Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:29, 26 Тамыз 2022

Шымкент – жеңіл өнеркәсіптің көшбасшысы

None
None

Премьер-министр Ә.Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында Қазақстанның қаңтар-шілде айлары арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.

Осы жиында Шымкент қаласында барлық көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасқаны атап өтілді.

Атап айтқанда, үшінші мегаполисте өнеркәсіп өнім көлемі 507,5 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 108,4 пайызды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі – 109,6 пайызға жетіп отыр.  Инвестиция көлемі 219,1 миллиард теңге болып, 28,6 пайызға артты. Оның ішінде, мемлекеттік бюджетің үлесі – 52,6 миллиард теңге, жеке инвестиция – 166,5 миллиард теңге.

Шымкентте биыл құрылыстың қарқыны жоғары. Оның көлемі 76,7 миллиард теңге немесе 120,5 пайызды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 371,8 мың шаршы метр немесе 115 пайыз болды.

Шымкентте биыл алғашқы жартыжылдықта өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 10,1 пайызға өскен. Нәтижесінде, биыл инвестиция көлемі 52,8 миллиард теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба жүзеге аспақ. Солардың бірі – аралас иірілген жіп шығаратын «Azala Cotton» зауытының екінші цехы. Инвест жобаның құны – 1,9 миллиард теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылғанда 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған.

Сонымен бірге  Шымкент қаласында 2020 жылы «Бал текстиль» кілем зауыты жанынан «Бал декор» принт кілемдері мен кілемшелерін өндіретін зауыт ашылған болатын. Кілемшелер заманауи үлгіде тоқылуда. Еденде таймайды, кір жуатын машинада жууға болады.

Зауыт Түркиядан әкелінген технологиямен жабдықталған. Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 120  миллион теңгелік жобаның өндіріс қуаттылығы жылына 400  мың шаршы метрді құрайды.  Кәсіпорында 14  адам жұмыспен қамтылған, өнім ішкі нарықта саудаланады және Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталуда.

Жалпы соңғы жылдары Шымкентте кілем өндірісі ерекше қарқынмен дамып келеді. Жуырда қала әкімі М.Әйтенов «Оңтүстік» Арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты. Солардың бірі – «Бал Текстиль» кілем және кілем өнімдерін шығаратын кәсіпорын өзінің төртінші жаңа жобасын іске қосып, өнім қуаттылығын арттыруда. Құны – 2,5 миллиард теңге болатын жоба бойынша жылына 1,4 миллион шаршы метр өнім шығаруға болады. Фабрика өндірісі жыл соңында толығымен іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылады. Өнімнің 70 пайызы ішкі, 30 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған, техникалар толықтырылуда.

«Бал Текстиль»  кілем фабрикасы еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің көшбасшысы. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 4000 тонна полипропилен жібін және 5 миллион шаршы метрден астам кілем мен кілем бұйымдарын шығарады. Кәсіпорын 2013 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында өнімін шығара бастады. 2015 жылдың екінші жартысынан бастап «Бал Текстиль» экспорттық нарықтарды игеруге кірісті. Ал бір жыл бұрын Қазақстанда жасалған кілемдерге әлемге әйгілі IKEA компаниясы назар аударды. Фабрика швед брендімен мерзімсіз келісімшарт жасасқан Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын.

Тегтер: