Щучинсктегі жарылысқа кінәлілер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Щучинск қаласындағы Центр плова дәмханасында болған жарылыс пен өртке байланысты кінәлі тұлғаларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Төтенше жағдай салдарынан өрт шыққан ғимараттан 10 адам құтқарылды. Жалпы 28 адам зардап шеккен. Оның ішінде 13 адам ауруханаға жатқызылды, сегіз адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген. Өкінішке қарай, жеті адам қаза тапты.
Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендердің басым бөлігінде әртүрлі деңгейдегі күйік жарақаттары бар. Күйіктің аумағы мен тереңдігі әртүрлі. Қазіргі уақытта олардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Қайғылы оқиға 26 ақпан күні кешкі уақытта болған. Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан сегіз газ баллонын алып шыққан. Жарылыс сәті бейнежазбаға түсіп қалған.
Қазір оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Құзырлы органдар өрттің шығу себептері мен қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейін анықтап жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер заң аясында жауапқа тартылмақ.