Шымкенттің бас жоспарын үкімет мақұлдай ма?
Мамандардың талқылауынан өткен Шымкент қаласының бас жоспарын мәслихат депутаттары бекітті.
Енді үшінші мегаполистің басты құжаты үкіметтің қарауына жіберіледі.
Қаланың жаңа бас жоспарын дайындауға мамандар екі жыл уақытын жұмсаған. Аталған құжат бойынша Шымкентте 2035 жылға қарай 1 млн 800 мың адам тұрады. Бас жоспардағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру. Құжатта жол, логистика, кәріз жүйесі, инфрақұрылыммен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралған. Тұрғын үй қорының жағдайы, халықтың орналасу тығыздығы, әлеуметтік-мәдени нысандардың орналасуы және басқа бағыттар бойынша талдау жүргізілген. Жобаны әзірлеуде инфрақұрылым нысандарының тұрғындар үшін барынша қолжетімділігі ескерілген.
Депутаттардың мақұлдауынан кейін бас жоспар енді үкіметке жолданады. Үкіметтің осы жөнінде арнайы қаулысы шыққан соң, құжат қабылданады.
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үшінші мегаполисінің даму қажеттіліктері мен алдағы уақыттағы әлеуетін ескере отырып, қаланың бас жоспарын жаңарту бойынша тапсырма берген болатын. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда 116 280 гектар үлкен аумаққа заманауи топографиялық карта жасалып, 25 қабаттан тұратын векторлық форматқа түсірілді. Қаладағы қазіргі баспана қорының жағдайына барлық сипаттама бойынша терең талдау жасалды, 275 жер-кадастрлық учаске бойынша халықтың қоныстануы, әлеуметтік мәдениет нысандары және басқа да көрсеткіштер зерттелді. Шаһардың басты көлік күретамырын құрайтын негізгі көшелер мен жолдардың сызбасы әзірленді.
Жаңа бас жоспардың жобасы көпшілікке таныстырылып, алғаш рет 1 айдан астам уақыт қоғамдық талқылаулар өткізілді. Көрмеге 2000-нан астам тұрғын келіп, 149 ұсыныс түскен.
Мамандардың айтуынша, қаланың полиорталығын дамыту Шымкенттің бас жоспарының негізгі ерекшелігінің бірі саналады. Яғни қаладағы әр әкімшілік аудан, соның ішінде жаңа, бесінші аудан да өз орталығымен, саябақтарымен, бүкіл әлеуметтік инфрақұрылымымен өзін-өзі қамтамасыз ете отырып, өздігінен дамитын болады. Тұрғын аудандар үшін барлық қажеттілік жаяу жететіндей жерде болады.
Бас жоспар аясында қаланың геоақпараттық жүйесі әзірленуде. Ол 16 мемлекеттік қызмет пен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесін қамтиды. Яғни инфрақұрылым жүйелері цифрландырылады.
Жаңа бас жоспарға сәйкес, Шымкент 2035 жылға дейін бәсекеге қабілетті, экономикасы мен инженерлік, көлік-логистикалық инфрақұрылымы тиісті дәрежеде дамыған агломерация орталығына және республикадағы ірі тарихи-мәдени әрі өндірістік орталықтың біріне айналады.
Биыл Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына 5 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында мегаполистің өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 есеге ұлғайған. Қала бюджеті 613 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Осы жылдары бірінші кезекте Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы артты. Бүгінге дейін жалпы жобаларға 2 трлн теңгеден астам қаржы құйылған. Енді мамандар 5 бағыттағы 867 гектар өндірістік аумақты дайындамақ. Онда инвестициялық құны 400 млрд теңгені құрайтын 284 жоба іске асырылады. Соның аясында 12 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Мұндай мәліметтерді жуырда елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов жария етті. Әкімнің айтуынша, 2025 жылға дейін үшінші мегаполистегі инфрақұрылым мәселесі толығымен шешімін табады. – Биыл электр жүйелері мен ауыз су мәселесін шешсек, 2025 жылға дейін газбен қамту толық аяқталады. Жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 2018 жылы 54 пайыз болса, биыл 71 пайызға жеткіземіз, – деді Мұрат Әйтенов.