Шымкент мүгедектердің мұңына пысқырмайды
Мүмкіндігі шектеулі жандарға парламенттен орын беру мәселесі көтеріліп жатқанда Шымкентте осы мүгедектік туралы құжаттың өзін рәсімдеу мұңға айналған.
Жарымжан азаматтар әлеуметтік қорғау орталығы оларды қорғап емес, қорлап отыр деп шу шығарды. Бұл туралы жергілікті телеарналар хабарлады. Жарымжан жандар бірнеше айдан бері мүгедектікке байланысты зейнетке шығаруы тиісті мамандарға кіре алмай зар жылап жүр екен. Шымкент қаласының тұрғыны Құралай Мешкенова: «Келсең, дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясына тапсырсаң, қайтарып жібереді. Міне, тамыз айынан бері жүрмін, сенесіздер ме? Бәрі қайтарып жібереді, бір қағаз дұрыс емес деп. Ал, 31-ші форма өтпеген деп жібереді. Дәрігердің өзі жазып тұрып, ауруханада жатқанымыз біздің ойдан шығарылмаған шығар. Зейнетке неге шығармайсыз десем, ондай шықпайды дейді. Сонда біз не істеуіміз керек? Өлуіміз керек пе? Өздеріңіз ойлаңыздар, не дәрі көмектеспейді, не зейнетақы бермейді» деп күйініп отыр.
Денсаулығы дімкәс жандар мамандарға қаралу үшін күнде таңертеңнен бастап кезекке жазыламыз дейді. Кейбіреуі сөмкесіне дәрілері мен ішетін ас-суы мен киімдерін де салып алған. Электронды табло үнемі істемейді екен. Сондықтан ерте келген жұртқа мамандар қолдан нөмір жазып береді. Ал орталықтың медициналық сараптама бөліміндегілер кезекпен алысып жатқанын мойындайды. Оған былтырдан бергі карантин себеп болыпты. Яғни жыл сайын мүгедек екенін дәлелдеуі тиіс жандарды қабылдау мерзімін үш айға дейін созған. Енді көктем, жаз және күзде де тексерілуі тиіс азаматтар бір мезетте комиссиядан өтуге келеді екен. Соның салдарынан кезек ұлғайып үлгермей жатырмыз дейді. Одан қалса маман тапшылығынан бір адамның орнына үш адам қабылдауға мәжбүрміз деп ақталды.
Шымкент қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті медициналық әлеуметтік сараптау бөлімінің меңгерушісі Сырым Шоланов: «Бұл жерде біз, шыны керек, 14-қаңтарға адамдарды жазып жатырмыз. Өйткені бізде мүмкіндігіміз сол, 60-65 адам қана қабылдай аламыз. Одан артық мүмкіндігіміз жоқ. Бұл уақытша нәрсе. Қыркүйек, қазан, қараша айларында бізге осындай ауыртпалық түседі. Жаңа жылдан кейін, менің ойымша, орнына келеді» деп ақталып отыр.