Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 03 Наурыз 2022

Шымкентте жүздеген тұрғын баспанасынан айырылып қалуы мүмкін

None
None

Шымкентте ықшамауданның жүздеген тұрғыны көшеде қалуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, жаңа бас жоспар бойынша жер көпқабатты үй салуға пайдаланылуы мүмкін, — деп хабарлайды  «Жас Алаш»  тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жұрттың айтуынша, 15 жыл уақытта ықшамауданға өздері газ, жарық тартып, тіпті жолдарға қиыршық тас төсеген. Көбісі үй салуға алған несиесін әлі төлеп жүр. Енді олар мұның бәрін, тіпті өтемақы төлесе де бергісі келмейді.

«Жер телімін алдық, ақша жинадық, осы үйді қанша жыл жүріп тұрғыздық! Енді ғана өз шаңырағымызда өмір сүріп жатқанда, бәрін тартып алмақ», — дейді аудан тұрғыны Жандос Шалхарбаев.

«Осы аудандағы үйлердің бәрін — жолдың оң және сол жағы да сүріледі дейді. 6-сектор, 3-сектор бұзылады дейді. Әр әкім өз жоспарын жасап, әр сыпырғыш өзінше сыпырады. Әрине, оларға қазір осында салған тиімді», — дейді тағы бір жекеменшік үй иесі Бауыржан Сәметай.

«Бұл үйлерді қалай алғанымызды, шелектеп суды қалай тасып, қалай ақша жинағанымызды ешкім білмейді. Енді осының бәрін тартып алса, не істейміз? Біз бермейміз!» — дейді тұрғын Қалдыкүл Жаңабаева.

Тұрғындар өз талабын әкім Мұрат Әйтеновке жеткізуді жөн көрген. Олар әкімнің халыққа есеп беру кездесуіне кіріп, жағдайды айтқан. Ол жерде жеке секторды бұзу және көпқабатты үйлер салу әзірге тек талқылауға шығарылғаны белгілі болған.

«Бас жоспар әлі дайындалады. Ұсыныс ретінде. Шешімді қала тұрғындары қабылдауы керек. Бәрі сөзбен емес, құжатпен рәсімделуі керек. Қазір жоспар әлі дайын емес. Шілде немесе қыркүйекте кездесіп, жоспарды таныстырамыз. Қаласа қолдайды, болмаса қолдамайды», — дейді Мұрат Әйтенов.

Әкім қала тұрғындарының саны тым жылдам өсіп жатқандықтан, көпқабатты үйлер салу қажетті шара екенін түсіндірді. Ал жиылған жұрт сот арқылы өз үйі мен жерін қорғағысы келеді.

Тегтер: