Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:21, 10 Ақпан 2023

Шуға әкім құтаймайтын болды

None
None

Біздің Шуға келген әкімдердің соңғы кездері бәйгенің кертөбеліндей құйрықтары шошайып, тез ауысатын болды.

Келген әкімдердің жыл өткен сайын ауысу жылдамдықтары үдей түсуде;

Қожахан Жабағиев       2010-2012

Ілияс Тортаев                2012-2013

Бақытжан Нұркенов     2013-2015

Рүстем Дәулет               2015-2017

Қайрат Досаев               2017-2019

Жарылқасын Айтақов  2019-2020

Нұржан Календеров     2020-2022

Сәкен Арубаев              2022-2023 қаңтар

Бірі келіп, бірі кеткенінен ығыр болған жұрт: «Біздің Шуға әкім құтаймайтын болды», өтінішіңді айтуға барсаң, «құп болады, қатырамыз» деп арқадан қағып, шығарып салады. «Иә, жүзі жылы бала екен, уәде берді ғой» деп малданып жүргеніңде, орнына келген жаңа әкім: «Ассалаумағалейкум, сізбен  танысқаныма қуаныштымын, шешілмейтін проблема жоқ, шеше алмайтындар болады» деп мұнысы да «қатырамызды» айтып, шығарып салады. Әкімдер ауысқан сайын Шудың шайыр ақындарының да жақтары талмастан «Жарылқасын келді жарылқайтын болды, Нұрлан келді нұрландыратын болды, Сәкен келді сәніміз кіретін болды» деп, рубайлар арнап, елді үміттендіріп, жаңа түскен келіншектің бетін ашып бата бергендей боп әлек. Жергілікті шенеуніктер, ақсақал, көксақал ардагерлер келген әкімдердің шашбауын көтеріп, үлкенді-кішілі жиындарда бірінен-бірі асып түсіп: «Бұл әкім бұрын екі ауданды, үш ауданды басқарған, қысқасы, «керемет» деп мақтағанда шынымен ойланып қалады екенсің. Шіркін-ай, дейсің ғой баяғы сөзбен ісі қабысып жатса ырзалықтан басқа не айтасың.

Жаңа келген әкімдердің есебіне сенсек, Шу жерінің жұмаққа айналатынына аз ғана уақыт қалыпты. Шу халқының саны соңғы санақта 115 мыңға жуықтаған. Шуда мемлекет меншігіндегі санатта тұрса да жекеге сатылмаған нәрсе  қалмады. Құдайдың халыққа берген ризығы – көлі, арық атызы, суындағы балығына шейін жекеге кетті. Қызығын келіп-кеткен әкімдер көріп жатыр ма, жоқ мемлекет қоржынына құйылып жатыр ма, бізге бұлыңғыр. Әйтеуір «халық қамы үшін жетпей жатыр» дегенді естиміз. Жақында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысын талқылау жиынында «Шу ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджет кірісі орындалмаған жалғыз аудан болып отыр екен. Нәтижесінде 412 миллион игерілмей қалған» деген ақпарат айтылды. Басқа жақты қайдам біздің Шуда қысқарту мен жекеге сату жылдам орындалады.

Іргетасы кеңес заманында қаланған ауданымызда бетке ұстар «Шу өңірі» газетінің редакциясы орналасқан екі қабатты ғимарат жекеге сатылды. Әжептеуір нәпақа тауып, жергілікті тұрғындардың тапсырыс, сұраныстарын орындап жүрген қарапайым жұмысшылардың орны, газет қызметкерлерінің жалақысы қысқарды. Себебі облыс көлемінде ауқымды табысы бар ауданның бюджетінде қазіргі замандық жаңа технологиямен  газет шығаратын аппарат алуға ақша жетпей қалған. Яки, соңғы әкім Нұржан Календеровтың көрегенділік саясатымен көрші Қордайдан газетті бастырып алған тиімді болған. «Өзінікін өшіріп, өзгенің қазанын қайнатқан» деген осындайда айтылса керек. Жергілікті ақпарат құралдарынан өндіріс орнын ашып, халық игілігіне жұмсалатын қажетті жұмыс орнының көбеюі емес, монша, мейрамхана, тойханалардың ашылу салтанатында лента қиып, беташар бата беріп, бірінің өтірігін бірі жауып жүрген әкімдерден не пайда?

Шу ауданының орталығы Төле би аулының кіреберісіндегі айрық жолға бір кездері көп әкімдердің бірі тарихта өткен   бабалар ізін жаңғыртып «Ұлы жібек жолының» бойы деп әжептеуір қаржыға төрт түліктің басы боп саналатын ойсылқаралардың тастан жасалған мүсінін орнатты. Өткен ғасырлардың куәсіндей болған ескерткіш бейне аулымызға сән болмаса да белгі ретінде көзіміз үйреніп қалған еді. Кезектесіп ауысқан әкімнің біреуі тізбектелген түйенің басын шығысқа қарай бұрды. Келесісі  Шу өзенінің жағасына апарды. Үшіншісі бәрін шоғырландырып жинатып тастады.

«Бізде жоқ емес болған, бәрі болған. Қант зауыты, май зауыты, авиация саласына және ауыл шаруашылығына қажетті құрылыс материалдарын шығаратын бетон зауыты, сүт өнімдерін өңдейтін зауыт, осылардың бәрі өндіріс орны еді. Қаншама жұмыс орны болған еді. Солардың қазір жұрнағы да қалмады. Аудан жұртшылығының сұранысымен қант қызылшасын өңдейтін зауыт соғу – 2017 жылдан бері қозғалып келеді. Рүстем Дәулет әкім болып келгенде осы мәселені үнемі  қозғадым. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жұмыс орны тұрақтылықтың – кепілі» деуінің мәнісі, жұмыс орны болған соң әлеуметтік ахуал да көтерілетіні мәлім. Оның үстіне, аудан жұртшылығында қызылша өсіруге деген құлшыныс та тәжірибе де бар. Суармалы жерлер жетерлік. Сапырылысқан әкімдердің келген ізін де, кеткен ізін де байқамай қалатын болдық.

Енді мына соңғы әкім Сәкен Арубаевты жыл толмастан сенатқа шығарып салдық. Өшіреті келген жаңа әкім Бақытжан Жәнібеков тура қамал бұзар қырықтың қырқасына шыққан азамат екен. Әйтеуір ілгері ниетпен жақсыға жоритын халықпыз ғой. Аты Бақытжан екен Шу халқына бақыт әкелетін шығар деп отырмыз. Оның үстіне ауданымыздың ахуалын жақсы білетін сенатор Сәкен Арубаев та жоғары жақтан дүмпу жасап, демеу болатын шығар. Француздарда кеңінен тараған саяси тәмсіл бар. «Ақ мысық не, қара мысық не тышқан ұстаса болды». Әйтеуір «үмітсіз-шайтан» демекші үміттеніп отырмыз деген пікір білдірді Шу аудандық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Ерболат Досымбаев. Келесі жылы аудан әкімдерін халық сайлайды деген қауесет рас болатын болса, бір жылдан соң Бақытжан да басын алып қашады-ау деген ой – Шудың бұқара халқын мазалап тұр.

Тегтер: