Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:36, 11 Маусым 2023

Шымкентте қоқыс зауыты салынады

None
None

 Шымкентте заманауи қоқыс өңдеу зауытын салу мәселесі соңғы он бес жылдың көлемінде айтылып келеді.

Қалалық әкімдік бұл іске уақтысында шетел инвесторларын да тартып,  екіарада келісімдерге қол қойылған. Бірақ неге екені белгісіз,  миллионнан астам халқы бар мегаполис үшін маңызды кәсіпорынды салу ісі әлі созылып келеді.

  Шымкент қалалық әкімдігі енді қоқыс өңдеу зауытын салу үшін  үш бірдей шетелдік инвестордың жобасын қарастырып жатыр. Әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, осыған қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түскен. Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, неміс инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Ал әлемге әйгілі испандық AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр. Аталған компания өкілдерінің айтуынша, AEN технологиясы экологияда бірқатар артықшылықтарға ие. Ол «нөлдік қалдықсыз цикл» деп аталатын процесс және экология мен халықтың қауіпсіздігі бөлігінде қабылданған Еуропалық директиваларға сәйкес келеді. Бұл технология электр энергиясын өндіре отырып, қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға, сондай-ақ қоқыс полигонындағы қалдықтарды (шамамен 2 млн тонна) қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Жобаның құны шамамен 200 миллион еуроны құрайды.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметі бойынша  бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстарды көму жұмыстары толық аяқталды.

Бұл бағыттағы жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарға сай жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселді.

Жалпы, бүгінгі таңда Шымкент инвестициялық тартымдылық бойынша республикада алдыңғы орында. Бұл жуырда үкімет отырысында атап өтілді. Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов Вьетнам инвесторларымен кездесіп, тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктерін қарастырды.

Соңғы жылдары Шымкент қаласы мен Вьетнам мемлекеті арасындағы сауда-экономикалық қатынастар нығайып келеді. Былтыр тараптар арасындағы тауар айналым шамамен 1,7 миллион АҚШ долларына жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 13 есеге артқан.

Вьетнам инвесторлары Шымкентте бірқатар салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын. Шетелдіктер қала аумағындағы ескі көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту, тараптар арасында сауда-саттықты дамыту, құрылыс материалдарын өндіру бойынша бизнес жобаларын ұсынды. Кездесуде М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға ұсынылған бастамаларды жіті зерделеп, инвесторлармен қолайлы жағдайда жұмыс жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ Мұрат Әйтенов Қытайдың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй ханыммен кездесіп, Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер барысында екі қала – Шымкент пен Сиань қалалары арасында ресми түрде бауырластық байланыс орнатты. Сонымен қатар алдағы уақытта Сианьде Қазақстанның Бас консулдығы ашылатын болды.

Былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналым 236,6 миллион АҚШ долларына жеткен. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан миллионды қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтеді. Мегаполистің Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болуда әлеуеті зор.

Тегтер: