Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:12, 20 Ақпан 2025

Шпекбаев Сингапурда той тойлап жүр

алик
Фото: dauletten.kz

Алик Шпекбаевтың жуырда Сингапурдағы тойда бейнежазбаға түсіп қалған кадрлары әлеуметтік желіде көп сөз болды.

 Еуропалық стильде өткен үйлену тойында қазақы дастарқан дәмі тартылып, дәстүрлі оркестр күй әуелетіп, қонақтар «Қызыл өрікке» билеп жатқан жерде «Ескі Қазақстанның» бір өкіліндей боп бой көрсетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы өз заманында талай шенді-шекпендіге тісі батқан азулының өзі боп есте қалған еді. Кешегі тойдан кейін бүгінде өзі де қызылды-жасылды өмірдің ортасында жүргендей әсер қалдырады.

Бендицкий мақалаларының кейіпкері...

Антикордан кеткеннен кейін саяси сахнадан бой тасалаған ол былтырдан бері өз саласына қайта оралған еді. Жемқорлықпен күресетін белсенділердің басы біріккен «Ұлттық антикоррупциялық желі» деген ұйымға басшы болып, қоғам белсендісі ретінде қайта танылды.

Кезінде жемқорлықпен күрес саласына реформа жүргізіп, қол астындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлығы үшін басшыларына да шара қолдануды өндіріске енгізіп кеткенімен бір ерекшеленген. Былай қарағанда, ақылға қонымды шара ма дерсің. Себебі мұрнының астында не болып жатқанымен шаруасы болмаған шенеунік халықты қайтіп жарылқайды?! Мұндай идеяның Әлекеңнің санасына сап ете қалуы да бекер емес. Сонау 2000 жылдары Алматы облысының ішкі істер басқармасын басқарып тұрған шағында облыстық полиция қызметкерлерінің талай шатағы марқұм журналист Геннадий Бендицкийдің мақалаларына арқау болған-ды. Біреуді ұрып-соғу, функциясына кірмейтін әрекет, ұсталған адамды босатып жіберу – әйтеуір, былығып жатқан қым-қиғаш тірлік.

Бірақ өткен заман өтті. «Персоналды жауапкершілік» түсінігі заңмен бекітілген соң 2020 жылдан бастап 6 бірдей саяси мемлекеттік қызметкер қызметінен босатылды.

Ал жемқорлық әрекеті үшін жаза арқалаған шенеуніктер топырлап түрмеге қамалғаны жұртшылық есінде. Тіпті Шпекбаев тұсында түрмелердің шенеуніктерге толып кеткені соншалық, ел ішінде «сотталғандардан бір Үкімет құрамын жасақтап шығуға болады» деген қалжың сөз тараған еді.

Оған дейін агенттікті басқарған Қайрат Қожамжаровтың да мемлекет қаражатына ауыз салғандарға қырғидай тигені әмбеге мәлім. Халық қаражатын коррупционерлерден шынжырлы төбеттей қорыған Қожамжаровтан соң оның орнына келген осы Шпекбаев та талай атышулы істің басында тұрды. Мүйізі қарағайдай басшыларды ұстап, қаматуға келгенде алдыңғы басшысынан асып түспесе, кем соққан жоқ. Әсіресе бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Қызылорда облысының әкімі болған Қуанышбек Ысқақов қатты таяқ жеді.

Қуанышбек Ысқақов 2019 жылдың 28 маусымында облыс әкімі ретінде тағайындалып, арада бір жыл өтпестен Антикордың қармағына ілінді. 2020 жылдың 27 наурызында ұсталып, соның ақыры Арыстағы жарылыстан соң қалпына келтіруге жұмсалатын қаражатқа қатысты жемқорлық дерегімен айыпталып, 7 жылға сотталды.

Алайда Біртановтың ісі бұлай қатаң жазаға барған жоқ. Екі жылға созылған сот ісінің соңы тек 5 жылға бас бостандығын шектеумен аяқталған еді. Онда да экс-министр апелляциялық шағым түсіріп көрген. Бірақ сот шешімі өзгеріссіз қалды.

«Психологиясы бұзылған шенеунік сәнді өмір сүруді ғана қалайды»

Шпекбаев мәлімдемелерімен де ерекшеленген тұлға. Барлығы да жемқорлықтан арылу жайындағы сөз. Бір кезде психологиясы бұзылған шенеуніктердің шетел аралап, жиған-терген жылтырағын еш қымсынбастан жұртқа жариялап жүретінін қатты сынағаны бар. Өз сөзіне салсақ, шенеуніктердің «бүлінген психологиясын» құр шектеу шараларымен өзгерте алмайтынын құзырлы органдар түсіну керек. Себебі олардың санасын сәнді өмір сүру түсінігі меңдеген.

«Әдемі курорттардағы отбасылық фотолары, қымбат брендті дүкендердегі саудасы, люкс санатты аксессуарлары, «Қызыл кітап» жануарларының терісінен тігілген киімдері және қымбат көліктері – бәрі де бір сәтте әлеуметтік желілерде жарияланып, жұрттың сын-пікірін туғызады» деген еді сонда.

Әсіресе жемқорлықсыз қоғам туралы сөйлегенде Сингапурдың мысалын келтіретіні және бар. Қол астындағы қызметкерлері үшін шенеуніктерге персоналды жауапкершілік енгізуді де сол Сингапур мысалынан алып енгізгені белгілі.

Сөйткен, Алик мырзаның өзі де Сингапурдағы ел назарын аударған дүбірлі тойдан бір-ақ шықты. Онда да сол тойға белгілі PR маманы Әлішер Елікбаев бармағанда білмейтін бе едік. Айнала түсірген видеода екі рет жылт еткен кадрда қадірлі қонақтардың ортасынан табылған.

Айтпақшы, құзырлы органдардың қақпанына түсе бермейтін федерациялар қызметін басқару біздегі саяси элитаның екінші қырына айналғалы қашан. Алик Шпекбаевтың да осындай қыры бар екенінен көпшілік хабарсыз болуы мүмкін. Бұл кісінің еліміздегі Құзға өрмелеу федерациясын басқарғаны бар (қанша уақыт екені беймәлім). Дегенмен ресми дереккөздерде осы қызметті атқарғаны жиі кездеседі. Ал 2017 жылы 31 шілдеде Альпинизм және спортты құзға өрмелеу федерациясының кезектен тыс конференциясындағы шешім бойынша жаңа президент болып Нұралы Әлиев таңдалған.

Кейін 2019 жылы Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының президенті атанды. Бұл да қызық жағдайда шыққан жаңалық. Су ресурстары комитетін басқарып, 60 млн теңге жымқырды деп сотты болған Ислам Әбішев 2019 жылы қазанда соты жүріп жатқанда осы Шпекбаевты куәгер ретінде шақыртпақ болғаны бар. Алайда сот ол өтінішін мақұлдамай қойған. Себебі оның сөзінше, Қазақ күресі федерациясын басқарып отырған жерінен арыз жаздырып алып, бір апта өткенде өзі федерация президенті болып отырып алған.

Ербол Тұрымбет