Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:51

Швейцария келісім бойынша «Қазақмыс» корпорациясынан жүздеген мың тонна мыс алады

Қазақмыс
Фото: ашық дереккөз

Швейцариялық Mercuria Energy Group Ltd. бизнесмен Нұрлан Артықбаевқа Қазақстандағы ірі тау-металл корпорациясы – «Қазақмыс» компаниясын сатып алу үшін 1,2 млрд доллар бөлген.

 Бұл туралы Bloomberg агенттігі  хабарлады.

Артықбаевтің корпорацияны сатып алатыны 2025 жылдың соңында белгілі болды. Келісім Qazaq Acquisition Corp. компаниясы арқылы жасалған, бірақ мәміленің нақты құны жарияланбаған.

Mercuria компаниясы металдар секторында өз тарихындағы ең ірі мәміле жасады. Кредиттік қаражат сегіз жылға берілді. Келісімнің шарттары бойынша, алғашқы төрт жыл ішінде трейдер жыл сайын 200 мың тонна мыс катодын, ал кейін өндірістен үлес алады.

Mercuria-ның металдар бөлімі жетекшісі Костас Бинтас бұл мәмілені «өз мансабындағы ең ірі» деп атады. Оның сөзінше, Mercuria бұрын Glencore мен Trafigura компаниялары үстемдік еткен мыс нарығындағы позициясын сенімді түрде күшейтуде.

«Бұл біздің мыс бизнесін дамыту стратегиямызға деген сенімнің нәтижесі. Металл бағасы рекордты деңгейге жетті, ал біз өндірушілерге ұзақ мерзімді қолдау көрсетуге сұраныс барын көріп отырмыз», - деді Бинтас.

Mercuria Energy Group — швейцариялық жеке компания, негізгі қызметі шикізат пен отын саудасына бағытталған. Штаб-пәтері Женевада орналасқан және әлемдегі ең ірі тәуелсіз трейдерлердің бірі болып саналады. Компания мұнай, мұнай өнімдері, газ, электр энергиясы, көмір, биомай, металл, ауыл шаруашылығы өнімдері және тағы басқа нарықтарда жұмыс істейді. 2022 жылы Mercuria компаниясының табысы 170 миллиард доллардан асқан.

Еске сала кетейік, Forbes журналы Артықбаевтің байлығын 228 млн доллар деп бағалаған. 2025 жылы ол «Ақтөбе» футбол клубын сатып алды.