Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:20, 08 Наурыз 2024

Шіркін-ай, Шұға десе, Бейімбет десе...

Шұға
Фото: bilim-all.kz

Ұлт қалыптасып жатқанда оның барлық сипаттары қатар қалыптасып, қатар дамиды. Әдебиеті, өнері, мәдениеті, саясаты мен экономикасы да ұлтпен қатар өрбіп, бірге қанат жайып, кең өріс алады. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ дейтін халықтың жеке мемлекет ретінде қалыптасуға ұмтылысы алдымен осы ішкі сипаттарынан басталыпты. Ұлттық сезім ең алдымен жазушы, ақындардың бойында оянып, ұлттық әдебиетті жасау қамдары мемлекеттікті қалпына келтіруден бұрын басталып кетіпті.

«Қалың мал», «Бақытсыз Жамал» романдарының дәл сол кезеңде тек қазақ әдебиеті үшін емес, тұтас ұлт үшін жазылып, жарық көруі аса маңызды еді. 1914 жылы Ғалия медресесінің «Садақ» дейтін қабырға журналында жарық көрген бір шығарма автордың тырнақалды туындысы болып қана қоймай, тұтас әдебиетіміздің мінсіз жауһарына айналды. Ол шығарманың аты – «Шұғаның белгісі». Авторы – Бейімбет Майлин еді.

Жазушы Жұмабай Шаштайұлының бағамдауында, алдында үлгісі жоқ бұл шығарма кейіпкер тағдыры мен трагедиясынан бөлек, оқшау шеберлігімен де түгел әдебиет сүйер қауымды тәнті еткен болатын.

Татардың үлкен жазушысы, Биағаңның ұстазы Ғалымжан Ибрагимов «Садақтан» «Шұғаның белгісін» оқи сала, 20 жастағы шәкіртін ерекше ілтипатпен құттықтапты. Тіпті қайтара жаздырып, үлкен әдебиетке жол сілтеген. Содан бері – 110 жыл. Ал Майлиннің өзінің дүниеге келгеніне биыл 130 жыл толып отыр.

Бейімбет, шын есімі Бимағамбет Майлин 1894 жылы сол кездегі Торғай облысы, Қостанай уезі, Ақтөбе ауылында, Әйет өзенінің бойындағы Шаңқан деген жотада дүниеге келіпті. Жетпіс төртке жуық жасырын аты болған жазушының бір аты «Шаңқан» болатыны сондықтан екен.

Әйет – Ақтөбе ауылының етегінде ағып жатқан кішкене өзен. Тұрғындары көбіне өзге ұлт өкілдері болғандықтан ба, жерліктер ол өзенді «Аят» деп атайды екен.

Бейімбет Майлин қазіргі «Қостанай таңы», сол кездегі «Ауыл» газетінің негізін қалаған. 1924 жылы газеттің шыққанына бір жыл толғанына орай жазған мақаласында (сол кездегі редакторы М. Бейсенұлы): «Ұзақ күнге дамыл жоқ, оның күлкіден тыс, жатса-тұрса ойлайтыны «Ауыл». Ертеңгі сағат алтыдан тұрып, басқармадан түртініп отырғаны. Жалғыз Бейімбет газет ісінің бәрін атқарады һәм үлгереді» деп еске алады. Осы газеттің бетінде «Раушан-коммунисті» жарық көреді. 1934-1937 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып, Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалағандардың бірі болады.

Қазақ әңгімесі туралы сөз қозғала қалса, алдымен Бейімбет Майлиннің есімі ауызға түседі. Дүние тірлігіндегі қақ-соқпен ісі жоқ, жазу жазып отырғанда бір қолымен шашын ширатып отыратын, айналасында болып жатқан жәйттерге назар салмайтын қаламгер келбеті көз алдыңда көлбеңдейді. Биағаң туралы қай естелікті оқысаңыз да осы мінезіне үнемі жолығасыз. Сірә, жазу дегенің мына әлемнен бөлініп кете алмайтын, сонысымен қоймай таңғажайып әсер беретін басқа бір жаратылыс болар...

