Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 20 Шілде 2023

Шымкент: Алаяқтарға қарсы жоба қолға алынды

None
None

Кейінгі жылдары алаяқтық қылмыстар келеңсіз құбылысқа айналды. Азаматтарды сан соқтырып кету, түрлі жолдармен сеніміне қиянат жасаушылар ғаламторды да кеңінен пайдалануға көшті.

Осыған байланысты Шымкенттің құқық қорғау органдары заманауи технологиялардың көмегімен жасалатын алаяқтыққа қарсы жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдануға көшті. Оның жемісі жоқ емес.  Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, мегаполисте іске асқан тың жобаның нәтижесінде алаяқтық қылмыстар азайған.

"Қала прокуратурасы жергілікті қылмыстық қудалау мен уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «Алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу» жобасын іске асыруда. Алаяқтық қылмыстармен күрес шараларының нәтижесінде қаламызда бұл қылмыстың тіркелу көрсеткіші төмендеді. Алаяқтық – қоғамды алаңдатып жүрген қылмыс.  Бұл құбылыспен күресу тез арада ұйымдастыру шараларын қолдануды талап етті. Жыл басында қала әкімімен бірге осы мәселені шешу үшін жоғарыда аталған жобаны іске асыруға кірістік. Кез келген оңай ақша табу жарнамаларына алданбауды, түсініксіз жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу керектігін ескертемін. Бірінші мақсатымыз – қылмысты азайту мен оны тез арада ашу. Ол үшін заманауи технологияларды енгіздік. Сонымен қатар адамдардың сауаттылығын арттыру үшін арнайы кітап әзірледік. Өкінішке қарай, әлі де болса кейбір адамдар тез табыс табуға асығып, алаяқтардың құрбаны болуда. Себебі алаяқтар телефон және интернет арқылы қоңырау шалғанда, адамдар оны тексермейді, сөздеріне сеніп, мәліметтерін бере салады. Кейбір жағдайларда жұмысқа орналасу үшін алаяқтарға ақша беріп, пара берумен тең әрекеттерге барады. Жалпы, жобаның нәтижесі бар. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз", – деді Шымкенттің прокуроры жуырда Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте.

Соңғы жылдары жастар арасындағы қылмыстың да көбейгені  жасырын емес. Кәмелетке толмағандардың қолымен жасалатын қылмыстардың ішінде әсіресе бұзақылық белең алған. Прокурорлар мұны құқықтық сауатсыздықпен түсіндіреді.

«Сол себепті қылмыстың алдын алу аясында «Мейірім-жүректен» атты айлық акциясын өткізіп, 150 мектеп пен 38 колледжде 70 мыңнан астам оқушыға прокуратура қызметкерлері бағыт-бағдар беріп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  Одан бөлек, қала прокуратурасы бұл проблеманы Үйлестіру кеңесінде талқылады. Құқық қорғау мен тиісті уәкілетті органға жұмысты жандандыру тапсырылды. Алайда бұл проблеманы ата-ананың қатысуынсыз біржақты шешу қиын болып отыр. Жастар арасындағы қылмыс – қоғам ауруы, оны емдеу қажет және алдын алу шараларын қолдану керек. Әрбір отбасыда ата-ана өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын сөйлесіп, оның проблемаларын шешуге көмектесуі керек. Осы жағдайларда жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың алдын-алуға болады», – деді прокурор Ғабит Мұқанов.

Айта кетері, Шымкентте биыл қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген.

«Осы жылдың 6 айында қалада 3 508 қылмыс тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 34 пайызға аз», – деді қала прокуроры.

Спикердің сөзінше, тіркелген заңбұзушылықтардың басым бөлігі – ұрлық, алаяқтық және есірткімен байланысты қылмыстар.

Тәртіпсіздіктердің азайғанына қарамастан, қылмыстық істерді сотқа жолдау көрсеткіші 56 пайызға артып отыр. Сотқа 1 967 қылмыстық іс жолданды. Мамандар осының барлығы 3 буынды модельді тиімді қолданудың нәтижесі және қылмыстың алдын алу мен тергеу сапасының жақсарғанының белгісі деп есептейді. Үш буынды модельде прокурордың міндеті – полиция берген айғақ-дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, тергеу, анықтау іс-шаралары кезінде азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу.

Тегтер: