Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:31

Швейцарияда 40 адам қаза тапқан бардың иесі қамауға алынды

Швецария өрт құрбандарын еске алу
Фото: EPA

Швейцарияда Жаңа жыл түні болған өрт салдарынан 40 адам қаза тапқан бардың иесі ұсталды.

Бұл туралы ВВС хабарлады.

Швейцариялық басылымдардың мәліметінше, бардың иесі – Франция азаматы Жак Моретти құқық қорғау органдарының шешімімен қамауға алынған. Тергеу органдары оның елден қашып кетуі мүмкін деп қауіптенген.

Белгілі болғандай, соңғы бес жыл ішінде барда өрт қауіпсіздігі бойынша ешқандай тексеріс жүргізілмеген.

Швейцария прокуратурасы Жак Моретти мен оның жұбайы, бардың тең иесі Джессика Мореттиге қатысты қылмыстық іс қозғады. Вале кантонының прокуратурасы оларға абайсыздық салдарынан адам өлімі мен жарақатқа әкелу дерегі бойынша күдік келтіріп отыр.

"Прокуратура менеджерді соттың санкциясымен қамауда ұстау туралы шешім қабылдады, - деп хабарлады жұма күні Вале кантонының прокуратурасы.

Көп ұзамай швейцариялық 24 Heures газеті Жак Мореттидің шынымен де қамауға алынғанын растады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жұма күні Жак пен Джессика Моретти Вале кантонының астанасы Сьон қаласындағы прокуратураға өз еркімен келген. Алайда олар журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартқан.

Еске салсақ, Кран-Монтана тау шаңғысы курортында орналасқан Le Constellation барындағы өрт салдарынан 40 адам, оның ішінде көптеген кәмелетке толмағандар қаза тапты. Тағы 116 адам түрлі дәрежедегі күйік пен жарақат алған.

Тергеу деректеріне сәйкес, өрт бардың жертөле бөлігіндегі төбеге орнатылған дыбыс оқшаулағыш материалдан шыққан. Мерекелеп жатқан топ шампан бөтелкелеріне бекітілген бенгаль отшашуларын жоғары көтерген кезде тұтанып кеткен.

Жұма күні Швейцарияда Кран-Монтанадағы өрт құрбандарына арналған ұлттық аза тұту күні жарияланды. Таңертең ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланып, барлық шіркеулерде қоңыраулар соғылды. Пойыздар мен трамвайлар тоқтатылып, әуежайлардың жұмысы қысқа уақытқа тоқтады.