Шымкентте 25 мектеп пайдалануға беріледі
Шымкентте биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 28 мыңнан астам шәкірт аттады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3 мың балаға көп.
Шымкентте халық санының қаншалықты көбейіп келе жатқанын осы цифрдан-ақ байқай беріңіз.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақпараттық-коммуникациялық орталығында брифинг берген Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, мегаполисте жыл соңына дейін 12990 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға беріледі.
– Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендеді. Жалпы басқармаға қарасты 223 мектеп, 577 балабақша, 37 колледж бар. Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 28 002 оқушы қабылданды. Бұл өткен жылғы бала санымен салыстырғанда 3 000 оқушыға артқан. Жаңа оқу жылында 1 және 5-11 сыныптардағы білім беру стандарттарына өзгерістер мен толықтырулар еніп отыр, – деді басқарма басшысы.
Жалпыға міндетті білім қорынан 58 154 балаға мектеп формасы үшін жергілікті бюджет есебінен әр балаға 37 389 теңгеден бөлінген. Одан бөлек, кәсіподақ және банктер арқылы – 845, жергілікті мешіттер тарапынан – 1 200, жеке кәсіпкерлер, демеушілер – 2 142 балаға, жалпы алғанда 4 187 балаға қосымша қамту жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар қала аумағындағы сауда орындары зерделеніп, кәсіпкерлік басқармасымен бірлескен жәрмеңкелер ұйымдастыру жұмыстары да қолға алынған.
Шымкент мектептерінде орта есеппен бір компьютерге 4 оқушыдан келеді. Жалпы компьютерлік құрылғылар саны – 56 746 дананы құрап отыр. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұған дейін 27 оқушыға 1 компьютерден тиген екен. Барлық компьютерлер 100 пайыз интернет желісімен қамтылып, жылдамдығын арттыру мақсатында байланыс операторларымен келісімшарт түзілді.
Сондай-ақ қаладағы 6 мектепке спорт алаңшалары салынып, 372 кабинет және 610 интерактивті панелдер орнатылған. Нәтижесінде, пән кабинеттер үлесі 32,2 пайыздан 72,0 пайызға артқан. Барлық мектептер 100 пайыз бейнебақылау, дабыл түймесі, турникет және І дәрежелі күзетпен қамтылған.
Қазір Шымкент қаласының білім саласына 176 миллиард теңге бөлініп отыр. Мұндай мәліметті №65 мектеп-гимназиясы білім күніне орай өткен жиында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов келтірді.
–Болашағынан зор үміт күткен кез келген мемлекет әуелі бала тәрбиесі мен білім саласына аса мән береді. Соңғы жылдары білім саласында үлкен реформалар жүзеге асырылып, қаржыландыру жыл сайын ұлғайып келеді. Қаламызда 223 мектепте 242 мыңнан астам бала жаңа оқу жылын бастап отыр. Оның ішінде 28 мыңға жуық оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданды. Бүгін мектепке тарыдай боп кірген бүлдіршіндердің таудай болып шығуына тілектеспін, – деді Б.Нарымбетов.
Бұған дейін ұстаздардың тамыз кеңесінде қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы үш ауысым мәселесінің келер жылы шешілетінін мәлім еткен болатын.
– Мемлекет басшысының елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу міндеттемесіне сәйкес, Шымкент қаласында 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылып, 51 мектеп пайдалануға берілді. 2 жылда бағдарламаның 50 пайызын немесе 11 мектепке артығымен орындап отырмыз. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке азайды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілетін болады, – деді әкім.