Швейцарияда Динара Құлыбаеваға қатысты тергеу жүріп жатыр

Швейцарияның Женева прокуратурасы Динара Құлыбаеваға қатысты қылмыстық тергеу жүргізіп жатқаны белгілі болды. OCCRP (Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы орталық) халықаралық зерттеу жобасы бұл іске байланысты жаңа деректерді жария етті. Тергеу аясында оның атына тіркелген элиталық жылжымайтын мүлікті сатып алу мәмілелеріндегі күмәнді қаржы көздері тексеріліп жатыр.
Швейцарияның қаржы нарығын қадағалау басқармасы (FINMA) REYL Intesa Sanpaolo банкін тексеру барысында Динара Құлыбаеваның есепшоттары арқылы өтетін ірі көлемдегі қаражатқа назар аударған. FINMA банк клиенттерінің қаражатының шығу тегін жеткілікті түрде тексермегенін және тәуекелге бейімділік танытқанын анықтады.
OCCRP журналистерінің қолына FINMA мен REYL арасындағы 2023 жылғы хат алмасулар түскен. Онда банк «ақшаны жылыстатуға қарсы күрес» ережелерін елемегені, сондай-ақ реттеушіге дер кезінде есеп бермегені көрсетілген. Тергеу нәтижесінде банк лицензиясынан айырылып, заңсыз табылған табыстары тәркіленуі мүмкін.
Құлыбаеваға деген қызығушылықтың ерекше себебі — оның есепшоттарымен Франсуа Рейл тікелей айналысқан. Ол банк басшысы болған және қазір директорлар кеңесінің мүшесі. Банк Құлыбаеваға Францияда жылжымайтын мүлік сатып алу үшін 25 миллион еуро көлемінде несие берген.
Швейцария прокурорлары қазір оның есепшоттарында сақталған 150 миллион швейцар франкінің шығу тегін зерттеп жатыр. Бұл қаржы элиталық үйлер мен XVII ғасырдағы сарайға жұмсалған болуы мүмкін.
Динара Құлыбаеваның мүддесін қорғап отырған заңгер Жан-Кристоф Октың айтуынша, оның клиенті барлық қаражаттың заңды екенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынған. Оның айтуынша, барлық ақша Halyk Bank-тен алынған дивидендтерден құралған.
2024 жылдың сәуірінде Құлыбаеваның есепшоттары уақытша бұғатталғанына қарамастан, бір айдан кейін швейцариялық прокурорлар жеке шығындарды өтеу үшін 650 мың франк (шамамен 760 мың доллар) көлеміндегі операцияны орындауға рұқсат берген.
Сонымен қатар, REYL банкі күдік тудырған кейбір клиенттерімен қарым-қатынасты үзгенін және ішкі комплаенс саясатын күшейткенін хабарлады. Алайда банк Құлыбаевамен байланысын үзген-үзбегені нақты айтылмайды.
Банк тек Құлыбаевамен ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің элиталарына, ресейлік және әзербайжандық саясаткерлерге, тіпті итальяндық мафиямен байланысы бар деген тұлғаларға да қызмет көрсеткен. Мұндай жағдайлар банктің беделіне және болашағына елеулі қауіп төндіріп отыр.
Қазіргі таңда Динара Құлыбаеваға қарсы нақты айып тағылған жоқ. Дегенмен тергеу жалғасып жатыр, ал REYL банкі өз қызметіндегі олқылықтар үшін қатаң жазалануы мүмкін.