Шойгу Украина әуе шабуылдарының барған сайын алыстап бара жатқанына шағымданды
Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Украина Қарулы күштері (УҚК) Ресей аумағының ішкі бөлігіне соққы беру мүмкіндігін айтарлықтай кеңейткенін мәлімдеді.
«Дрондардың даму қарқыны мен оларды қолдану тәсілдерінің күрделілігі соншалық, енді Ресейдің бірде-бір өңірі өзін қауіпсіз сезіне алмайды», – деді Шойгу Орал федералдық округіндегі көшпелі кеңесте.
Оның айтуынша, «жуырда ғана Орал аймағы Украина аумағынан әуе шабуылдары үшін қолжетімсіз еді», алайда бүгінде ол «тікелей қауіп аймағына» айналған.
Шойгу өңірдің өнеркәсіптік және қорғаныс әлеуетіне төнген қауіптерді атап өтті. Бұл аймақ Ресейдің экономикалық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оның сөзінше, Оралда қорғаныс өнеркәсібі, энергетика және химия салаларының стратегиялық кәсіпорындары, ірі мұнай-газ кен орындары орналасқан. Сонымен қатар Ресейдің Еуропа және Азия бөліктерін байланыстыратын құбырлар, теміржол магистральдары мен автожолдар да осы өңірде шоғырланған.
«Олардың істен шығуы тек үлкен экономикалық шығынға әкеліп қана қоймай, ірі агломерациялардың тіршілігін тұрақсыздандыруы, сондай-ақ жеткізу тізбектерін, соның ішінде арнайы әскери операцияны қамтамасыз ету үшін маңызды логистиканы бұзуы мүмкін», – деді ол.
Орал федералдық округінің құрамына алты аймақ кіреді: Свердлов, Челябі, Қорған, Түмен облыстары, сондай-ақ Ханты-Манси және Ямал-Ненец автономиялық округтері.
Украинадағы кең ауқымды соғыс басталғалы бері Орал өңірлері бірнеше рет украин дрондарының шабуылына ұшыраған. Украина Қарулы күштері 2024 жылдан бастап 2500 км-ге дейін ұша алатын дрондарға ие. Сонымен қатар 3300 км қашықтыққа жететін пилотсыз аппараттар да әзірленген.
Өткен жылдың қазан айында Украина дрондары Украина шекарасынан шамамен 2000 км қашықтықта орналасқан Түмен мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған.