Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 30 Маусым 2023

Шымкент өнеркәсіп орталығына айнала ала ма?

None
None

Осыдан бес жыл бұрын республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент өнеркәсіптің ірі орталығына айналып отыр.

  Үшінші мегаполис демографиялық өсу, инвестицияның көлемі жағынан да белсенді дамып келе жатқан қала.

 Шымкент қаласында құрылыс, түсті металлургия, фармакология, кондитерлік кәсіпорындардың саны артқан. Мегаполисте соңғы 3 жылда 12 кәсіпорын іске қосылған. Шымкентті бүгінде қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің астанасы деп айтуға да болады. Себебі Оңтүстік – елімізде мақта егетін бірден-бір аймақ. Осыдан 15 жылдан аса уақыт бұрын Шымкентте мақта-тоқыма кластерін дамыту үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Қазір онда бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді. Енді Шымкент мақта-тоқыма саласында тәжірибесі мол көршілес Өзбекстанмен іскерлік байланыстарды нығайтып жатыр.  

Биыл мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп кешенін бірлесе отырып дамыту мақсатында үкіметаралық келісімдер жасалған болатын. Осыған орай, Шымкент қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері Өзбекстан Республикасынан келген арнайы делегация өкілдерімен кездесті.

Кездесуде қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек көрші елден келген инвесторлар мен бизнес өкілдеріне өзара ынтымақтастықтың тиімді тұстары жайлы мәлім етті. Сонымен қатар жиынға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриалды даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков те қатысты.

Кездесу барысында «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев үшінші мегаполистің инвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін қолдау мен ұсынылатын жеңілдіктер туралы әңгімеледі.

– Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис және қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің астанасы. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қаланың сыртқы сауда айналымы 2,6 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 846 миллион доллары экспорттың үлесінде болса, қаламызға 1 миллиард 739 миллион доллардың тауары импортталған.  Жалпы, екі елдің президенттері өзара сауда айналымының көлемін 2025 жылға қарай 10 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін қойып отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3 миллиард 500 миллион долларды құрады. Соның ішінде Өзбекстан мен Шымкент қаласының арасындағы өзара сауда айналымы 370 миллион долларды құрады, – деді Ерболат Құлтасұлы.

Қазіргі уақытта  Шымкентте инвесторларға барлық жағдай жасалған 3 индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Шымкент қалалық әкімдігі тағы осындай 3 аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Оның ішінде  «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» индустриалды аймақтарында жыл соңына дейін инфрақұрылым жүргізу жұмыстары толық аяқталып, онда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады.

– Өзбекстандық делегация мүшелерінің басым көпшілігі жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін бизнесмендер болғандықтан, Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктеріне кеңірек тоқталғым келеді. Бұл арнайы экономикалық аймақ 2005 жылы салына бастап, 2010 жылдан бері қарай нақты жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы 2 кілем фабрикасының екеуі де, елдегі жалғыз шұлық фабрикасы мен жалғыз мақта целлюлозасын өндіретін кәсіпорын да осында орналасқан. Жалпы, қазіргі таңда бұл аймақта нақты жұмыс істеп тұрған 35 кәсіпорын бар. Онда 2500-ден астам адам еңбек етеді. Аймақтың негізгі бағыттарының бірі – жеңіл өнеркәсіп. Егер сіздер осы арнайы экономикалық аймаққа инвестиция құйып, кәсіпорын ашсаңыздар, бірқатар жеңілдіктерге ие боласыздар. Ең алдымен мұнда инвесторға инфрақұрылым желісі тартылған дайын жер телімі тегін беріледі. Сондай-ақ инвесторлар жер және мүлік салығынан босатылады. Оған қоса корпоративтік табыс салығы нөл пайыздық ставкамен есептеліп, құрылыс заттарын, өндірістік қондырғыларды және шикізатты импорттаған кезде кедендік алымдар мен баж салығы да алынбайды, – деді Ерболат Сариев.

Айта кетері, Өзбекстан бүгінде әлемдегі мақта өнімдерін экспорттайтын алпауыт 10 елдің қатарына кіреді. Соңғы жылдары Өзбекстанда өндірілетін мақта толығымен өздерінде өңделеді.  

Тегтер: