Шымкентте бесінші аудан құрылады
«Шымкентте жаңа аудан құрылады» деген әңгімелер расқа айналды. Ресми мәлімет бойынша халқының саны 2018 жылы миллионға жеткен мегаполисте енді бесінші аудан ашылады.
Шымкентте бұған дейін аудандардың саны үшеу (Абай, Еңбекші, Әл-Фараби) болған. 2014 жылы төртінші аудан құрылып, оған Қаратау деген атау берілді. Қазір әлеуметтік желіде құрылып жатқан жаңа ауданға атау беру мәселесі қызу талқыланып жатыр.
Жалпы Шымкентте бесінші ауданның пайда болатынын жуырда елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов айтқан. Ол дайындық жұмыстарын қазанға дейін аяқтап, мегаполис жаңа жылды жаңа ауданмен бастап кететінін мәлім етті. Дайындық жұмыстары қазір белсенді жүріп жатыр. Жуырда Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтіп, Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселе қаралды. Сессияға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Мұқан, сенатқа Шымкенттен сайланған депутаттар қатысты.
Шымкент халқының саны тез өсіп келе жатқан қала. Қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, мегаполис тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейеді екен. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында жер көлемі жағынан бірінші орында тұр. Үшінші мегаполистің аумағы Алматыдан екі есеге жуық көп екенін біз бұған дейін де жазғанбыз.
2013 жылы Шымкентке көршілес Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарынан ауыл типтес 41 елді мекен қосылды. Жасыратыны жоқ, жаңа ауылдарда шешілмеген көптеген әлеуметтік проблемалар болды. Бұл шағын аудандар мен тұрғын алаптарды дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Аппарат басшысы осыған байланысты жаңадан бесінші аудан құру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті. Жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Күн тәртібіндегі мәселе Шымкент қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланғандықтан, халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады.
Жауапты азаматтардың берген мәліметіне қарағанда, жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құрайды. Оның тұрғындарының саны шамамен 210 мың болады. Шымкент қаласы мәслихатының сессиясында қалалық әкімдік пен мәслихаттың жаңа ауданның территориясын белгілеу жөнінде бірлескен шешімі қабылданды.
– Шымкент қаласы – еліміздегі үш мегаполистің бірі. Қала аумағы Алматы (682 км²) және Нұр-Сұлтан (797,33 км²) қалаларынан үлкен – 1 170 км². Бесінші ауданды құру қажеттілігі қала территориясын одан әрі дамыту мен саны күн санап өсіп келе жатқан қала халқына сапалы қызмет көрсетуден туындап отыр. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жоғарыдағы қажеттіліктерге сәйкес бесінші аудан ашу жөнінде ұсыныс енгізген болатын. Орталық мемлекеттік органдар тарапынан ұсыныс қолдау тауып, бір жылға жуық жұмыстың нәтижесінде жаңа ауданның территориясы белгіленді. Жаңа аудан өз қызметіне кіріскенше әлі бірнеше процедуралық жұмыстар бар. Жаңа аудан құтты болсын! Еуропаның бірнеше елі сиып кететін Қазақстанымызда облыстар, қалалар, аудандар жабылмасын, тек қана осылай ашыла берсін! – деп жазды қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазір жаңа ауданға атау беру мәселесі қызу талқыланып жатыр. 2014 жылы құрылған жаңа ауданға Қаратау атауын беруді белгілі жазушы Мархабат Байғұт ұсынған еді. Қаратау жалпы қазақ үшін қасиетті ұғым. Шымкенттің бесінші ауданына белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың атын беру туралы бастамалар бар. Асанбай Асқаров сексенінші жылдары Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған жылдары Шымкенттің дамуына ерекше үлес қосқан азамат. Оның тікелей басшылығымен бүгінгі ипподром, зообақ, балалар темір жолы, елімізде теңдесі жоқ дендробақ салынды. Бүгінде оның есімімен Шымкентте мектеп, көше, демалыс аймағы аталады. Айта кетейік, биыл күзде Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толады.
Сонымен бірге жаңа ауданға кісі есімін емес, Шымкент үшін маңызы бар үшін қасиетті атауларды беру туралы да пікірлер бар. Бадам ауданы деп атау туралы ұсыныстар айтылды. Бадам Шымкенттің іргесімен ағып өтетін өзен. Сонымен бірге Шымкентте Қошқар ата әулиелі бұлақ-өзені, қазақтың игі жақсыларының басын қосып отырған, дала парламенті атанған Мәртөбе бар. Қай-қайсысы да аудан атауына лайық.
Шымкенттік атқамінерлер жаңа ауданға атау беру мәселесін көпшіліктің талқысына ұсынып, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыруды жоспарлап отырған көрінеді.