Швейцария Ислам Каримов қызының 182 миллион доллар мүлкін Өзбекстанға қайтарады
![Гүлнәра Каримова](/static/img/image.jpg)
Өзбекстан мен Швейцария Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнәра Каримоваға тиесілі 182 миллион долларды қайтаруға келісті.
Швейцария мен Өзбекстан Ислам Каримовтың қызы Гүлнәра Каримованың 182 миллион долларлық активтерін қайтаруға келісті. Бұл туралы бейсенбі, 6 ақпан күні Өзбекстанның Әділет министрлігі өзінің Telegram-каналында хабарлады.
Құжатқа Өзбекстанның Әділет министрі Акбар Тошқұлов пен Швейцарияның елшісі Константин Оболенский қол қойды.
Әділет министрлігінің мәлімдемесінде қайтарылуға тиіс қаражатты «жекелеген Өзбекстан азаматтары заңсыз жолмен алған және 2012 жылы Швейцария Бас прокуратурасы Гүлнәра Каримоваға қарсы қозғалған қылмыстық іс аясында толығымен тәркілеген» делінген. Енді олар «Uzbekistan Vision 2030» көпжақты траст қоры арқылы елге аударылатын болады.
Ислам Каримовтың қызы түрмеде жазасын өтеп жатыр
2020 жылы Швейцария Гүлнәра Каримованың ақшасының бір бөлігін Өзбекстанға қайтарып қойған. Ол кезде Ташкент 131 миллион доллар алды. Швейцария прокуратурасы тыйым салған Каримованың активтерінің көлемі сол кезде шамамен 800 миллион швейцар франкіне (2025 жылдың ақпан айының валюта бағамы бойынша шамамен 850 миллион еуро) бағаланған болатын.
Өзбекстанның Gazeta.uz газеті Каримованың "және ол басқаратын қылмыстық топтың" елден тысқары активтерінің жалпы сомасы шамамен 1,4 миллиард долларға бағаланғанын жазды. Өзбекстанның марқұм президентінің қызы ақша жымқырды және бопсалады, мемлекет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген айыппен жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеп жатыр.