Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:32

Шучинскідегі өрттен зардап шеккен төрт адамның жағдайы туралы дәрігерлер мәлімдеді

дәрігер
Фото: Jas Alash

Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде болған жарылыс кезінде зардап шеккендерге Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімінде медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Қазіргі уақытта анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде төрт науқас тәулік бойы ем қабылдауда. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағалануда. Ал бір науқас денесінің 85 пайызын күйік шалып, аса ауыр жағдайда жатыр. Күйік аумағының үлкендігіне байланысты оның жағдайы өте күрделі.

— Науқасқа өкпені жасанды желдету аппараты қосылған. Барлық зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, күн сайын штаттан тыс бас мамандардың қатысуымен консилиумдар өткізіледі. Мамандар эфферентті терапия әдістерін де қолдануда. Күн сайын Астанадағы Шұғыл медицина орталығына есеп беріліп отыр. Бұл жағдай Ақмола облысы әкімдігі мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында, — деп хабарлады облыстық көпсалалы аурухана өкілдері.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, «Авиценна Бурабай» ЖШС ауруханасында ем алып жатқан тағы төрт ауыр науқастың жағдайы өзгеріссіз.

Еске сала кетейік, Щучинскідегі кафеде газ жарылуы салдарынан жеті адам қаза тапқан болатын. Бұған дейін алты зардап шегушіні Көкшетау ауруханасына ауыстыру жоспарланғаны хабарланған еді. Кейін дәрігерлер олардың жағдайы туралы ақпарат берген.

Газ жарылысынан кейін туындаған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.