Шымкентте 35 жыл медицина саласында істеп, бірде-бір ескерту алмаған дәрігер жұмыс істейді
Шымкентте 35 жыл медицина саласында істеп, бірде-бір ескерту алмаған дәрігер жұмыс істейді.
Учаскелік дәрігерден бастап, қазір емхана бас дәрігерінің орынбасары Айгүл Шәріпова Шымкенттегі 42 мың тұрғынға қызмет көрсетіп жүр. Бұл туралы ktk.kz жазды.
Терапевт Айгүл Шәріпованың алдынан пациенттер үзілген емес. Бұл жолы қан қысымы жоғары, жүрек ауруымен ауыратын науқасқа ақыл-кеңесін беріп жатыр. Антына адал дәрігерге келушілердің де ықыласы ерекше.
" Емделгенде проблема туса, осы кісіге кіреміз. Позитивті, мәселені тез шешіп береді. Науқастармен сөйлесуді өте жақсы меңгерген. Ешқашан дауыс көтермейді. Әрқашан да позитивті, күліп, дәрімен емес, сөзбен емдеп шығаратын дәрігерлердің бірі", -дейді Әбдісадық Төлеев.
Айгүл Шәріпова қызметін 1988 жылы Шымкент қаласында учаскелік дәрігер боп бастаған. Талай емдеу мекемелерінде еңбек еткен ол бүгінде Шымкенттегі №1 емхананың бас дәрігерінің орынбасары. Қол астындағы 50 шақты қызметкермен 42 мың халыққа медициналық көмек көрсетіп келеді.
Білікті маман дәрігердің қандай болуы керек?
«Дәрігер мобильді болуы керек. Біріншіден, дәрігер білімді болуы керек. Екіншіден, дәрігердің адамгершілігі болуы керек. Себебі оның дипломы бар, ол ант берген. Қандай науқас болса да, кім болса да, соған көмек көрсетуі керек. Өзінің білімін беруі керек», — дейді Шымкент №1емхананың бас дәрігерінің орынбасарыАйгүл Шәріпова.
Ұл-қыз өсірген 58 жастағы терапевт үйінің нағыз ұйытқысы. Балалары басқа маман иесі болса да, оларға медицинаның қыр-сырын үйреткен. Қырық жылдай отасқан отағасы келіншегі тәулігіне 24 сағат – жыл он екі ай дәрігер екенін айтады.
«Науқас адамдар күнітүні хабарласады. «Айгүл Меңлібаевна, осындай боп жатырмын, қалай болады?» деп. Болмаса, өзі хабарласып халін сұрайды. Сондай адамжан. Үйге келсе де демалмай, сол жұмысын жалғастыра береді», — дейді күйеуі Болат Шәріпов.
Арманы мен мақсаты медицина саласын дамытып, науқастарға көмектесу деп білетін Айгүл Меңлібайқызының ұжым алдында да абыройы асқақ. Оны әріптестері нағыз еңбек адамы деп атайды.ktk.kz сайтының материалдарын пайдалану Материалды мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде негізгі мәтін ретінде бір шрифтпен орналастырылуы тиіс материалға тікелей гиперсілтеме болған кезде рұқсат етіледі.