«Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
Шымкент қаласында қыркүйек айының басында қайта іске қосылған «Shymkent bike» велостанцияларынан бүгінгі күнге дейін тұрғындар 4 324 рет велосипед жалға алған.
Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстармен танысуы кезінде белгілі болды.
Жобада 160 велосипеді бар 40 велостанция қарастырылған. Әзірге соның 31-і жұмыс істеп тұр. Қалған 9 станция алдағы уақытта іске қосылады.
Қыркүйек айының басынан бері 100-ге жуық абоненттік карта сатылса, 31 тұрғын өз картасын қайта қалпына келтіріпті. Сондай-ақ, 39 карта иесі абономент мерзімін ұзартса, 21 клиент қосымша баланс алған.
Пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы тарифтік жоспарлар әзірленген. «BIKE SHARING» жүйесі арқылы велосипедті алғашқы 30 минут тегін пайдалануға болады. Одан кейін тарифке сәйкес 1 сағат үшін -100 теңге, 2 сағат үшін – 250 теңге, 3 сағат үшін – 500 теңге, ал 3 сағаттан асса 1 000 теңгеден жұмсалады. Сонымен бірге 1 айлық абонемент – 2 500 теңге, 3 айлық абонемент – 6 000, 1 жылдық абонемент – 10 000 теңге тұрады. Айта кетейік, велостанциялар күннен қуат алады.
Мұрат Дүйсенбекұлы алдағы уақытта қалада веложеліні одан әрі дамыту жоспарланып отырғанын айтты.