«Әңгіме – шеберлік мектебі» депті Федин. «Аз сөзге көп мағына сыйдыру – нағыз талант» дейді Чехов. Биғаң-Бейімбет Майлинге, оның шығармашылығына осы уақытқа дейін баға берген сыншылар мен әдебиеттанушылардың бәрі оның осы талаптарға сай талант екенін айтып бақты. Әңгіме жанр өсіріп, әдебиетімізде үлкен бір мектеп қалыптастырып, реализмнің мөлдір, таза болмысын сақтады.

Б. Майлин алғаш рет ауыл молдасынан сауат ашып, хат таныған. Содан кейін есігінде жүрген бай үйінде Әбдірахман Сатыбалдин деген татар молдасынан дәріс алады. Одан әрі іргелес көрші ауылдағы басқа бір Әбдірахман Арғынбаев деген кісінің медресесіне түсіп, екі жыл 1910-1912 жылдар аралығында оқыған. «Шұғаның белгісіндегі» кейіпкердің Әбдірахман атануы тегін емес екен. Жазушы кейіпкерді өмірден алады. Бәрі оның айналасындағы болып жатқан оқиға. Тура сол уақыттардағы бай мен кедей тартысы да әңгімеде көрінеді. Бірақ оның бәрі Шұға мен Әбдірахманның махаббат көлеңкесінде қалып қойған.

Есімбек деген байдың Шұға деген қызы он алтыға келгенше ешкімге назар да салмайды. Әкесі де оны ешкімге аттастырмаған. Небір бай да, бағлан да келіп құда түскен. Бірақ сол ауылдағы оқыған, бірақ кедейдің баласы Әбдірахманды көргенде-ақ Шұға ұнатады. Оны жазушы түңліктің ар жағынан сығылап қарағанынан сездіреді. Екеуі бір-бірін ұнатып, ғашықтық хат жазысады. Бірақ Есімбек қызын Әбдірахманға бергісі келмейді. Сол ауылдағы Айнабай деген «бірді-бірге соғып» жүретін қу өз қызы Күлзипаны Әбдірахманға бергісі келеді. Шұға мен Әбдірахман жарасқанын естіген соң, араларын суытпақ болып, қыз әкесі Есімбекке жамандап барады. Содан Әбдірахманды қудалау басталады. Ақыры Әбдірахманды айдатып, Шұға ғашықтықтан құса болып, қайтыс болады.

«Шұғаның белгісі» көлемі тұрғысынан шап-шағын болғанымен, қазақ арасына білім сәулесі түскен уақыттағы ел ішіндегі ала-құла көріністерді тұтас қамтыған шығарма болды. Бұл тек екі жастың махаббат трагедиясынан туған дүние деп қарауға болмайтын шығар. «Заманды адам арқылы таныту» деп отырған Әбіш сөзін ойға алсақ, тура сол өлшемге тура келеді.

Майлин шеберлігі туралы Әбіш Кекілбайұлы: «Басқасын былай қойғанда, оның реалистік прозада ұлы Толстой эстетикасы мен ұлы Чехов поэтикасынан кейін біржола қалыптасқан заманды адам арқылы, адамды мінез арқылы, мінезді іс-әрекет арқылы танытып, жан-жақты ашып көрсете білуді мұрат санайтын қағиданы бірден терең түсініп, бірден берік тұтынғанына қайран қалмасқа болмайды. Бұл – біздің ол кездегі балаң проза түгілі ежелгі дәстүрлері бар кәнігі ұлттық прозалардың өзі кейіндеп, ұстанып келе жатқан кемел биік» деп, аса жоғары баға береді.

Әрине, біз ғасырдан аса уақыт өткенде ол көріністі, психологияны толық түсіне қоймаспыз. Бір заманда қазақ осындай болған деп шоши, тәкаппар қалыпта қарайтынымыз да бар. Бірақ бұл сол уақыт үшін қалыпты жағдай болатын. Спандияр Көбеев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров романдары да осы сарындас.

Бұл шығарма ең алдымен қазақ даласына жаңалықтың келе жатқанын сездірді. Оқыған, дүниеге де, тұрмысқа да, дәстүрге де басқа көзбен қарайтын ұрпақтың бұлқынысы. Және кез келген өзгерістердің қымбат құрбандықтармен келетінін де ұмыттырмайды.

Шұға – ескіліктің құрбаны. Әбдірахман – жаңалықтың басы. Қандай қайшылықтың кезеңінде де, құрбан болатын жастар. Өйткені олар өзгерісті қалайды.

Бірде Линкольн жазушы Гарриет Бичер-Стоумен кездескенде: «Сіз шағын кітабы үлкен соғыс отын жаққан сол кішкентай әйел екенсіз ғой» депті. Сол айтқандай, өзінің момын, биязы қалпымен, шағын, жұмыр шығармасымен өзінен кейінгі толқындарға озық үлгі көрсетіп, ескірмес шығарма қалдырған Майлин шығармашылығы қаншама таланттың шырағын жақты.

Тұздық:

...Күн бата ауылдан шықтық. Біздің де жеккеніміз пар ат. Делбені өзім ұстадым. Жол Есімбектің ауылының үстінен баса жүреді. Қатты шыққан қарқынымызбен келіп қалдық. Әбдірахманның екі көзі алдында. Алдымызда жүз саржын шамасында Есімбектің үйі тұр, бірақ Шұға көрінбейді. Шіркін-ай, сүйіспендік те қиын ғой.

Жаңа жеккен ат басымен алысады. Енді кішкене жүрсек, өтіп те кетеміз. Бірақ өткіміз келмейді. Аттың басын тежей берем. Кім біледі, бұдан кетсе, Әбдірахман Шұғаны мәңгі көре алмас, яки көрсе де біраз уақыт сағынуға тура келер деген ой елестейді. Бірімізге-біріміз сөйлеспесек те біріміздің ойлағанымызды екіншіміз біліп келеміз... Бұрын түнде барғанда маңынан жүргізбейтін Есімбектің аю төбеттері үріп, алдымыздан шықты.Есіктің алдында бірталай адам жағалай отыр, көздері бізде. Әңгімені соғып отыр. Кім біледі, әлде бізді мазақ қылып отыр ма?! Басына кимешек киген Шұғаның үлкен жеңгесі қараша үйдің белдеуіне ботаны байлап, түйе сауып отыр.Үлкен үй мен отаудың арасында бәйбіше теңселіп жүр. Бәрі де маған қуанышты секілді көрінді. Біздің кетіп бара жатқанымызға таңырқаған ешкім жоқ секілді, ұсталып, айдалатынын әлдеқашан бәрі де біліп қойған тәрізді. Бәрі де күліп жүр, бәрі де босып жүр...

Бірақ Шұға жоқ...

Әбдірахман кенет:

Айда! –деді.

Ат тоқтауға айналған екен. Делбені жиыңқырап ұстап, айдай бергенімде ауылдың сырт жағындағы құдықтан келе жатқан екі әйел көрінді. Біреуі Шұға! Апырым-ау, жаман қуандым. Көзімнен жас шығып кетті. Қатарласып келгенімізде бізді танып, екеуі де сұстиып тұра қалды. Зәйкүлдің иығында шелек, Шұға жанында бос еріп келе жатыр екен. Әбдірахман арбадан қарғып түсіп жүгірді. Құшақтар, сүйер деп едім, әйтпеді, жұрттың бәрі самсап қарап тұрған соң ибалық қылды білем...бекер ұялды, кұшақтау керек еді, сүю керек еді!

Апырым-ай! Қайда барасыңдар, деді Шұға.

Болысқа айдап барады, деді Әбдірахман.

Шұғаның көзінен жас мөлдіреп қоя берді. Арбаның үстіндегі мен де еріксіз жыладым. Зәйкүл шіркін қорқақтау еді, жалтаң-жалтаң қарады да:

Ойбай, тентекжан-ау, жүр, ауылдың адамдары жүгіріп келеді, деп шелегін жерден көтеріп-ақ алды.

Айрылмай амал жоқ екенін екеуі де сезеді. Бірінің көзіне бірі қарап қатты да қалды... Арт жағымызда айқай-ұйқай, боқтау, жүгірген адамның аяғының дыбысы. Алдымызда біраз жер барып тоқтап, бізді күтіп, стражник ойбай салып жатыр.

Әбдірахман!

Қош! деді.

Теңселіп келіп арбаға мінді. Көзінің жасы мөлдіреп ағып, бетін жуып кетті. Біз атты айдай бергенде карлыққан дауыспен:

Қош, қалқам, қалқам!.. деді Шұға.

Кемсеңдеп жылап отыра кетті.

«Шұғаның белгісінен» үзінді

***

Былай қарап тұрсаңыз, сюжеттік тұрғыдан ешқандай жаңалық жоқ. Кәдімгі ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасына ортақ желі деп қана түсінуге болар еді. Бірақ біз айтып кеткен тілдік, формалық, стильдік ерекшелік бұл шығарманы қазақ әдебиетінің классикасының бастауларына шығарып тұр.

«Шұғаның белгісіндегі» сезім қайталанбайды. Оған автордың өзі де ынтық. Өзі де ғашық. Сонымен қоймай, оқырманын да елітіп әкетеді. Бұл тұрғыдан қараған кезде Қасымжан керемет шебер әңгімеші болып тұр. Бұл повестегі ең жақсы ашылған образдардың бірі – Қасымжан образы. Ол қазақы әңгіменің шебері. Әңгімешіл, жанашыр адам. Оның тазалығын Әбдірахманға болысып, көмектесіп жүргенінен білеміз. Ал Шұғаның белгісінен өтіп бара жатып, қалай әңгімені бастайды. Қалай аяқтайды.

Трагедия болса да, оған трагедиядан алатын әсермен қарай алмайсың. Шұғаның өлімінің қайғысын махаббаты бүркеп кеткен. Оқып отырып, жүрегің лүпілдеп, бірге қайғырып, бірге қуанып отырасың. Тілекші де боласың. Ал соңында Шұға қайтыпты деген хабар шығады. Қап дейсің. Бірақ жаңағы ғашықтық әсер бойыңнан тарқай қоймаған. Әбдірахман да өкініште, біз де өкініште қалдық.

Қазақ әңгімешілдік дәстүр негізінде жазылған осынау шығарма туралы Зейнолла Қабдолов: «Майлиннің прозадағы шеберлігі тура алғашқы адымынан («Шұғаның белгісінен») басталады. Мұндай да ғажап болады екен... Шеберлік тұрғысынан пайымдағанда күні бүгінге дейін қазақ повесінің үлгісі болып отыр. Ғажайып емей немене?» деді. Иә, ғажап әңгіме. Екі жастың арасындағы мәңгі махаббат. Форма тұрғысынан да жаңалық болды. Жол қысқартып, әңгіме айтатын Жиреншелердің үлгісі бар. Екінші жағынан тек әдебиетшілер емес, тілші-ғалымдар да бұл шығарманың жазу тіліне баса назар аударды.

«Әттең бітіп қалғанын!.. Бір сағат оқыдық па, жоқ па? Қалай тез бітті? Амал жоқ, кітап бетін жабамыз. Бірақ қым-қиғаш әсерлер айығар емес. Көңілде құйын ұйытқып жүр. Арман ба, өкініш пе, әйтеуір бір мұң, бір сыр... Бірақ осы кірбіңнің өзі біртүрлі жайлы, рақат. Тіпті осы халден арылғымыз келмейді. Татаусыз төгілген тіл қандай әсем! Көлдей шалқыған сыр, жалындай шарпыған сезім қандай ғажап!» дейді тағы да Зейнолла Қабдолов.

Профессор Нұргелді Уәли көркем мәтіндегі тіл­дік шеберлік оқудағы автоматизмді бұзуда депті. Оқырман санасына сал­мақ салмау, автоматизмді ара-тұра бұзып, оқыр­манның әсерленуіне, не ойлану, пайымдауына мүмкіндік беріп, өткен шақ пен осы шақты кезек-кезек алмастырып отырады.

«Шұғаның белгісін» оқып отырғанда сіз бөтен сезімді араластырмайсыз. Тек Әбдірахман мен Шұғаның арасындағы шынайы махаббаттан көз жазғыңыз келмейді. Әңгімені айтып отырған Қасымжан екенін де ұмытасыз. Екі жастың махаббатына кедергі болған Айнабайға да, Есімбекке де назар аудармаймыз. Тек шынайы сезім. Тіпті Қасымжан мен Зәйгүлдің арасындағы сезімге де тілекші болып кеткендей әсерде отырасыз. Бұның бәрі шығарманың баяндау стиліндегі ерекшелік болса керек. Ондағы жұп-жұмыр компазиция да, шашауы шықпаған әсерлі әңгіме де сізді сезім бағытынан адастырмайды. Әбдірахманның айдауға кетіп бара жатқанында ауыл маңында сықылықтап күліп, күбірлеп отырғандардың бейнесі де оқырманның ішкі дүниесін дәл Әбдірахмандай қобалжытады.

«Шұғаның белгісінің» тіліне назар аударған тілші-ғалым Құралай Күдеринова. «Мұнда XX ғасыр басындағы қазақтың ауызша әңгіме айту дәстүрі бар екен, қаймағы бұзылмаған қазақтың ауызша әдеби сөйлеу тілі бар екен. Бүгінгі шаршысөз стилінің де, көркемсөз, іскери, ғылыми сөз сияқты барлық функционалды стилдердің жүгін бір өзі арқалаған ауызша әдеби сөз бар екен. Сол тілдің айна-қатесіз, бұлжымай қағазға басылуы бар екен. Жазба тілге айналған ауызша тіл бар екен, мұнда» деп ағынан жарылады.

Академик Р.Сыздық «Ауызша дамыған әдеби тіл» атты 2014 жылғы монографиясында қазақта ауызша әңгіме айту жанры болғанын алғаш айтып, ауызша әдеби тілдің классикалық үлгісі деуге болады деп дәл осы «Шұғаның белгісін» көрсетіпті.

Бейімбет Майлиннің шығармашылығы туралы сөз болғанда алдымен ауызға түсетін Шұғаның бейнесі жасалғалы да жүз он жыл уақыт өтті. Шұға қартаймады. «Шұғаның белгісі» ескірген жоқ. Қайталап оқыған сайын әсері кемімейтін шығармаларды ғана классикалардың қатарына жатқызуға болады дейтін сөз болушы еді. Сол рас шығар. «Бәріміз Гогольдің «Шинелінен» шықтық» дейтін Достоевскийдің сөзі болушы еді. Біздің жазушылардың бәрі Биағаңның Шұғасынан тарады. Ондағы реализм, нәзіктік, махаббат, шеберлік бәрі кейінгі қаншама қазақ жазушысына үлгі болды.

Жазушының жары Күлжамал апамыз:

«...Үй шаруасымен жүріп, ұзақ күннің қалай өткенін білмей қаламын. Маужырап кеш келеді. Бала, келін, немерелерім ұйқыға кетеді. Жайлап барып шкафты ашамын. Бейімбет, Бейімбетім жазып кеткен көп кітаптың бірін аламын да, түн ортасы ауып кеткенше күбірлеп оқып жатамын...

...Күліп алатын да, жылап алатын да кездерім болады» дейді естелігінде. Сол сияқты біз де кітап сөресіне қол созып, Бейімбеттің кітабын аламыз. Біздің де күліп, жылап алатын сәттеріміз аз болмайды.

Бағашар Тұрсынбайұлы

Тегтер: