Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:38, 21 Қыркүйек 2022

Шымкент – туристер көп келетін қала

None
None

Биылдың алты айындағы көрсеткіш бойынша Шымкентке 216 249 турист келген. Ал «экспресс-статистикалық» ақпаратқа сәйкес 9 айда шаһарда 300 000-ға жуық турист демалады деген болжам бар.

Туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Шымқалаға шет елдерден келетін туристердің басым бөлігін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары құрайды.

Туристер санының артуына Шымкент қаласынан тікелей бағыттағы әуе рейстердің көбеюі тікелей әсер еткен. Оның ішінде ішкі рейстер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей және Қостанай қалалары және халықаралық бағытта Ыстамбұл, Мәскеу, Анталия және Кутаиси қалаларына жүруде.

Жақын арада Шымкент қаласында Араб Әмірліктерінің Бас консулдығы ашылады. Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Біріккен Араб Әмірлігінің Қазақстандағы елшілігімен бірлесе жүргізілмек. Бұл туралы Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров баспасөз мәслихатында мәлім етті.

 Ерлан Ермекұлының сөзінше, Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын насихаттау, туристік әлеуетін таныстыру мақсатында сыртқы байланыстарды дамытудың маңызы зор. Осы ретте, шетелдік дипломатия өкілдерімен және компаниялармен де біршама нәтижелі кездесулер өткен. Қазіргі таңда Шымкент 10 қаламен бауырлас қатынас орнатса, жыл соңына дейін қосымша 7 қаламен ынтымақтастық құруды жоспарлауда. Оның ішінде: Қытайдың Далянь және Сиянь, Италияның Генуя қаласы, Әзербайжанның Гянджа қаласы, Литваның Каунас қаласы, Болгарияның Пловдив қаласы, Татарстанның Қазан қалалары бар.

— Бірінші жартыжылдықта «Наурыз» және «Қала күні» сияқты мерекелер аясында «ДәмДәсTour», «Балмұздақ фест» гастрономиялық фестивальдерінен тұратын оқиғалар қатарын қалыптастыруға баса назар аударсақ, ал күзде талантты жастар мен туристік бизнесті қолдау үшін имидждік іс-шаралар құруда үлкен жоспарларымыз бар. Осы кезеңде «Shymkent Mobilography Fest» фестивалін, «Shymkent Tourism Awards» конкурсын, цитадельде лазерлік шоу, қолөнершілерді қолдау аясында «Этно Шымкент» фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Ерлан Ермекұлы.

Шымкенттің туристер үшін тартымдылығы жылдан-жылға артып келеді. Қаланың көркін ашатын нысандардың қатары көбеюде.  Айталық, бұған дейін мегаполисте  «Шымкент Сити» аймағынан халықаралық стандартқа сай конгресс-холдың құрылысы былтыр басталған болатын. Бүгінде ғимараттың құрылысы қызу жүріп жатыр. Жуырда қала әкімі М.Әйтенов конгресс-холдың құрылысымен танысып, құрылыс басқармасы мен жауапты мердігер мекеме өкілдеріне құрылыстың сапасы ең маңызды, басты міндет екенін ескертті.

Конгресс-холл болашақта жергілікті және республикалық маңызы бар қоғамдық іс-шараларды, конференцияларды, фестивальдерді, концерттік қойылымдарды өткізуге арналған көпфункционалды орталық болмақ.

Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, ғимарат 3 қабаттан, 5 блоктан тұрады. 2066 орынға лайықталған көрермен залы, 190 орындық конференц залы, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет, асхана және көліктерге жерасты тұрағы қарастырылған.

Тегтер: