Шымкент пен Түркістанда кадрлық ауыс-түйістер жасалды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Қайрат Дәлбеков Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Ол бұл лауазымға Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы қызметінен ауысып барды. Қайрат Дәлбеков полиция генерал-майоры. Соңғы жылдары ол Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынасары, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болған. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, ал 2018 жылы жаңадан құрылған Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды. Қ.Дәлбеков жаңа облыстың полициясын қалыптастыруда өте көп жұмыстарды атқарды. Осы жылдары Түркістан облысында қылмыс азайып, қылмысты ашу көрсеткіші жақсарды. -Еліміздегі департамент бастықтарының ауысып жатқаны сіздерге мәлім. Мен де осы өзгеріспен бірге шырайлы Шымкент шаһарына басшылық қызметке тағайындалдым. Міне, сондықтан киелі өңір мені жылы қабылдап, қайта келген орныма тағайындап жатыр. Бұл қасиетті топырақтың маған берген алғысы деп білемін. 2019 жылы болған Арыстағы алапат жарылыс, Мақтаарал өңірін су басу мен Түркістан қаласындағы 2 бірдей белгілі қонақ үйлердің өртенуі, кешегі жаппай тәртіпсіздік, қандай қиындық болса да жұдырықтай жұмылып, басымызға түскен сынақтарды жеңе білдік. Сіздер мен біздер сабырлықтың соңы сый әкелетінін түсіндік,-деп жазған генерал фейсбуктегі парақшасында. Дәлбековты Шымкент қалалық Полиция департаментінің ұжымымен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі келіп таныстырды. Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы қызметіне полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тағайындалды. Ол бұған дейін Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетін басқарған.Ал, жұмысында біраз «төтенше оқиғалардан» кейін көпшіліктің сынына ұшыраған Шымкенттің бұған дейінгі бас полицейі генерал-майор Ералы Жұмаханбетовке қандай қызметтің бұйырары әлі белгісіз.