Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:07, 13 Шілде 2023

Шымкентте алаяқтықтың жаңа түрі шықты

None
None

Шымкентте өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар зейнеткерлерді сан соқтырып кеткен.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің таратқан мәліметіне қарағанда, Еңбекші аудандық Полиция басқармасына зейнеткер әйел алаяқтық туралы арызбен жүгінген. Оның айтуынша, оған өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған белгісіз біреу қоңырау шалып, қызының жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған. «Полицей» егер зейнеткер белгілі бір соманы жақын арада үшінші адам арқылы беріп жіберсе, кінәлі адам жазадан құтыла алады деп сендірген. Қоңырау шалушы телефонды сыбайлас қызына береді. Ал ол зейнеткерге оның қызы ретінде, дауысын дірілдетіп сөйлеп, көмек сұраған. Бұдан кейін әйелдің күмәні толығымен сейілген. Нәтижесінде қала тұрғыны алаяқтарға өзінің барлық жинаған 4,5 миллион теңге көлеміндегі ақшасын беріп жіберген.

Сол күні полицияға телефон алаяқтарының тағы бір құрбаны хабарласты. Жол көлік оқиғасына «кінәлі» болған немересіне көмектесу үшін 79 жастағы зейнеткер 2,5 миллион теңге төлеген.

Тергеушілер аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 190-бабы «алаяқтық» бойынша тіркеді. Іздеу шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушілердің үйіне қолма-қол ақша алу үшін келген жігітті анықтады және оны ұстады. Ол Түркістан облысының 16 жастағы тұрғыны болып шықты.

Өзінің берген жауабында жас жігіт мобильді мессенджер арқылы алған нұсқауларға сәйкес әрекет еткенін айтқан. Оның міндеті – айтылған мекенжайлардан ақша алу және оны белгілі бір банктік шоттарға аудару болған. Бұл үшін ол 50-ден 100 мың теңгеге дейін ақы алып отырған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оның аясында қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғалар анықталып жатыр.

Тәртіп сақшылары азаматтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертеді. Алаяқтар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырады, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарлап, белгілі бір сома мәселені шеше алады деп сендіруі мүмкін. Мұндай жағдайда 102 телефоны бойынша полицияға хабарласып, ақпаратты тексеру керек. Ешбір жағдайда үрейленбеңіз, ақшаны бейтаныс адамдардың шотына аудармаңыз, тіпті қолма-қол бермеңіз, – деп хабарлады Шымкент қалалық Полиция департаменті.

Сондай-ақ жақында Шымкентте «субсидия алып беремін» деп таныстарын 1,5 миллион теңгеге алдап кеткен азаматша ұсталды.

Полицияға бұл жөнінде жергілікті әйел арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, алаяқ оны таныстары арқылы мемлекеттен өтеусіз грант алуға көмектесетініне сендірген. Бизнес идеяларын жүзеге асыруға қаражат алатынына сеніп қалған жәбірленуші оған жарты миллион теңгеден астам ақша төлеген. Біраз уақыттан кейін уәде бергіш азаматша арызданушымен араласудан қаша бастаған.

Алаяқтық жайты бойынша Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жедел уәкілдер күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Ол көкөніс базарында сауда жасайтын 38 жастағы қала тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында күдіктінің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен тағы екі адам анықталды. Келтірген залалдың жалпы сомасы 1 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жіберілді, – дейді тергеуші Данияр Жамбулов.

Алаяқ әйел жәбірленушілерге өз ісін бастау үшін қайтарымсыз грант және туыстары үшін атаулы әлеуметтік көмек әперуге уәде еткен.

Алаяқтықтың құрбаны болу көп жағдайда азаматтардың құқықтық сауатсыздығына да барып тіреледі. Сондықтан тәртіп сақшылары алаяқтардың айла-амалына түсіп қалмау үшін мемлекеттік қызметтерді тек тиісті мекемелерде және заң аясында алуға шақырады.

Тегтер: