Швейцария Мадуро мен оның серіктестерінің барлық активтерін бұғаттады
Швейцария билігі Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жақын серіктестеріне тиесілі ел аумағындағы барлық активтерді бұғаттау туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы Reuters агенттігі Швейцарияның Федерал кеңесіне сілтеме жасап хабарлады.
Ресми мәлімдемеде Швейцария үкіметі қазіргі жағдайда заңсыз жолмен алынған кез келген активтің ел аумағынан шығарылмауын қамтамасыз етуге ниетті екені айтылған.
Қабылданған шара дереу күшіне енеді және төрт жыл бойы қолданылады. Бұл шешім Швейцарияның Венесуэлаға қатысты 2018 жылдан бері енгізіліп келе жатқан санкциялық режимін толықтырады.
Сонымен қатар Федерал кеңес активтердің бұғатталуы Венесуэланың қазіргі билік құрылымында қызмет атқарып отырған тұлғаларға тікелей әсер етпейтінін нақтылады. Швейцария тарапы заңсыз деп танылған кез келген қаражатты Венесуэла халқының игілігі үшін қайтаруға тырысытанын да мәлімдеді.
Үкімет түсіндіруінше, бұл шара алдын алу сипатында қабылданған және Мадуро мен оның айналасындағы тұлғаларға «шетелдік саяси маңызы бар адамдар» (politically exposed persons) ретінде қолданылып отыр.
Активтердің нақты көлемі жарияланған жоқ. Сондай-ақ Швейцария билігі Мадуро мен оның серіктестерінің ел аумағында қандай нақты активтері бар екені (егер бар болса) туралы сұрақтарға әзірге жауап бермеген.
Айта кетейік, Швейцария соңғы жылдары халықаралық санкциялық саясат аясында түрлі елдердің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты қаржылық шектеулерді жиі қолдана бастады. Бұл жолғы шешім Венесуэла төңірегіндегі геосаяси шиеленістің күшеюі жағдайында қабылданып отыр.