Шымкентте «КиберПол» жобасы енгізіледі
Өткен аптада ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың Шымкент қаласындағы халықпен кездесуіне 1500-ге жуық азамат жиналды.
«Түркістан» сарайында өткен басқосуда ине шаншар орын болмады.
Бас полицей алдымен азаматтардың құқықтарын қорғау, қылмыспен күрес барысында атқарылған жұмыстарына тоқталды. Оның ішінде үшінші мегаполис – Шымкенттегі қылмыстық ахуалға, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралар туралы ақпарат берді. Марат Мұратұлы соңғы жылдары өршіп келе жатқан интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, пәтер ұрлығы мен есірткі қылмысына арнайы тоқталды. Оның ішінде үшінші мегаполисте жыл басынан бері 316 интернет-алаяқтық жайтының тіркелгені атап өтілді. Ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық тек Шымкент тұрғындарын ғана емес, жалпы Қазақстан халқын алаңдатып отырған күрделі мәселеге айналды. Марат Ахметжанов аталған қылмыс түрімен күресу үшін Астанада іске қосылған «КиберПол» жобасы туралы ақпарат берді.
— Қазір осындай қылмыстарға қарсы күресті күшейту мақсатында «КиберПол» пилоттық жобасы іске қосылды. Оны Астана қаласында енгіздік, енді Алматы және Шымкент қалаларында енгіземіз. Бұл «КиберПол» жобасы «бір терезе» форматында ұйымдастырылды. Яғни алғашқы тергеу іс-шараларын жедел уәкіл, тергеуші және криминалист бір уақытта, бір жерде өткізеді. Сонымен қатар біз болашақта интернет қылмыстарының жаңа түрлерін анықтау үшін Кибер орталық құру, заңсыз қаражаттардың жолын кесу үшін банктермен интеграция жасау, абоненттік нөмірлерді бақылаусыз сатуға шектеу қою үшін байланыс операторларының және банк карталарын басқаларға бергендері үшін дропперлердің жауапкершілігін енгіземіз, – деді министр.
Жиында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елдегі қылмыс деңгейі жыл басынан бері 19 пайызға, Шымкентте 37 пайызға төмендегені атап өтілді. 5 айда мегаполисте 316 киберқылмыс жасалған, 25,5 келі есірткі және 6,5 келі «синтетика» тәркіленді. Бұл 9 мың адамға шаққандағы дозаға тең.
Министрдің айтуынша, қазір тәртіп сақшыларына реформалар аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастыру қажет. Президент қойған басты міндет – «еңбек адамдарын», яғни олардың өмірі мен денсаулықтарын қорғау, мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың сұранысын қанағаттандыру үшін жағдай жасау.
Баяндамадан кейін сөз кезегі қала тұрғындарының сауалдары мен ұсыныстарына берілді. Микрофон алдында кезекке тұрған азаматтардың кейбірі полиция қызметіне алғыс білдірсе, енді бірі жеке сұрақтарымен жүгінді.
Жалпы жиын барысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов азаматтардың 140-тан астам сұрағына жауап берген. Оның ішінде, 18-і есептік кездесу кезінде, 42-і жеке қабылдау барысында, үшеуі электронды поштаға, қалғаны call орталық арқылы қойылған сауалдар болды.
Қызметтік сапар соңында министр Шымкент қалалық полиция департаментінің жеке құрамымен кездесу өткізіп, қызмет барысындағы кемшіліктер мен артықшылықтарды ашып айтты. Сондай-ақ қызмет барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізген Ұлттық ұлан, Қылмыстық-атқару жүйесі мен Полиция департаменті қызметкерлерін жеке бұйрығымен марапаттады. Сондай-ақ Жедел басқару орталығына келіп, қала тіршілігін бейнекамералар арқылы бақылады.