Шухрат Ибрагимов Бельгиядағы мүліктің жалғыз иесіне айналды

Eurasian Resources Group компаниясының құрылтайшысы Алиджан Ибрагимовтың ұлы — Шухрат Ибрагимов енді Бельгиядағы отбасылық компанияның жалғыз иесі атанды.
"Выход к морю" телеграм арнасының жазуынша, бұған дейін ол DDSF Holding фирмасын ағасы Фурхат Ибрагимовпен бірге басқарып келген, алайда Фурхат биыл наурыз айында компаниядан шығып кеткен. Бұл жөніндегі мәліметтер Бельгияның коммерциялық тізілімінде жарияланды.
Бельгиядағы сәнді сарай
DDSF Holding-ке Бельгияның атақты Брен-л’Аллё муниципалитетіндегі, Ватерлоуға жақын маңдағы 3,2 гектарлық кешен тиесілі.
Бұл мүлікті Алиджан Ибрагимов 1997 жылы сатып алған, бірақ мәміленің нақты құны белгісіз. Сарапшылардың бағалауынша, дәл осындай деңгейдегі нысандар бүгінде кемінде 5 млн еуро (шамамен 3,2 млрд теңге) тұрады.
DDSF атауы — Алиджан Ибрагимовтың төрт ұлының есімінің алғашқы әріптерінен құралған: Достан, Даврон, Шухрат, Фурхат.
-
Фурхат Ибрагимов компаниядан биыл наурыз айында шыққанымен, бұл туралы ресми хабар шілде соңында ғана тіркелген.
-
Бұған дейін ол DDSF Managing атты тағы бір отбасылық компаниядағы орнын 2022 жылы, әкесінің қазасынан кейін босатқан болатын.
Осылайша, бүгінде Шухрат Ибрагимов Бельгиядағы негізгі отбасылық активтердің жалғыз иесі болып отыр.
Еуразиялық үштік және Бельгиядағы көршілер
Ибрагимовтар отбасы Бельгияға 1990-жылдардың соңында қоныстанған. Олар дәл осы аймақтағы тағы бір атақты кәсіпкер — Патох Шодиевтің отбасымен көрші тұрады. Шодиевтің зәулім сарайы Шухраттың меншігінен небәрі 20 минуттық жерде орналасқан.
Айта кетейік, 1997 жылы дәл осы жылы «еуразиялық үштік» — Алиджан Ибрагимов, Патох Шодиев және Александр Машкевич бельгиялық Tractebel компаниясынан Қазақстанның энергетика нарығына шығуға көмектескені үшін 55 миллион доллар алған. Кейін бұл мәміле жемқорлық пен ақша жымқыру ісіне айналып, Бельгия прокуратурасы оны 15 жыл бойы тергеген.
Нәтижесінде, үш кәсіпкер Бельгия билігіне 23 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеп, істі жапқан.
ERG төңірегіндегі даулар
Eurasian Resources Group (ERG) — Қазақстан үкіметі үлесі бар ең ірі тау-кен корпорацияларының бірі. Компания мен оның басшылары соңғы жиырма жылда бірнеше халықаралық тергеулерге іліккен:
-
Ұлыбританияда Конго Демократиялық Республикасындағы келісімшарттар бойынша жемқорлық және алаяқтық күдігімен іс қозғалған (айыптар дәлелсіз деп танылды).
-
Гватемалада ERG өкілдері жергілікті билікке пара берді деген айып тағылған (іс тоқтатылған).
Осы істердің бәрінде «еуразиялық үштік» біртұтас позиция ұстап, өз істерін қорғап келген.
Алайда Алиджан Ибрагимов қайтыс болғаннан кейін мұрагерлер арасындағы қарым-қатынас күрделене түсті. Монакода тұратын Шухрат Ибрагимов соңғы бір жылда Патох Шодиевтің отбасымен Еуразиялық қаржы компаниясына (Қазақстандағы ірі банктердің бірі) қатысты ашық дау жүргізіп келеді. Бұл қақтығысқа жақында Шодиевтің қызы Муниса Шодиева да араласқан.
Сонымен бірге Шухрат отбасылық активтерді де қайта бөлуде:
-
Францияда, Ницца маңындағы отбасылық вилланы сатылымға шығарған.
-
Мұның бір себебі — оның серіктесі, шешен бизнесмен Муса Бажаевтың активтерінің Еуроодақ санкциясымен бұғатталуы болуы мүмкін.