Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:34, 16 Қараша 2022

Шымкентке инвесторлардың қызығушылығы жоғары

None
None

Шымкентте AgriTek Shymkent’2022 ауыл шаруашылығының ІХ халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, көрме аясында өткен конференцияға қала басшысы Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, сала көшбасшыларымен пікір алмасты.

Урбанизациясы мен агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан үшінші мегаполис – еліміздегі ауыл шаруашылығы үшін қолайлы аймақтардың бірі. Мұны ескерген шаһар басшысы өнім өндіруде алыс-жақын шет елдердің озық технологияларын үйреніп, тәжірибеде іске асыру қажеттігін қаперге ілді. Сөз соңында жемісті еңбек етіп, ауыл шаруашылық саласын өркендету жолында тер төгіп жүрген қатысушыларға табыс тіледі.

— Жемісті жылдың жетістігін паш ететін барлық ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруаларға, кәсіпкерлерге зор алғысымды білдіремін. Дихандарымыздың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің жоғары кәсібилігінің, өз ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды, – деді әкім.

Көрмеге  ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, суару және тыңайтқыш технологиялары, тұқымдар мен көшеттер, құс және мал шаруашылығына арналған жабдықтар мен технологиялар, сондай-ақ ветеринариялық технологиялар қойылды. Жалпы еліміздің және Корея, Ресей, Түркия сынды басқа да 50-ден астам мемлекеттің өнімдері ұсынылды.

Жалпы, Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар еліміздегі үшінші мегаполис. Қалада соңғы жылдары ауыл шаруашылығы бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мәселен, Мұрат Әйтенов жақында мегаполистің Сайрам тұрғын алабында орналасқан, биыл аумағы кеңейіп, модернизациядан өткен «Аянат» шаруа қожалығына барды.

Қазіргі таңда мұнда жылына 500-600 тонна қызанақ өсірілуде. Жалпы аумағы 4 гектарды құрайды. 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта қожалық иесі нысан аумағын ұлғайтуды көздеп отыр. Сол арқылы өнім көлемін арттырып, қызанақтарды көрші елдерге экспорттамақ.

Шаһар басшысы ерте көктем және қыс айларында көкөніс өнімдеріне деген қажеттіліктің орнын толтыру және қияр, қызанақ өнімдерінің осы маусым аралық кезеңдерде бағасының шарықтап кетпеуінің алдын алу мақсатында отандық өнімді өндіретін шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдаулар берілетінін түсіндірді. Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы ауылшаруашылық өнімдерінің артуы – экономикаға да оң серпін беретінін айтып, тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мекамбаевтың айтуынша, мегаполисте биыл 30 мың гектар егістік алқабынан 94 мың 320 тонна өнім жиналды. Күзгі егін жинау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, толығымен аяқталды. 

Күзгі дала мен жиын-терін жұмыстарын жүргізуге 1 000 тонна дизель отыны бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің өтінімдеріне сәйкес берілді.

Сонымен қатар тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 122,1 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күні 91,04 миллион теңгеге 752,4 тонна тыңайтқыш субсидияланды. Қала аумағында қосымша өнеркәсіптік үлгідегі 10,0 гектар жылыжай жаңадан іске қосылды («Отан Agro» ЖШС-10 га).

Шымкентте кәсіпорын ашып, өндірістік жобаларды іске асырсам деген инвесторлардың қарасы да көбейіп келеді. Бұған мегаполисте кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған индустриалды аймақтардың қарқынды дамуы ықпал ептіп отыр.  Айталық, келесі жылдан бастап Шымкентте жылына 80 мың тонна түйіршіктелген полипропилен өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталмақ. Нәтижесінде 250 азамат жұмыспен қамтылады. Жобаның жалпы құны 38 миллиард теңгені құрайды. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды.

Шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатарыy көбейтуді көздейтіндігін жеткізді.

Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар басқосқан жиында жалпы 7 жаңа жобаның таныстырылымы өтті.

Түркиялық Stars Cosmetics ЖШС басшысы Абдулхаким Мухаммадмуса «Оңтүстік» индустриалды аймақтан сұйық сабын өндірісін ашуды жоспарлап отыр. 1,5 миллиард теңгені құрайтын инвестжобаның қуаттылығы жылына 3 мың тонна өнім болмақ. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 30 адам жұмыспен қамтылады.

Түркиялық Milat Hali ЖШС басшысы Искандер Каплан «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 2,5 га жерге кілем өндіретін зауыт құрылысын салуды ұсынды. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба жылына 5 млн кв/м кілем өндіруді көздейді. Аталған жоба арқылы жұмыссыз жүрген 100-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады.

 «Элмехмонтаж» ЖШС басшысы Ержан Қанатбеков құрылысқа арналған газоблоктар шығаратын зауыттың жобасын ұсынды. Жылына 60 мың м3 блок шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Жұлдыз» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 500 миллион теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023 жылы салынып, сәтті жүзеге асса, 20 азамат жұмыспен қамтылады.

Штаб отырысында бұдан басқа құрамалы контейнер өндіретін, терезе рамаларын жасап шығаратын және сантехникалық мебельдер мен архитектуралық формалар өндіретін инвестициялық жобалар қаралды. Аталған 3 жоба да жүзеге асса қаламызға тағы да қосымша 1 200 миллион теңге инвестиция тартылып, 75 жұмыс орны ашылатын болады.

Мұрат Дүйсенбекұлы ZOOM бейнеконференциялық байланыс арқылы жобалардың әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.

Тегтер: