ШҚО мен Абай облысы қалай бөлінеді?
Шығыс Қазақстан облысында облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясы өтіп, онда Абай өңірін құру жоспары таныстырылды.
Жоспар бойынша құрылатын Абай облысы аумағы — 185,5 мың шаршы шақырым. Облыс халқының саны — 638 мың адам.
Абай өңіріне облыстық маңызы бар екі қала — Семей және Курчатов қалалары, сондай-ақ сегіз аудан: Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті және Ақсуат аудандары кіреді.
Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысы аумағы — 97,8 мың шаршы шақырым, ал халық саны — 717 мың адам.
Шығыс Қазақстан облысына Өскемен және Риддер қалалары, сондай-ақ тоғыз аудан кіреді: Алтай, Глубоковский, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Ұлан, Шемонаиха, Самара, Тарбағатай.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Семей аумағында Абай облысын құруды ұсынған болатын.