Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:11, 09 Ақпан 2023

Шығыстың шырағын жаққан тұлға

None
None

Бұл тақырыпқа қалам тербеймін деген ойым жоқ болатын. Оған жаңа жылға жаздырып алған қазақ тіліндегі газет-жорналдардың ахуалын көргендегі көңілім себеп болды.

Себебі, республикалық газеттердің таралымының өзі 4-5 мың данадан, жорналдары 1-2 мың данадан аспағанына қарап, қазақ руханиятының қадір-қасиетінің құлдырап бара жатқанына қапаландым. Сондай сәтте еріксізден көз алдыма қазақ руханияты дегенде, ішкен асын жерге қоятын рухы биік тұлғалар келді. Солардың бірі және бірегейі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев.

ҰЛЫ АБАЙҒА ТАҒЗЫМ

          2009 жылдың наурыз айында Бердібек Мәшбекұлы ШҚО-ға әкім болып тағайындалды. Қызметке кірісе сала алғашқы сапарын Абай ауданынан бастады. Кезінде өзіміз кеден саласын басқарған кезде ұстаз тұтып, етене жақын сыйласқаннан кейін ағамызды Жидебайдан тосып алдық. Жанында еріп жүрген аудан әкіміне біздерді «кедендегі шәкірттерім ғой» деп таныстырғанының өзіне кәдімгідей марқайып қалдық. Бердібек Мәшбекұлы осы сапарында шариғат жолымен құрбандық шалып, ұлы ақынның рухына құран бағыштады. Облысқа келген жаңа әкімнің алғашқы сапарын Жидебайдан бастағанын көпшілік өте жылы қабылдап, имандылыққа және жөн білетіндікке жорыды.

          Сондай күндердің бірінде Бердібек Мәшбекұлының сол кездегі көмекшісі Ержан Жылқыбаев жұмыс бабындағы шаруамен хабарласқан еді. Әңгіме арасында ертең Зайсан ауданына жолсапарға шығатындықтарын айтты. Сол кезде менің есіме Зайсан қаласында ұлы Абайдың шөбересі Күлзипа Сраилова апамыздың тұратыны есіме түсті. Сөздің реті келгенде: «Осы ақпаратты ағамызға құлаққағыс ете саларсың. Ар жағын ағаның өзі біледі ғой» дедім. Айтқандай-ақ, ертесі күні бүкіл Зайсан ауданы, одан кейін облыс, республика шулап жатты. «Сапарбаев Зайсан ауданына барған сапарында бірінші кезекте, Абайдың шөбересінің үйіне барып, шапан жауып, батасын алыпты» деген ақпарат жарықтың жылдамдығындай екпінмен тарады.

Бердібек Мәшбекұлының осы сапары шынымен де жергілікті халықтың бойына кәдімгідей жігер құйып, рухани серпін берді. Себебі, осыған дейін облысқа келген бірде-бір әкім Абайдың ұрпағын іздеп, бұндай құрмет көрсетпесе керек. Жаңа басшының осы әрекеті облыс көлемінде өздерін «идеология майданының сарбазымыз» деп жүрген талайлардың мысын басып тастады.

Аталмыш оқиғадан кейін ұлы Абайға туысқандық жағынан жиен болып келетін Балташ Ерсәлімов ақсақал мені үйіне шақырды. Өзі белгілі қаламгер және өте еңбеққор әрі ізденгіш адам. «Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары» кітабының авторы және «Әлемнің Абайы – қазақтың ақыл-ойы» кітабының құрастырушысы. Өз басым Құнанбай мен Абай ұрпақтарына байланысты көп деректерді сол кісіден алған едім. Әңгіме арасында Балташ аға маған жымия қарады да:

– Күлзипа апамыз жөніндегі ақпаратты ол кісіге сен бердің-ау, шамасы, – деді. Мен шынымды айттым. Содан кейін сөзін қайта жалғап: 

– Біздің облысқа Бердібек Сапарбаевпен бірге ұлттық рух келді деп ойлаймын. Енді Шығыстың шырағы жанатын шығар, – деді ризашылығын жасыра алмай.

МЫҢМЕН ЖАЛҒЫЗ АЛЫСЫП....

Иә, көпті көрген Балташ ақсақал қателеспепті. Іле-шала облыс орталығынан «Өскеменде Абай ескерткіші орнатылатын болыпты», «мешіт салынады екен» деген жылы хабарлар желдей есе бастады. Бұндай жаңалықты естігенде бойымызға қан жүгіріп, бәріміз де кәдімгідей желпініп қалдық. Шынымен де араға көп уақыт салмай-ақ облыс әкімшілігі ғимараты алдынан Абай ескерткішінің құрылысы басталып та кетті. Өкінішке қарай, оны қоштағандармен қоса, қарсы шығушылар да жеткілікті болды. Әлеуметтік желілерде қитұрқы және шовинистік мазмұндағы материалдар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай бастады. Қарсылық танытушылардың екпіні қатты болғаны соншалық, «Ескерткіш тұрғызылмай қала ма екен?» деген қауіптің де көңілімізде қылаң бергені рас.

Шынымен де сол бір қиын да жауапты сәтте Бердібек Мәшбекұлы ерекше ержүректілік пен саяси ұстамдылық танытты. Әрине, саяси ахуал қиындаған сәттерде әр басқан қадамы мен айтқан сөзін салмақтай білген адам ғана жауапты сынақтан сүрінбей өтеді. «Ұлт мүддесі» деп жүріп, ұлт араздықты қоздырып алатын болсаң, одан артық өрескел қателік болмайды. Сөйтіп, кезінде Абай хәкімнің «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дегені сияқты, өзі де небір шовинистік пиғылдағы пенделермен алыса жүріп, ұлы ақынды тағы бір биікке шығарды. Абайдың төрге шығуы арқылы Шығыста ұлттық руханиятымыз да қанатын кеңге жая бастады. Бұл ескерткіш жөнінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Бекең Өскеменге ұлы Абайды алып келді» деп жазды. Шынымен де Бердібек Мәшбекұлы келгенге дейін Өскеменде ұлы хәкіміміздің дәріптелу мәселесі назардан тыс қалғаны ақиқат еді...

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН «АБАЙ» ЖУРНАЛЫ

Иә, әңгіме төркіні ұлы Абайға қатысты болғандықтан, мына бір оқиғаны да тілге тиек ете кетпеске болмас. Семей қаласында өзімнің үзеңгілес досым, «Абай» журналының бас редакторы, белгілі ақын Мұратбек Оспановпен жиі кездесіп жүрдім. Бірде ол әңгіме арасында журналдың материалдық-қаржылық жағдайы күннен-күнге қиындап бара жатқанын қынжыла айтты. Әрине, республикадағы өзіндік тарихы бар жалғыз журналдың ахуалы мені де алаңдатты. Содан сөздің реті келгенде:

– Бердібек ағаға хат жазып, неге кіріп шықпайсың? Ол кісінің әдебиет пен өнерге, ұлы Абайға деген құрметінің ерекше екенін жақсы білесің ғой, – деген ой тастадым.

– Дұрыс айтасың, шынымен де солай жасап көрейін, – деп ол да қостай кетті.

Хат та лезде дайын болды. Әкімнің қабылдайтын уақыты белгілі болғаннан кейін екеуміз Өскеменге жол тарттық. Мұратбек Оспановты Бердібек Мәшбекұлы өте жылы қабылдады. Журналдың қаржылық ахуалына түсіністікпен қарап, сөзге келместен, көмектесуге уәдесін берді. Және сол айтқан уәдесінде тұрды да. Сөйтіп, «Абай» журналы қаржылық тығырықтан аман қалды.

МЕРИТОКРАТИЯНЫҢ САПАРБАЕВ САЛҒАН ҮЛГІСІ

Бірде маған сол кезде Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы мектепте директордың орынбасары болып істейтін Бауыржан Ешмұхамбетов деген жігіт жолығып, «Қазақстан тарихы сабақтарында қолданылатын кестелер мен графикалық сызбалар» атты оқу құралының қолжазбасын көрсетті. Қарасам, жаңа әдістеме тұрғысында жазылған оқулық кітап екен. Сызбалар арқылы он томдық тарихты бір кітапқа сыйғыза білген. Әсіресе бірыңғай ұлттық тест тапсырушылар үшін таптырмайтын дүние. Алайда, оны жарыққа шығару үшін қаржы тапшылығы қолын байлап тұрғанын жасырмады. Мен кітапты алдымдағы, Алматыдағы «Білім» баспасына келдім. Кітапқа рецензияны сол кездегі Семей мемлекеттік университетінің ректоры, т.ғ. докторы, профессор М.Еспенбетов пен Семей мемлекеттік педагогикалық институтының М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры, доцент М.Каримов жазған болатын. Баспа директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы кітапты парақтап отырды да: «Жақсы дүние екен. Баспадағы қаржы тапшылығына қарамастан, шығарып берейін. Сұранысқа ие болатынына күмәнім жоқ» дегені.

Бірде Бердібек ағамыздың қабылдауына бардым. Өзіммен бірге Абайдың алғашқы кітабының шыққанына 100 жыл толуына байланысты тарихи материалдарды ала келген едім. Сөз арасында Бауыржан Ешмұхамбетовтың сиясы кеппеген жаңа кітабын да көрсеттім. Кітапты қолына алған бетте ыждағаттылықпен барлық бетін асықпай, парақтап шықты да:

– Ауылда жүрген қарапайым мұғалімді осы еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа да ұсынуға болады ғой, – деді ризашылығын білдіріп. Содан кейін сөздің реті келгенде:

— Аға! Жалпы, біздер Абайды ұлықтау барысында оның мұрасын сақтап қалған адамды естен шығарып аламыз. Олай дейтінім, Абайдың жазған барлық дүниелерін жинақтап, үлкен еңбекпен Санкт-Петербург қаласынан шығартып әкелген Кәкітай Ысқақұлының еңбегін де ұмытпағаныңыз жөн шығар, – дедім.

Бердібек Мәшбекұлы бұл ұсынысымды өте жылы қабылдады да:

— Қолыңдағы материалдарды тастап кет, бір қарап шығайын, – деді.

Содан арада көп уақыт өтпестен, «Семей таңы» газетінен Семей қалалық әкімшілігінде Кәкітай Ысқақұлын есте қалдыру шараларын ұйымдастыру мәселелері бойынша жиын өткенін оқыдым. Көңілім бір көтеріліп қалды.

Тағы бірде ұялы телефоным шыр ете түсті. Қарасам, Бауыржан Ешмұхамбетов екен. Ар жақтан:

— Аға, сізге рақмет, – деп бастады әңгімесін. Дауысынан бір қуаныштың лебі есіп тұрғаны аңғарылады. – Бүгін аудан әкімі өзіңіз шығартып берген кітабым үшін мені Бердібек Сапарбаевтың атынан «Алғыс хатпен» марапаттады, – дегені бар емес пе!

Сөйтсем, Бердібек Мәшбекұлы аудан әкіміне:

 Мына «Алғыс хатты» кітап авторына бүкіл аудан мұғалімдерінің алдында салтанатты түрде табыс ет. Басқаларына үлгі болсын, – деп тапсырған екен.

Осы көрініс арқылы Бердібек ағамыздың үлкен мәселе, кіші мәселе демей-ақ, еңбек еткен адамдардың маңдай терін меритократиялық қағидатпен бағалап, жігерлендіре білетін қасиетіне тағы да тәнті болдым.  

ЕРТІСТЕН ЕСКЕН ЖЫЛЫ ЛЕП

Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына әкім болып келе сала, жұмыстың бастамасын елдің бірлігін күшейтіп, патриоттық сезімдерін ояту барысында «Туған ел – алтын бесігім», «Туған жерге – тағзым» атты акцияларды өткізу арқылы бастады. Бұл өте өнегелі де өрелі шара болды. Аталмыш акцияға облыс аумағында тұратын және осы облыстан шартарапқа қанат қаққан жерлестер ұлты мен ұлысына қарамай бір кісідей атсалысты. Одан кейін руханиятқа мықтап бет бұрды. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумның өткізілуі үлкен жаңалық болды. Төрт жыл қатарынан «Шығыс шынары» атты жыр мүшәйрасы және «Шығыс жұлдыздары» атты әншілер концерті өткізілді. Соның нәтижесінде, поэзия дүлдүлдері мен саз өнері саласындағы таланттар ғана анықталып қойған жоқ, «Шығыс шынары» атты төрт поэзия кітабы мен «Шығыс жұлдыздары» атты екі энциклопедиялық анықтамалық жарыққа шықты. Оның ішіне шығыстан шыққан әдебиет пен мәдениет, өнер және спорт саңлақтары туралы очерктер мен эсселер енгізілді.

Осы орайда, «Шығыс энциклопедиясын» және «Алтай – Ертіс кітапханасы» сериясымен кітаптар шығару жобасын ерекше атап өткен жөн. Себебі, мемлекеттік тапсырысқа қолдары жетпей, жазған дүниелерін жарыққа шығара алмай жүрген шығыстың талай талантты әдебиетшілері мен ғалымдары өз туындыларын шығаруға мүмкіндік алды. Талай жылдар бойы көлеңкеде қалып келген қаншама жәдігерлер оқырманымен қауышты. Басқа ұлт өкілдері басым тұратын аудандарда қазақша аудандық газеттер ашылып, ұлт руханиятының бәйшешегі бүр жарды. Қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың қарасы көбейе бастады. Әсіресе мемлекеттік тілді жетік меңгерген басқа ұлт өкілдеріне деген құрметтің арта түсуінің нәтижесінде, ана тіліміздің болашағы жарқын екендігіне талайлардың көзі жетті. Бұған қоса, мәдениеттің үлкен ошағы болып саналатын Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры бой көтерді. Театрға облыс әкімінің өзі жиі барып тұруы арқылы өнердің еңсесі көтерілді. Және де этнографиялық парктің және бірнеше спорт кешендерінің ашылуы да қаланың рухани сәнін кіргізді. Ал енді Ұлан ауданының орталығы болып саналатын «Молодежный» кентіне Қасым Қайсенов есімінің берілуінің нәтижесінде, батыр рухымен бірге жергілікті халықтың да рухы ұштасып жатты.

ЖЫЛУДЫҢ ҚАДІРІН ТОҢҒАНДА БІЛЕСІҢ...

2019 жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» атты сын мақаланы жариялағаны үшін журналист Мұратхан Кенжеханұлының біраз қыспаққа түскені көпшіліктің есінде болар. Осы мақаладан кейін «Шығыс-ақпарат» ЖШС-ның сол кездегі директоры Ирина Якунина оның соңына шам алып түсіп, сөгіс те жариялады. Сол-ақ екен: «Егемендік алғанымызға 26 жылдан асса да, мынау не деген сұмдық?», «Шындықты айтып, шырылдағаны үшін журналисті жазалауға бола ма?», «Осы қылығы арқылы Якунина ұлт араздығын қоздыруы мүмкін», «Оны сотқа беру керек» деген сипаттағы сан алуан сұрақтар мен пікірлер БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде қарша борады. Сол кезде бұндай әділетсіздікті көре тұра:

– Шіркін, егерде шығыста Бердібек Мәшбекұлы әкім болып отыратын болса, бұндай сорақылықтарға жол берілмес еді ғой, – деп көңілі құлазыған жандар аз болған жоқ. Осы оқиға арқылы шығыстағы жерлестеріміз «Жылудың қадірін тоңғанда білесің» дегендей, Бердібек Мәшбекұлының азаматтық қадірін одан сайын терең түсіне бастады. Ал енді 2010-2014 жылдары «Шығыс ақпарат» ЖШС директоры қызметін атқарған белгілі қаламгер және ғалым, бүгінгі күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантай Бердібек Мәшбекұлымен бірге қызмет істеген кездегі жылдарды былай деп еске алады:

– Мен «Шығыс ақпарат» ЖШС-на басшы болып келген кезде, облыстық «Дидар» газетінің таралымы 12 мың ғана болатын. Кейіннен Бердібек Мәшбекұлының қолдауының арқасында, 18 мыңға жетті. Шынын айтқанда, Шығыс Қазақстан облысына Бердібек Мәшбекұлына дейін де, одан кейін де келген әкімдердің бірде біреуі ол кісі сияқты ұлттың мүддесіне және ұлт руханиятына мұншалықты еңбек сіңірген емес...

Иә, шынымен де солай. Олай дейтінім, Бердібек Мәшбекұлы әкім ретінде ғана емес, кеден комитетінің төрағасы кезінде де қазақ тіліндегі газет-жорналдарға жазылу мәселесіне, қазақ руханиятына ерекше көңіл бөлді. Мысалы, 2003 жылы мен ШҚО кедендік бақылау департаментіне басқарма бастығы болып келген кезде департамент бір ғана «Егемен Қазақстан» газеті мен бір дана облыстық «Дидар» газетін жаздырып алады екен. Басқасы, ылғи да орыс тіліндегі газет-жорналдар. Содан кейін Бердібек Мәшбекұлының тапсырмасы бойынша «Егемен Қазақстан» газетіне жазылуды 100 данаға, «Жас Алаш» газетін 50 данаға, «Ана тілі» газетін 30 данаға, «Дидар» газетін 50 данаға жеткіздік. Бұған қоса, талантты ақынымыз Фариза Оңғарсынованың он томдық кітаптарын ШҚО аумағындағы барлық кедендер мен кеден бекеттеріне қойғыздық және Өскемен қаласындағы қазақ мектептеріне сыйға тарттық. Сонымен қатар «Семей» кедені жанынан құрамында 35 адамы бар фольклорық-этнографиялық ансамбль де құрдық. Қазіргі уақытта осы еңбектің ізі де жоқ. Бәрі де құмға сіңген судай болды.

ПАРҚЫН БІЛСЕК ҚАРЫЗ БЕНЕН ПАРЫЗДЫҢ...

Иә, «ҚАЙРАН ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ...» деп жырлаған ұлы Абайдың жанайқайы бекер емес. Бұл сөзді күйінген сәттерде әлі де айтып жүрміз. Ең бір өкініштісі – қазіргі уақытта қолында билігі бар кейбір шенеуніктен: «Қазақ руханияты үшін не жасадың? Ұлы Абайдың бір өлеңін жатқа білесің бе?» деген  сұрақтарды қоятын болсаң, талайлары тас жұтқандай күмілжіп қалатыны жасырын емес. Ондай адамдар рух пен руханият және ел алдындағы қарыз бен парыз дегеннің мәні мен мағынасын жеткілікті түсіне қоймайды, әрине. Түсінсе, қазақ жерінде тұрып, қазаққа және қазақ руханиятына немқұрайлы қарай ма? Осы орайда, алдағы келе жатқан саяси науқан – мәжіліске депутаттар сайлау кезінде қазағына жаны ашымайтын және ана тілін қадірлемейтін адамдардың өтіп кетпеуіне жете мән бергеніміз жөн. Өткен отыз жылдағы олқылықтар бәрімізге сабақ болуы тиіс.

Бұл мақалада біз Бердібек Мәшбекұлының Шығыс Қазақстан облысында қазақтың өнеріне, тіліне, салт-дәстүріне, әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі жөнінде ғана сөз қозғадық. Ал енді Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан (Түркістан), Ақтөбе, Жамбыл облыстарын басқарған кезде еліміздің экономикасын дамыту және руханиятын көтеру мәселесіндегі табанды еңбегі туралы басқа да азаматтар айта жатар.

 Осы орайда, Бердібек Мәшбекұлынан біреулер: «Жетпіс жасқа жеткенде, халқың үшін не жасадыңыз?» деп сұрайтын болса, бұл сауалға ұялмай, жауап бере алатыны сөзсіз. Оның өзі кез келген адамның маңдайына бұйырмайтын бақыт. Бәрі де баянды болсын, Бердібек аға, Бердібек ұстаз, Бердібек тұлға!

Тегтер: