Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 25 Сәуір 2023

Шымкенттік шенеуніктер пара алудан «рекорд» жаңартты

None
None

Соңғы екі-үш жылдың көлемінде Оңтүстікте, дәлірегі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасап ұсталуы жиілеп тұр.

Атқамінерлер қарапайым халықтың түсіне де кірмеген пара алатын дәрежеге жетті. Бұл нені білдіреді? Ақшаның құнсызданғанынан ба, әлде шенеуніктердің тәбетінің күшейе бастағанын ба? Соңғысы шындыққа жақынырақ сияқты.

Шымкент қаласында екі шенеунік аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды. Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Дәурен Ерғариннің таратқан мәліметіне қарағанда, антикор мегаполистегі бір аудан әкімінің орынбасары мен әкімдіктің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

— Олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы мегаполисті абаттандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу келісімшартын орындау кезінде кәсіпкерден қамқорлығы үшін 60 миллион теңге мөлшерінде пара алды деп күдікке ілінді. Шымкент қаласы сотының санкциясымен әкімнің орынбасары 2 ай мерзімге қамауға алынды, – дейді әлеуметтік желідегі жазбасында Дәурен Ерғарин. Шымкенттің бас антикорының айтуынша, өзге ақпараттар жария етуге жатпайды. Ол сонымен бірге, Конституция мен Қылмыстық-процестік кодекстің баптарына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінә тек соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленетінін ескертіпті. Яғни Ерғариннің бұл сөздерінен ұсталғандардың өз кінәларын мойындамағанын, өздеріне тағылған айыптаулармен келіспегенін байқауға болатын сияқты.

  Шымкентте қазір бес аудан бар. Ұсталғандарды нақты қай аудандық әкімдіктің қызметкерлері екендігі айтылмады. Осыдан екі аптадай уақыт бұрын әлеуметтік желіде Шымкентте бір аудан әкімінің парамен ұсталғаны туралы ақпарат тарап, кейінірек, ұсталған әкім емес, оның орынбасары екендігі айтылып еді. Сол ақпараттың түбі расқа айналды.

Әрине, соттың үкімі шықпай жатып, пәлен-түген деуден аулақпыз.  Бұл істің мән-жайы әлі толық белгісіз. Бірақ егер ұсталғандардың кінәсі дәлелденсе, онда олар оңтүстікте пара алудың «рекордын» жаңартатын болады. Ал бұған дейінгі «рекордсмендер» кімдер еді? 

2021 жылы Түркістан облысы Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділхан Кенегесов мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айыппен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Аудандағы қарапайым бөлім басшысының 30 миллион теңге парамен ұсталуы көпшіліктің жағасын ұстатты. Үкім күшіне енген соң Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арыз берді. Алайда облыс әкімі Шөкеев оны қабылдамады. Есбаев 2020 жылы да қарамағындағы ауыл әкімінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін отставкіге арыз беріп, кешіріммен қызметінде қалдырылған болатын. Масқара болғанда былтыр Келесте тағы бір ауыл әкімі қазынаның қаржысын талан-таражға салғаны үшін сотталды. Отставкіге үшінші мәрте арыз берген Есбаевты облыстың жаңа әкімі Дархан Сатыбалды есіркеген жоқ. 

2022 жылдың ақпанында Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ірі көлемде парамен ұстады. Жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген мердігерге «менің тірліктерімді қашан шешесің?» деп, саусақтарын жыбырлатып жүрген әкім 98 мың 500 доллар параны арнайы жіберген адам арқылы алмақ болған (төл валютаға шаққанда ол 42 миллион теңгені құрайды). Құзырлы органдар Махажановты ұстаған бойда Алматыға алып кетті. Шілдеде сот оны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тамызда үкім күшіне енген соң енді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі отставскіге кету туралы арыз берді. Президент оның арызын қабылдады.

Міне, енді Шымкентте аудан әкімінің орынбасары «ставканы» 60 миллион теңгеге көтерді. Байқағандарыңыздай, оңтүстіктің шенеуніктері параның «рекордын» жыл сайын жаңартатын дәрежеге жетті. Бұл базардағы баға ғана емес, атқамінерлердің алатын парасы мен «откатының» да өсіп отыратынын білдірсе керек.

Егер әкім орынбасары мен бас маманға айыптау үкімі шықса, бұл үшін кімдердің отставкіге кететінін уақыттың еншісіне қалдырдық.  Күтіп көрейік.

Тегтер: