Шоттағы «ШОК», зейнетақы қорында халыққа беретін қаражат бар ма, өзі?
![None](/static/img/image.jpg)
Өткен жылы мәжіліс Қазақстан азаматтарына зейнетақы қорындағы қаражаттың белгілі бір бөлігін алуға рұқсат ететін заңды қабылдады.
Зейнетақы қорынан қаражат алу процесі осы қаңтар айынан басталады. Енді болжам бойынша биыл 721 мыңдай ел азаматы зейнетақы қорынан 1,7 триллион теңге шешуі мүмкін. Ал, шынтуайтында, БЖЗҚ-да мұндай қаражат бар ма, өзі?!
Негізінде, зейнетақы қорында жинақталған сома ақша түрінде жатпайды. Ондағы қаражат инфляцияға желінбеуі үшін инвестиция ретінде құнды қағаздарға салынып отырады. Мәселен, қорда жинақталған сома көлемі қазір 12,7 триллион теңгеге жетті. Оны Ұлттық банк осы уақытқа дейін өз басқаруына алып, инвестицияға бағыттап отырды.
Ақша қайда?
Мысалы, Ұлттық банк осыдан екі жыл бұрын 1,5 млрд доллар қаржыны зейнетақы қорынан алып, шетелдік бес компанияға басқаруға берген болатын. Сол кезде «инвестициялық кіріске қарық боламыз, пайдаға молынан кенелеміз» деп берген бұл қаржының әзірге 15 пайызы ғана бізге қайтыпты. Ұлттық банктің бұл бастамасын сарапшылар сол кездің өзінде-ақ «сәтсіз қадам» деп бағалаған болатын. Бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябекұлы: «Зейнетақы қорының қаржысын шетелдік компанияларға басқаруға беруге мүлде болмайды. Қор қаржысы отандық өндірісті дамытуға салынса сенімдірек болар еді», – деп дабыл қаққан еді.
Бірақ сала мамандарының сөзін електен өткізген бас банк болмады. Тіпті Ұлттық банк жағымсыз рейтингіне қарамастан, зейнетақы қорының 71 млрд теңгесін Әзірбайжан банкіне де салып жіберді. Енді ол қаражат ұзақ жылдар бойы қайтарылғанымен қоймай, біздің тарап Әзірбайжан жағы төлеуі тиіс сыйақы мөлшерінен де қағылды. Ал бұл әрекет қордың инвестициялық кірісіне кері әсер еткені даусыз.
«Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады»
Жалпы, зейнетақы қорындағы инвестициялық қоржынның қазіргі құны 12,7 триллион теңгені құрайтынын біз жоғарыда айттық. Ал инвестициялық шотта, яғни инвестициялық «кэште» қазір бар болғаны 172,7 миллиард теңге ғана барын айтпай кетуге тағы болмайды. Демек, қорда халыққа қолма-қол төлейтін ақша жоқ. Енді Ұлттық банк пен БЖЗҚ халыққа беретін қаражатты қайдан алады? Экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметовтің айтуынша, акцияларды БЖЗҚ қалаған уақытта сата алады. Ал облигацияларға қатысты мұндай мүмкіндік жоқ. Облигациялар айналымда жүруі керек. Мысалы, зейнетақы қоры қаңтар айында Халық банкінен 63 млрд теңгеге шығарылған облигация сомасын қайтаруы тиіс. Ал аталмыш банктің қалған 440 млрд теңгелік облигацияны қайтару мерзімі 2022-25 жылдар аралығында жүреді.
– Сол тәрізді өзге де компанияларға, қаржы институттарына берген облигацияларды БЖЗҚ бірден қайтарып ала алмайды. Оның шарт бойынша белгіленген мерзімі, қайтаратын уақыты бар. Сондықтан бұл арада «721 мың азамат бірден барып 1,7 трлн теңгені шешіп ала алады» деп, тағы айта алмаймыз. Бұған қатысты әлі де сауатты шешімдер қабылдап, алды-артымызды бағамдау керек. Әлі де пісіру керек еді. Өз басым кейде үкіметтің мұндай шешімдерін «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деген әрекетке балаймын. Инвестициялық шотта қаражат аз бола тұра, бұл реформа бірден халықты жарылқай қояды деп айту қиын, – дейді сарапшы ғалым.
Ақталмаған маңдай тер
«Шотта қаражат аз» дегеннен шығады, осы «зейнетақы қорының кірісін арттырамыз» деп, үкімет те, Ұлттық банк те бұған дейін біраз қара терге түсті. Мәселен, соңғы бес жылда зейнетақы қорындағы қаражат теміржол саласын жаңғыртуға, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «ҚазАгроға» және екінші деңгейлі банктерге қандай да бір жобаларды қаржыландыруға бөліне бастады. Әттеген-айы сол – бұл салалар жанданып, өркендеп кете қойған жоқ. Ақиқатқа тура қарасақ, зейнетақы қорынан және басқа да көздер арқылы бюджеттен қаражат алған теміржолдың кем-кетігін қазір жыр қылып айтып, тізіп шығуға болады. Сол сияқты өз кезегінде зейнетақы қорынан қаражат алған «ҚазАгро» да ауыл шаруашылығын өркендетіп жібере қойған жоқ. Тіпті президент Тоқаев 2020 жылғы жолдауында «ҚазАгро» холдингі мен «Бәйтеректі» біріктіріп, ондағы қызметкерлердің санын қысқарту керегін де ашық айтты. Бұдан бөлек, бір ғана зейнетақы қорының қаражаты алынбалы-салынбалы болып, өзіміздің банктерді қойып, шетелдің банкін де жарылқады, ұлттық компанияларымыздан бөлек, шетелдік компанияларға да берілді. Бірақ бұдан жұлдызы жанып, жарқырап кеткен бір саланы тағы көре алмай, «аузымызды қу шөппен сүртіп отырмыз» емес пе?!
Үстемеақы жұбатпайды, индексация жолатпайды
Негізінде, ақылға салатын болсақ, нақ қазір халықтың зейнетақы қорындағы қаражаты онсыз да құнсызданып жатыр. Егер үкімет мұны ескеретін болса, зейнетақы қорындағы қаржыға индексация жасауы керегін біз бұған дейін де айттық. Мысалы, теңгенің құнсыздануына байланысты зейнетақы қорындағы қаржыға қаншама қауіп төнді. Бұған қатысты «Жас Алашқа» пікір білдіргенэкономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай деген болатын:
– Негізінде, доллар қымбаттаған сайын зейнетақы қорындағы халықтың қаражаты да қатар құнсыздануда. Дамыған ел болсақ, индексация жасауды талап ететін еді. Мысалы, былтыр Франция жұртшылығы үш күндік наразылық шарасына шығып, үкіметінен мұны талап етті. Ал біздің үкімет әр жаңа жыл сайын жәрдемақы мен зейнетақыға 10 пайыз үстемеақы қосады. Бұл индексацияға жатпайды. Қаржы заңдылығы бойынша бұлай болмайды. Қымбатшылық дендеді ме, үкімет салымшыларға доллар мен теңге арасындағы айырманы төлеп беруі керек. Сондықтан қазір салымшылар тапқан табысының 10 пайызын зейнетақы қорына құйып жатса, енді бұдан бөлек, инфляция, қымбатшылық, құнсыздануға байланысты үкімет мемлекеттік индексация жасап, салымшыларға мемлекет есебінен тағы 10 пайыз құйып беруі қажет.
Өкінішке қарай, Мамин үкіметі мамандар тарапынан айтылған мұндай ұсыныстарды ескере бермейді.
Халықтың үміті ақтала ма?
Қорыта айтсақ, қазір зейнетақы қорында жиналған қаржыға қатысты халықтың уайымы күшті екені рас. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға қатысты заң күшіне енгелі бері халық осы уақытқа дейінгі қорға жинаған қаражатын санамалап, «бірдеңе бұйырар ма екен» деп, қатты үміттеніп жүр. Ал енді халықтың осы үміті ақталып, қолына тиесілі қаражатты ала ала ма? Бұл ретте, қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, ендігі кезекте халыққа қаражат тауып беру үшін БЖЗҚ активтерін ұстап, бақылап отырған Ұлттық банк нарықта белсенді қимылдап, акцияларды сата бастайды. Егер бұл жағдай орын алмаса, онда Ұлттық банк келесі бір қауіпті әрекетке көшуі бек мүмкін. Ол – 1,7 триллион теңгені станокта басу.
– Алайда Ұлттық банк осынша қаражатты басатын болса, онда айналымдағы ақша массасы көбейіп, инфляцияны ауыздықтау мүмкін болмайды. Ал тіпті қаражат табылмайтын болса, онда тағы да Ұлттық қорға қол салуға тура келеді, – деген ойдың шетін шығарды сарапшы.
Қалай десек те, заң күшіне енді, президент пәрмен берді. Енді бұл бастама «олақ тіккен орынсыз жамау» тәрізді болмай, халықтың игілігіне жараса етті.