Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 04 Қаңтар 2022

«Шыдамның да шегі бар»...

None
None

Қазақстанда жаңа жыл деген дүниенің қымбаттауымен басталады. Жаңа жылдан кейін сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты қаңтардың екісінен бастап Маңғыстау облысында халық наразылыққа шығып, толқыныс әлі басылмай тұр.

«Qazaq Oil» және «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі жанармай сату желілері Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасын түсіре қойды. «Сұйытылған газ сыртқы факторлардың әсерінен осы өңірде қымбаттап кетіпті», деп ақталады олар. Ол не деген бітпейтін «сыртқы факторлар» екен, Қазақстанға әсер ете беретін? Еуропада газдың бағасы мың текшесіне 1,5 мың долларға қымбаттаса, оған Қазақстанның қандай қатысы бар?

– Біз сұйытылған газды тек қана ішкі нарыққа арнап шығарамыз. Газдың өзіндік құны түк те өскен жоқ, өйткені қазақстандық жұмысшылардың жалақысы да өспеді. Есіңізде болса, сұйытылған газды өндірушілер әлгі газын қайда жіберерін білмей, шығынға батқалы тұрған шақта билік автокөлік иелерін жаппай сұйытылған газға көшіңдер деп үгіттеді. Газбен жүре бастаған жүргізушілер солай зауытты банкрот болудан құтқарып қалған болатын. Ал енді тұтынушылар әбден көбейген кезде зауытың қожайындары көбірек пайда алуды көксеп, халықты тағы тонай түспек болды. Газ бағасының күрт өскенінің шын себебі осы, бұл арадан ешқандай да «сыртқы факторларды» іздеудің қажеті жоқ, – деген пікір айтады журналист Ибраш Нүсіпбаев.

Ал сарапшы Қазбек Бейсебаевтың пайымдауынша, қазіргі биліктің іс-қимылына қарап, жоғары жақтағылардың елде не боп жатқанын әлі түсінбегенін аңғаруға болады.

-  «Еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып шешім табайық, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермейік, жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болайық» дегендей жалаң сөз күйіндегі құрғақ тапсырмалар шиеленіскен мәселелердің бірін де шеше алмайды. Енді наразылыққа шыққан халық экономикалық талаптармен қатар саяси талаптарын да қоя бастады. Әрине, билік тағы да баяғы күштік әдісіне салып, шеруге шыққандарды тарқатып жібере алады, бірақ ол да еш мәселені шешпейді. Өйткені Қазақстандағы қазіргі проблемалардың бәрі жылдар бойы қордаланып келді. Енді қолға алмасақ, әрі қарай шыдауға болмайтын жағдайға жеттік. Бұл әлі басы ғана, – дейді сарапшы.

Тегтер: