісіге жіберіп отырған. Костылецкий болса оларды Петербор университетінің профессоры И. Березинге жіберген. Кезекті бір хатында Костылецкий: «Бұл нұсқаны менің қайтыс болған бір досыма жіберген Құсмұрын округін билеп тұрушы Шыңғыс сұлтан, Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің ұлы» деп жазады. Әңгіме «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Құсмұрын варианты туралы еді. Осы деректер сұлтан әулетіндегі ғылыми мәдениеттің басында Шыңғыс төренің тұрғаны аңдатады. 

Жанақ, Жұмағұл, Шөже, Арыстанбай сияқты жыршы, ақындарды Шоқан сол бала күнінен біліп, жастайынан халық ауыз әдебиетін жинауды үйреніпті. Халық мұрасын жинап, ғылыми негіздеуді ерте меңгерген Шоқан Омбыға барғанда тез жетіледі. Оның Омбыдағы өмірі туралы естелік жазатын орыс достарының бәрі дерлік Шоқанның тез бой үйретіп, ерте есейгенін бірінің аузына бірі түкіргендей бірдей жазатыны сол. Жиырмаға толар толмасында-ақ әйгілі орыс ғалымдарын тамсандырып, қазақ-қырғыз жыр-дастандары мен эпостарын хатқа түсіріп, әйгілі Қашқар сапарына басын өлімге тігіп, үлкен тәуекелмен шыққанында атақты ғалымымыз небәрі 22-23 жаста еді.

Қазақ даласындағы әлеуметтік иерархияның ең жоғары сатысында тұрған төре баласы Ресей патшалығындағы ғылыми иерархияның да шыңына Жаратқан берген қабілеттің арқасында оп-оңай шықты. Тамсандырды, таңғалдырды. Әкеден көрген тағылымын туған бауырларына да көрсетіп бақты. Уәлихановтар атын үлкен абыройға жеткізгенде Шыңғыс ұрпағы болмаса да, Уәлиден тараған өзге төрелер де «Уәлиханов» боп жазылуға ұмтылды.

***

Қазақ ішіндегі төре тұқымдарынан өнерге өлшеусіз үлес қосып, руханиятымыздың көрнекті тұлғаларына айналғандар көп. Меңдікерей, Дәулеткерей, Салауаткерей, Шәңгерей болып келетін тізбекті Шоқанның бауыры Сақыпкерей де толықтырады.

«Осыдан соң Шүкiман «Топайкөкке» шырқап кеттi. Көркем үнi ерiксiз ұйытып барады. Жiбек талдай жiңiшке бұралған, бөлек саз тапты. Абайға ән жер үнi емес, өмiрде сiрә естiлмеген, сымбат пен сыр лебiзiндей. Жiгiттердiң өзiне таныс болғанмен, «Топайкөк» бұрын мұндай үнде, дәл осындай жан бiтiп, iшiн ашқан емес-тi. Абай табынып, ұйып тыңдады. Бiр ғана сәтте Шүкiман жүзiне көзi түсiп едi. Сұлу жас қыз ендi қымсынбайды. Барлық сезiмтал жүрек, тал бойы мен күй ырғағына берiлген екен. Жiңiшке қасы кейде аз шытынап, кейде көтерiле керiлiп, iш толқынынан леп-леп елес бередi»

Бұл Абайдың да ойы едi. Бiрақ ол iштегi рақат күйiн бұл арада сөзбен айтып жеткiзе алар емес. Көңiл толы нұр сәуле тұр, кернеп толқытқандай. Тiл қатып, сөйлеп көрсе, сол шексiз рақатын өзi бұзып қуғандай болар едi. Жалғыз ұғып бiлгенi, iшiнде күн туғандай. Анық бақыт сезедi. Күдер үздiрген, жоғалтқан бақыт, қайта оралып өзi келiп, еркелеп аяп, қайта тапқандай».(М. Әуезов. «Абай жолы»).

Бұл – өздеріңіз жақсы білетін «Абай жолы» романында Абай мен Тоғжанның махаббатының айнасындай болған, кейін Абай мен Әйгерімнің ғашықтығына себеп болған «Топайкөк» әні. Тоғжан шырқаған әнді Шүкіманның айтқанын естігенде, көрмей ғашық болып, жоғалтқанын тапқандай, өшкені жанғандай қуанған Абай жүрегінің жалынына айналған осы ән Сақыпкерейдің әні деседі. Шоқанның өмірбаянын жазған Әлкей Марғұлан: «Шоқанның бауырларының арасында ең қабілеттісі, жастай дүниеден өткен Сақыпкерей (Қозыке) еді. Өнерді бағалай білген Шоқан Уәлиханов ауылға келген кездерінде дарынды ақын, әрі композитор інісі оны әндерімен риза қылып, қуантып жүрген. Қозыке халық композиторы Ақан серімен достық қарым-қатынаста болған, онымен бірге романтикалық сарында бірқатар ән-әуен шығарған. Ол шығарған әндердің ішінде кең таралғандары – «Ай көкек», «Топай көк», «Сырымбет» және «Көкенің аманаты». Соңғы ән сүйікті ағасы Шоқан Уәлихановқа арналған», – дейді Әлкей Марғұлан.

Әбіштің: «Ежелгі Майқы мен Сыпырадан асқар таудай ат қалғанмен, алақандай хат қалмапты» деп жазатын кебі – осы. Сақыпкерейдің әні деген шығармалар осы күні ел ішінде халық әндері есебінде шырқалып жүр. Халық ауыз әдебиеті дегеннің өзі бір кездері авторлары болып, кейін ақ иелері ұмытылған шығармалар емес пе?! Біздің өнер зерттеушілері қанша халық әніне автор тауып немесе осы ән бәлендікі емес, түгендікі деп ала шапқын болып жүреді. Осы тұрғыдан келгенде Шоқанның талантты інісінің мұрасы зерттеліп, зерделенуге тұрарлықтай көрінеді. Абай айналасының түгендеуге ұмтылған ғылыми үрдіс Шоқан айналасында да болуға тиіс жұмыс. Ақын қалыптастырған мәдениетті ғалым да қалыптастыруға ұмтылар еді. Отыз ғана жасында көз жұмған Шоқанның оған мүмкіндігі де болмай кетті.

Сонау тоқсаныншы жылдары: «Сазгер Сақыпкерей Уәлихановтың шығармашылығы осы күнге дейін түбегейлі зерттелген жоқ. Оны Қазақстан ғалымдары соғыстан бұрынғы жылдары зерттеуге тиіс еді. Ол кезде халқымыздың басында қайғы көп болды. Ал соғыстан кейінгі жылдарда оның шығармашылығын, өмірбаянын жақсы білетін көнекөз қарттардың бәрі арамыздан кетіп қалып еді. Қазіргі кезеңде оның шығармашылығын зерттеу қиынға соғып тұр», – деп жазған еді Қарашаш Алпысбаева. Қазір ғылымымыз қалыптасып, толысқан уақытта төре тұқымынан шыққан өнерпаздарымызды ғылыми түрде жүйелеп, бір түгендеп қоюдың артықтығы болмас еді.

1857 жылы 21 тамызда Шоқан әкесіне жазған хатында: «Мұхамедия мен Қозыкені менен сүйіңіз» деп, емірене жазады. Қозыкеңіз осы – Сақыпкерей. Оның да соңғы әні Шоқанға арналыпты-ау.

К.Де Лазари «Ағайынды Уәлихановтар»

***

1876 жылы Петерборда «Үшінші халықаралық шығыстанушылар конгресі» көрмесі өтеді. Сол көрмеге Шыңғыс сұлтан жіберген экспонаттар қойылады. Оның ішінде Абылай хан мен Уәлидің бұйымдары, Шыңғыс пен Жақыптың заттары және Мақы жасаған қол өнер туындылары болыпты. Осы Мақы деген інісі суретші, қол өнер шебері болған.

Шыңғыс әулетіндегі ерке, бәріне сүйікті ұл Мақы болады. Жеті жасында сүзек ауруымен ауырып, ажалдан қалады. Сол дерті себепті Мақы мылқау болған деседі. 1855 жылы Александр ІІ таққа отырғанда, салтанатты жиынға Шыңғыс сұлтан да шақырылып, Мақы әкесімен бірге алғаш рет Петерборға барады.

Кейін Петербордағы мылқаулар мектебінде тәлім алып, он бір жылын сонда өткізген. Ақ түндер қаласында ғылым ордалары мен кітапханаларда суретші болып қызмет атқарған. «Шоқан бауырының дарынына назар аударып, Мақыға Көрке мөнер академиясының шеберханасына орналасуға көмек көрсетеді. Ол сол жерде сурет салу өнерімен шұғылданады. Туған елге қайтып оралғаннан соң қоғамдық жұмыстармен айналысып, қылқаламын қолына сирек алады. Шоқан Уәлиханов арқылы Мақы Петербор мен Омбыдағы көптеген ғалымдармен, қоғам қайраткерлерімен танысады» деп жазады Әлкей Марғұлан.

Мақының еркелігі Петерборда да анық көрінеді. 1860 жылы 4 қарашада Шоқан әкесіне жазған хатында: «Мақажан ұғлыңыз жалқау, һеш неме қылмайды» деп жазады. Ал әкесі жауап хатында: «Мақыжанды аузынан, тамағынан көп сүй – менің үшін» деп сағына жазады.

Бірде Мақы қолдан ақша жасап, ұстазының алдына қойыпты. Сонда ұстазы: «Сен үлкен өнердің иесі екенсің. Бірақ өнерден бұрын адал мақсат пен әділдік болуы керек. Ол болмаса, дарынды қабілетің болса да, қылмыскер болуың мүмкін» деп ақыл айтыпты. Бетінен ешкім қақпаған Мақыға тек ағасы Шоқан ғана ұрсып, тәртіпке шақырады. Барынша еркін өскен ұл бірде ағасының кітаптарын рұқсатсыз алып, жазаға да тартылады. Шоқан сол хатында: «...Ұстаздары айтады, және «ұры». Менің алты паршалық кітаптарымды ұрлап алғанын учитель Васильев тауып беріп мені бәледен құтқарды. Мен әуел келгенде келгенімді білдіріп, қызметкерден хабар жібердім. Бәр жақтан үйге келсек, Мақыжанды көрдім, ол мені таныды «Жүзіңізді ұмыттым», – деді. Оның есендігі жақсы, дерті жоқ, ақша көп сұрайды. «Ұрлық» қылған соң мен ақша бермедім, наказание болсын!», – дейді ағасы.

1866 жылы оқуын бітірген соң әскери губернатордың кеңсесіне жұмысқа тұрған Мақы каллиграф, суретші болып қызмет етіп, біршама әскери шенге жеткен соң, демалысқа шығып, ауылға кеп тұрады. Оның сызуымен үйлер салынып, қолынан шыққан бұйымдар Уәлихановтар әулетінің құнды жәдігеріне айналады.

Мақымен Сырымбет те танысқан Г.Н.Потанин: «Көкшетаудан шығып, Уәлихановтардың ауылын іздеп келе жатып мен қазіргі көзі тірі ағайынды төртеуінің бірімен өте ашық байланыста болуым керек болса, ол әрине, Мақы болар еді деп ойладым» деп жазады.

1895 жылы Шыңғыс сұлтанның үйіне барған Потанин «Қазақтың соңғы ханзадасының киіз үйінде» деген жазба қалдырған. Сонда сұлтан әулеті тұрған жерді, үйлерін, балаларын суреттеп жазады. Әрине, Шыңғыс әулетін орысқа берілген деп суреттейді. Үстемдік леп сезіледі. Бірақ жолжазба ретінде біз үшін құнды материал.

Потаниндер Сырымбетке Мақымен танысуға барғанда, Мақының өзі алдынан атпен шығып қарсы алады. «Шыңғыс сұлтанның ұлдарының ішіндегі орыс ішінде ең көп болғаны – Мақы. Қыстыгүні Көкшетауға барып, орыс клубына кіргенде Мақыны үлкен құрметпен қарсы алатындарын естіген едім. Оны клубтағылар жақсы қарым-қатынас орната алатындығы үшін, мырзалық болмысы үшін жақсы көреді екен. Өкінішке қарай, мен мылқаулар тілін білмеймін. Сол үшін Мақымен етене жақындаса алмадым», – дейді Потанин.

Потанин барған кезде Мақы бұрынғы әйелінен ажырасып, жаңадан үйленген кезі екен. Үлкен әйелінен бір қыз, екі ұлы бар. «Жаңа әйелі Петропавлск қаласының татары, әлде сол жақта өскен қазақ қызы сияқты. Әкесі – қазақ, Петропавлске барып, татарланып кетті ме екен. Қазақ қыздары күйеуінің артына тығылып, бетін жасырмайды. Ал Мақының әйелі біз киіз үйде болғанда перденің артынан шыққан жоқ. Арасында Мақының өзі пердені сырып, сұлу әйелін көрсетіп мақтанғысы келді. Бірақ әйелі қайта жауып қойды» деп жазады орыс саяхатшы-ғалымы.

Мақы ауылға келген соң еркін өмір сүрген. Колпаковскиймен араласып, қызмет те істеген. Оның сызуымен Саумалкөлде, Көкшетауда, Қызылжарда үйлер де салынған.

Қарашаш Алпысбаева: «Мақыжан жасаған заттар әлі күнге дейін Петербургтің және Еуропа ірі орталықтарының мұражайында сақтаулы. Бір аянышты жағдай, оның еңбегінің көбі біздің заманға жетпей қалды. Бізге жеткендері оның немересі, сәулеткер Шота Уәлихановтың үйінде сақтаулы бірнеше альбомдар мен Мәскеуде этнография институтының қолжазба қорындағы азын-аулақ суреттер», – дейді.

Уәлихановтар әулетіндегі көркем өнердің табы біздің заманымызға осылай жетіпті. Шоқанның өзі де суретші болған. Ал інісінің зәузаты осы күндегі еліміздегі айтулы сәулет ескерткіштерінің авторы – Шота Ыдырысұлы Уәлиханов болатын.

***

Шыңғыстың жеті ұлының ішінде Шоқан секілді Омбыдағы Кадет корпусында білім алғаны – Махмұт Шыңғысұлы. Шоқанның тікелей қарауында болған, Құнанбайдың ұлы Халиолламен қатар Кадет корпусында тәлім алған Махмұт әдебиетке қатты жақын болған. Оның кітапханасында Еуропа, орыс әдебиетінің классиктерінің кітаптары мол болыпты.

«Махмұт та ағалары сияқты жас кезінен орыс ғалымдарымен, жазушыларымен және инженерлерімен араласты. Олармен достық қарым-қатынасын өмірінің аяғына дейін үзген емес. Оған Географиялық қоғамның Батыс Сібір бөлімшесінен ғалымдар жиі келіп тұрды, кейде Петербордан да келетін. Ол 1908 жылы Н. Павлова арқылы Петербордың қоғамдық кітапханасына (қазіргі М. Е. Салтыков Щедрин атындағы мемлекеттік қоғамдық кітапхана) Ф. М. Достоевскийдің Шоқанға 1856 жылы Семейде жазған хатын беріп жіберді», – дейді академик Әлкей Марғұлан.

1856 жылы Семейде айдауда жүрген Достоевский Шоқанға Омбыдан хат жазады. Шоқанның орыс жазушысына жазған төрт хаты бар. Алайда Федор Михайловичтің, өкінішке қарай, бір ғана хаты бізге жеткен. Шоқантанушылар екі тұлғаның басқа да хаттары әлі табылған жоқ, я жоғалған деп есептейді. 1856 жылдың желтоқсаны мен 1862 жылдың қазанына дейін ұзын-ырғасы алты жыл хат жазысқанда өзге де хаттардың болғаны анық. Ал осы жалғыз жауап хаттың біздің заманға жетуіне себеп болған адам – Махмұт. Ол өзі де жазушымен Омбыда танысқан еді.

1856 жылдың 14 желтоқсанында жазылған хат – Шоқанның 5 желтоқсанда жазған хатына жауап. Онда жазушы Шоқан екеуінің достық қарым-қатынасы туралы, зерттеушілік жұмысты тастамауын, бұл Шоқанға үлкен жеміс әкелетінін жазады.

Ал Шоқан өз хатында: «Аса қадірлі Федор Михайлович! Сізге хат жазуға мүмкіндік туа сала, жазуға отырдым. Сіз кеткеннен кейін ол қалада бір түн ғана түнедім де, ертесі жолға шықтым. Ол кеш мен үшін сұмдық жабырқаулы болды. Өзім жақсы көріп қалған әрі мені де сыйлайтын адамдармен қоштасу қиын болды. Сізбен бірге Семейде өткен аз күндерімді қазір сағынып отырмын. Бар ойым сонда, енді тағы сізбен қалай жолықсам деп отырмын...» деп, бар ықыласын аудара жазған. Омбыдағы интригалардан шаршағанын, бәрін тастағысы келетінін айтып, ақыл сұраған. Достоевскийдің «зерттеушілікті тастамаңыз» деп отырғаны – сол.

Жазушы жауап хатын Махмұт Шыңғысұлының адресіне жібергеніне қарағанда, оған сенген. Ал Махмұттың бұл хатты сонша жыл жоғалтпай, ақыры кітапхана архивіне табыстағаны – үлкен азаматтық әрі білімдарлық. Ол заманда қаншама қазақ қағазына ұқыпсыз болды. Тіпті бүгінгі күні ардақты аталарынан қалған мұраларды мұражайға бермей, сақтап отырған ұрпақ қаншама.

Көкшетау, Сырымбетке келген сол сапарында Потанин жазады. «Мен оның үйіне бардым, содан кейін екеуміз жиі кездесіп тұрдық. Онымен танысқаным жақсы болды, жақсы әсер қалдырды. Орысша таза сөйлейтін. Махмұт сұлтан Шоқан сияқты кадет корпусында оқыған, кейін Петерборда аз уақыт оқуын жалғастырған. Әскери қызметте болып, поручик шеніне дейін жетіп, демалысқа шыққан. Қазір қырда тұрады. Көшпелі тіршілік етіп, ауылшаруашылығымен айналысады. Уәлихановтардың ішінде дәл ол сияқты үлкен егістігі бар адам жоқ».

***

Қырық шырақты тарихтың қойнауына еніп бара жатқан әулеттің сөнбейтін жарық жұлдызы Шоқан болғанда, оның айналасындағы самсаған інілері де көзімізден таса қалмауы керек екен. Білмек үшін, сезбек үшін, тағылым алмақ үшін.

Сырымбетті ен жайлаған осынау білімге құштар отбасының тәліміне, тәрбиесіне зор ықпал етіп, бекзада болмысын сақтауда орасан еңбек еткен Айғаным ханшаға да бөлек құрмет.

Тегтер: