Шымкентте кадрлық дағдарыс
Соңғы уақытта үшінші мегаполистің әкімдігінде шу көбейді. «Шымкенттің мәдениетін көтереміз, туған жерімізді түлетеміз» деген біраз азаматтың жолы болмады.
Біраз шенеунік сотталып кетті. Дәл қазір Шымкентте кадрлық дағдарыс орын алған сыңайлы.
Жыл басында «бюджеттің жарты миллиард теңгесін жеп қойды» деген айыппен қаланың бас сәулетшісі Жеңіс Байымбетов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Өзінің тарихи Отаны – Ресей азаматтығын алып қойған қалалық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қызметінен соттасып, таласып, тіресіп жүріп кеткені белгілі.
Соңғы уақытта қалалық ішкі саясат және жастар ісі басқармасының басшысы Мәди Манатбектің де жылы орнын суытқаны айтылуда. Ол бұл орынға биыл ақпанда тағайындалған болатын. Сол кездері ғой дейміз, ғаламторда Мәди Манатбектің шетелде жүрген оппозиция серкелерімен бірге түскен суреті шарлап кетті. Көпшілік мұны неге жорырын білмей, дал болған еді. М.Манатбектің қызметінен кетуіне қатысты түрлі әңгіме өрбіп тұр. Ендігі мәселе – дау-дамай мен у-шу өршіп тұрған Шымкенттің ішкі саясатының тізгінін кім ұстайды? Бір анығы, бос орыннан дәмесі барлардың қарасы аз емес. Әлдебіреулер тіпті әлеуметтік желіде басқарманың басшысы болуға лайықты деген кандидаттарды ұсына бастады. Әліптің артын бағып көрейік.
Былтыр желтоқсанда қалалық мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалған белгілі әнші Сәкен Майғазиев та Шымкентті тастап кетті. Қалалық мәдениет басқармасы оның кетіп қалуын әншінің шығармашылық жұмыстардан қолы тимей жүргенімен байланыстырды. Майғазиевтің жуырда Наурыз тойын тойлауға бөлінген 500 миллион теңгенің дауы бойынша оппозициялық партияның белсендісімен соттасып, ақыр аяғында арызын қайтарып алғаны белгілі. Оның артынша антикор мәдениет басқармасындағы лауазымды шенеуніктердің «80 миллион теңге пара беруге оқталды» деген айыппен ұсталғанын хабарлады. Бірақ басқарманың өзі мұны жоққа шығарды. Әйтеуір, Шымкентте кейінгі кезде құзырлы органдар мен әкімдіктің арасында осындай түсініксіз жағдайлар көбейе бастаған сияқты.
Жуырда Мұрат Әйтеновтің командасындағы тағы бір басқарма басшысына қатысты қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Қалалық қаржы басқармасының басшысы Кенжебек Жанбосыновқа қатысты Қаратау аудандық соты қаулы шығарды. Мәселенің қысқаша мән-жайы мынадай.
2019 жылғы желтоқсанда «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің отырысы өткен. Отырыста құны 4 823 806 953 теңге ішкі қарызға салынған көпқабатты 518 пәтері бар 9 тұрғын үйді қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына 3 704 886 000 теңгеге сату мәселесі қаралады. Жанбосынов директорлар кеңесінің мүшесі ретінде тұрғын үйлердің сатылуын қолдап, дауыс берген. Осы себепті оған «Акционерлік қоғамдар туралы» заңының 69-бабының талаптарын, яғни ірі мәміле жасасуда шығысталатын жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын ескеру қажеттігін басшылыққа алмай, «оң» дауыс берді деген айып таққан. Тергеу орындарының анықтауынша, «оң» дауыс берудің салдарынан жоғарыда аты аталған акционерлік қоғамға 1 118 920 953 теңге, яғни аса ірі мөлшерде зиян келген көрінеді. Алайда қылмыстық істі қараған Қаратау аудандық соты істі прокуратураға кері қайтарды.
Сот қаулысына қарағанда, директорлар кеңесіне бес адам мүше болған. Оның екеуі – Н.Кабиштаев пен К.Маликов дауыс беруде қалыс қалған. Қалған үшеуі қолдап дауыс беріп, шешім басым көпшілік дауыспен қабылданған. Қолдап дауыс бергендердің бірі – Жанбосынов, біреуі Б.Қалмырза деген азамат, соңғысы сол кезде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ербол Садыр. Орынбасар кеңестің жай ғана мүшесі емес, директоры болған. Бірақ бір қызығы, сотқа тек Жанбосыновтың ғана ісі түскен. Осыған байланысты сот К.Жанбосыновқа қатысты қылмыстық істі бөлек қарау істің жан-жақтылығына және объективтілігіне кері әсерін тигізетінін алға тартып, орын алған елеулі заңбұзушылықты жою үшін істі прокурорға қайтарған.
Яғни, бір сөзбен айтқанда, құзырлы органдар Жанбосыновты кеңес отырысында мекеменің мүддесіне зиян келтіретін шешімге дауыс берді деген айып бойынша қылмыстық жауапқа тартқан. Ал дәл осындай шешім қабылдаған қалған екеу – Ербол Садыр мен Б.Қалмырзаның бүгінгі күні сотталмақ түгіл, үстінен қылмыстық істің қозғалған-қозғалмағаны да белгісіз болып тұр. Біз осы жөнінде түсінік алу үшін Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметімен хабарласқан болатынбыз. Бірақ ондағылар антикор өндірісінде Садырға қатысты істің жоқтығын мәлім етті. Сонда, бұл қалай?
Ербол Садырдың аты-жөні маусымда Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған Ернар Мырзақұловқа қатысты үкімде де аталған болатын. Е.Мырзақұлов Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот үкіміне қарағанда, Мырзақұлов 2020 жылдың мамыр айында лауазымдық өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, көрінеу жалған құжаттар әзірлеп, соны пайдалану арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне келісімшарт негізінде төленуге тиісті 1 391 587 000 теңгеге шектеу қойған. Үкімде осы қылмыстық істе қала әкімінің денсаулық сақтау саласына бақылау жасайтын орынбасары Ербол Садырдың «заңсыз тапсырмалары» туралы жазылған еді. Енді, міне, Садырдың аты тағы сотта аталды.
Ербол Садыр ұзақ жылдар Оңтүстік Қазақстан, одан кейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылы Шымкентке әкім болып келген Ерлан Айтаханов оны өзіне орынбасар етіп алды. Мегаполистің одан кейінгі әкімі Мұрат Әйтенов Е.Садырды бірінші орынбасар лауазымына өсірді. Алайда былтыр жазда індет өршіп тұрған кезде оның қызметінен кетіп қалғаны белгілі болды.
Әйтеновтің бұрынғы бірінші орынбасарына қатысты істің немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Ербол Садыр соттала ма, әлде бұл іс «айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылдының» керін келтіре ме?