Шымкентте жолды жауып тастаған кәсіпкер жазаланды
Полицейлердің хабарлауынша, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шымкентте әкімдік уәде еткен ақшаны алу үшін жолды жауып тастаған кәсіпкер жауапқа тартылды.
Полицейлердің хабарлауынша, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін «102» пультіне әл-Фараби ауданындағы көшелердің бірін жергілікті тұрғын жол жиегіне құрылыс топырақтарын түсіріп, жауып тастағаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына аудан әкімі, прокуратура және полиция қызметкерлері келді. Ер адаммен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құқық бұзушыға қатысты Әкімшілік кодекстің 614-бабы „Көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау“ бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», — деп мәлімдеді қалалық полиция бөлімі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, аудан әкімдігінің қызметкерлері осыдан төрт жыл бұрын кәсіпкер Бақытжан Ошақбаевтың жер телімін алған. Премьер-министр сапарының алдында билік бұл жерге жедел асфальт төсеу үшін аумақты сатып алу туралы шешім қабылдаған. Алайда кәсіпкерге уәде етілген ақша әлі төленбеген.
Ашуланған және уәделерден шаршаған адам төтенше шара қолданып, жолды жауып тастады. Нәтижесінде ондаған көліктер өте алмай қалған. Жұмысқа асыққан адамдар «неге үнемі халық зардап шегуі керек» деп шу шығарды.