Шымкентте жоғалған 18 жастағы қыздың денесі жертөледен табылды

Шымкентте жоғалған 18 жастағы бойжеткеннің денесі өзі тұрып жатқан үйдің жертөлесінен табылды.
Оны өлтірді деген күдікке студент қыздың туған жездесі ілініп отыр.
Еріктілердің айтуынша, Аида Әбілда 3 тамыз күні үйден шығып кетіп, оралмаған. Жоғалған қыз Долана-Бұлақ колледжінің бірінші курс студенті болған. Түркістан облысының тумасы оқуына байланысты Шымкент қаласындағы үлкен әпкесінің үйінде уақытша тұрған.
Бойжеткенді іздестіру және оның орнын анықтауға Шымкент қалалық полиция басқармасының бүкіл жеке құрамы жұмылдырылды. Оның суреті бар бағдарлар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Бірақ іздеу нәтижесіз болған.
8 тамызға қараған түні қыздың туыстары Әл-Фараби ауданының полициясына оның мәйітін үйдің жертөлесінен тапқаны туралы хабарлаған.
Полицияның мәліметінше, денесінде зорлық белгілері бар мүрдені төсек жаймасына орап тастаған. 18 жастағы балдызын өлтірді деген күдікке оның жездесі ілінген.
Іс жүзінде ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының шеңберіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.