Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:02, 05 Қаңтар 2026

Швейцария курортындағы өрт: тағы 16 адамның жеке басы анықталды

Швейцария өрт
Фото: AP

Швейцарияның Кран-Монтана тау-шаңғы курортында болған өртке байланысты Вале кантоны полициясы тағы 16 адамның жеке басын анықтады.

 Осылайша, қаза тапқандардың анықталған саны 24-ке жетті. Өрт салдарынан шамамен 40 адам қаза тауып, 119 адам жарақат алған.

Полицияның 4 қаңтарда хабарлауынша, жаңа анықталғандардың қатарында 10 швейцариялық, 2 италиялық, 1 румын, 1 француз, 1 түрік азаматы бар. Тағы бір адамның Италия азаматтығы және Біріккен Араб Әмірліктері резиденті мәртебесі болған.

Қаза тапқандардың ең кішісі – 14 жастағы швейцариялық қыз. Сондай-ақ 15 жастағы екі швейцариялық қыз бар. Құрбандардың он адамы 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бұдан бөлек, 24 және 22 жастағы екі швейцариялық әйел, 21 және 18 жастағы екі швейцариялық ер адам, 20 және 31 жастағы екі швейцариялық ер адам, сондай-ақ 39 жастағы француз азаматының жеке басы анықталғанын Reuters агенттігі хабарлады.

Қаза тапқандар мен жараланғандарды сәйкестендіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Құтқару жұмыстары және медициналық жағдай

Өрт Le Constellation атты танымал бардың жертөле бөлігінде Жаңа жыл түні шыққан және қысқа уақытта кең тараған. Жараланғандарды эвакуациялау үшін 10 тікұшақ пен 40 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. Құтқару операциясына 150-ге жуық дәрігер мен төтенше қызмет өкілдері қатысты. Вале кантонындағы ең жақын аурухананың реанимация бөлімі толып кеткен, жарақат алғандардың басым бөлігі ауыр күйік жарақаттарын алған.

Швейцария президенті Ги Пармелен X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде:

«Қуанышқа толы сәт болуы тиіс еді, алайда Кран-Монтанада бұл оқиға бүкіл елді және шетелдегі адамдарды да дүр сілкіндірген қасіретке айналды. Федералдық кеңес қаза тапқандардың, жараланғандардың және олардың отбасыларының қайғысына ортақтасып, терең көңіл айтады», - деп жазды.

Тергеу нұсқасы

Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес, өртке фейерверктерді абайсыз қолдану себеп болуы мүмкін. Вале кантонының бас прокуроры Беатрис Пиллуд 2 қаңтарда:

«Барлық белгілер өрттің үстел үстіне қойылған, шампан бөтелкелеріне орнатылған шағын фонтан-фейерверктерден басталғанын көрсетеді. Олар төбеге тым жақын орналасқан», – деді.

Оның айтуынша, фейерверктер төбе қаптамасын тұтатып, оттың тез таралуына әкелген.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Le Constellation бар иелері – француз ерлі-зайыптылар  полиция тарапынан жауапқа тартылған. Олар абайсыздық салдарынан адам өліміне себеп болды деген күдікпен тергеліп жатыр.