Шымкент енді бас жоспарға бағына ма?
Сәулетшілердің айтуынша, соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келе жатқан еліміздегі үшінші мегаполис — Шымкенттің аумағы Алматы қаласынан екі есеге жуық үлкен.
Тіпті қаланың шекарасы Мәскеу сияқты әлемдегі ірі қалалармен теңесетін көрінеді.
Қайбір жылдары шетелдік мамандар Шымкенттің бүкіл ТМД аумағындағы қалалардың ішінде демографиялық өсімі жағынан бірінші орын алатынын мәлімдеген болатын-ды. Қазір ресми статистика бойынша Шымкентте 1 миллионнан астам халық тұрады. Енді 2-3 жылдан кейін, дәлірегі, 2025 жылы мегаполис тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жетеді деген болжам бар. Бұл құрғақ болжам емес, кейбір мамандар шымкенттіктердің саны қазірдің өзінде 1,4 миллионға жуықтайды дегенді алға тартады.
Үшінші мегаполистің шекарасы соңғы жылдары өте көп өзгерді. 2000 жылдардан кейін Сайрам ауданынан бірнеше елді мекен өтті. 2013 жылы Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарынан бас-аяғы қырыққа жуық елді мекен кірді. Халық санының тез көбеюіне нәтижесінде мегаполисте төртінші Қаратау ауданы құрылды. Жақын арада бесінші ауданды ашу туралы бастамалар көтеріліп жатыр. Әрине, мұның бәрі де мегаполистің негізгі құжаты-бас жоспарға қатты әсер етті. Әкімдік соңғы жылдары бас жоспарды қайта-қайта жасап, оған көптеген өзгерістер енгізуге мәжбүр болды.
Сәулетшілердің айтуынша, Шымкенттің есте қалған алғашқы бас жоспары Кеңес одағы кезінде, сексенінші жылдары жасалған. Бұл кезде қалада ресми мәлімет бойынша 300 мыңнан астам халық тұрған. Алайда облысты басқарған, қаланың көркеюіне көп еңбек сіңірген Асанбай Асқаровтың басшылығымен жасалған бұл бас жоспар толығымен іске аспады. Оған сол кездегі түрлі жағдайлар әсер етті.
Тоқсаныншы жылдарғы қиын кезең Шымкенттің арнайы жоба-жоспармен дамуына үлкен тұсау салды. Қалада көп қабатты тұрғын үй құрылысы тоқтап қалды. Осы себепті халықты баспанамен қамтамасыз ету кенжеледі. Бұл, өз кезегінде, жеке тұрғын үйлердің бей-берекет салынуына әсер етті. Қаланың айналасындағы жерлердің көпшілігі жеке тұрғын үй салу үшін беріліп кетті. Кейбір пысықтар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді гектарлап алып, 8-10 сотықтан бөліп сатты. Бұл жерлердің бәріне жеке тұрғын үйлер салынды. Мұның бәрі де қаланың келбетіне кері әсерін тигізді, сонымен бірге әлеуметтік мәселелерді шиеленістірді. Жаңа тұрғын аумақтардағы халықты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі туындады. Бұл проблемаларды қалалық әкімдік тек соңғы жылдары ғана шешіп жатыр.
Біздің білуімізше, қаланың бұдан кейінгі бас жоспары 2003 жылы бектілді. Одан кейінгісі 2012 жылы жасалды. Бірақ аумағы, халық саны еселеп көбейген Шымкенттің дамуы бас жоспарға оншалықты бағына қоймаған сияқты. Әр әкімнің тұсында бас жоспарға өзгеріс енгізу әдетке айналды десек, артық айтқанымыз емес.
2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған жаңа бас жоспар жасау туралы мәселе көтерілді. Бұған бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Міне, өткен аптада Шымкент қалалық әкімдігі жаңа бас жоспардың дайын болғанын мәлімдеп, оны көпшіліктің назарына ұсынды. Бұл жолы шымкенттік шенеуніктер қаланың дамуын айқындайтын басты құжатты көпшіліктің талқысына ұсынды.
Бас жоспармен кез келген азамат бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры, қазіргі Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратына барып, таныса алады. Қалалық әкімдік маңызды құжатты таныстыруға арналған арнайы жиын да өткізді.
— Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын-ды. Ал 2015-2018 жылдар аралығында бас жоспарға өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, сол кездегі қала әкімі бекітті. Ал бұл бас жоспар 2025-2035 жылдар аралығын қамтып отыр. Арнайы мамандар қаладағы 117 мың гектар аумаққа түгел топотүсірілім жасап, 1:10 000 масштабпен картаға енгізді. Бұл жұмыстардың тағы бір ерекшілігі – барлық сызба заманауи талаптарға сай келетін векторлы форматта жасалып отыр. Осылайша, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылып, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады, деп жоспарлап отырмыз, – деді жиында қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Оның айтуынша, Шымкенттің бас жоспарын әзірлеуге «Градкомплекс» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөлісті.
Біз осы жөнінде белгілі сәулетші, уақтысында Шымкент қаласының бас сәулетшісі қызметін атқарған, бүгінде Шымкент қаласының Сәулетшілер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асқар Мамырбаевпен хабарласып, оның жаңа бас жоспарға қатысты пікірін сұраған едік.
– Қала басшыларының айтуынша, бас жоспарды талқылау бір айға созылады. Жиында мен өзімнің біраз ұсыныс-пікірлерімді білдірдім. Бұл ұсыныстар қаланың экологиялық жағдайына қатысты. Мәселен, қаланың ірі зауыттары орналасқан өндірістік аймағы желдің бағатына қарай орналасуы тиіс. Себебі өндірістік аумақтардан ауаға түтін, басқа да зиянды қалдықтар шығады. Бас жоспарда бұрынғы қорғасын зауытының орнына өндірістік кәсіпорын салу қарастырылған екен. Мен мұның дұрыс еместігін айттым. Бірақ қала басшылары ол зауытпен тек алты айға келісімшарт жасалғанын алға тартып отыр. Бірақ бізде уақытша дегеннің көпшілігі тұрақты болып кететінін көріп жүрміз. Дегенмен бас жоспардың жақсы жақтарының көп екендігін де айту керек. Құжатты жасаған мердігер менің білуімше, өте жақсы компания саналады. Мықты мамандары бар. Олар қаладағы көлік инфрақұрылымын, әсіресе көлік кептелісін болдырмау мәселесіне көп мән берген. Айналма, қосымша жолдар қарастырылған. Бұл өте дұрыс шешім, – деді Сәулетшілер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.
Асқар Мамырбаевтың айтуынша, үлкен қалалардың бас жоспары әр он жыл сайын жаңарып отырады. Шымкенттің соңғы бас жоспары 2012 жылы бекітіліп, 2018 жылы оған өзектендіру жұмыстарының жүргізілгені жоғарыда айтылды. Бірақ соңғы бас жоспар жарым-жартылай ғана іске асқан.
Айталық, бұрынғы бас жоспар бойынша ипподромның орны демалыс аймағы есептелген. Алайда былтыр атшабардың орны элиталық тұрғын үй кешенін салу үшін жекеменшік компанияға беріліп кетті. Жаңа бас жоспарда атшабар аумағы көп қабаты тұрғын үй болып өзгертілді. Яғни бұл шымкенттік шенеуніктердің қолданыстағы бас жоспарымен санаса бермейтінін байқатады. Жаңа бас жоспардың қаншалықты өзгеріске ұшырайтынын уақыт көрсетеді.
Қазіргі таңда бас жоспардың бірінші кезеңінің жұмыстары бітті. Бір ай бойы жүретін қоғамдық талқылаудан соң, мамандар ұсыныс-талаптарды ескеріп, маңыздысын жоспарға енгізеді. Шымкент қаласының жаңа бас жоспары жыл соңына дейін жасақталады, премьер-министрдің келісімінен кейін, үкімет қаулысымен бекітіледі.