Шымкенттің өнімдері экспортқа шығарылады
Республика күні мерекесі қарсаңында үшінші мегаполис –Шымкентте бірқатар нысандар ашылып, ел игілігіне берілді.
Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы мен қолдауымен Шымкентте елімізде ғана емес, Орталық Азияда баламасы жоқ алюминий банкаларын шығаратын ірі кәсіпорын іске қосылды.
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жаңа кәсіпорынның ашылуына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, лентасын қиды.
QAZALPACK компаниясы – Шымкентте сусын түрлерін өндіруші саланың қарқынды дамуына зор септігін тигізетін, жоғары стандартқа сай жасалған ең озық үлгідегі заманауи өндіріс ошағы. «Оңтүстік» индустриялық аймақта орналасқан бірегей кәсіпорынның аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Қуаттылығы жылына 600 млн алюминий банка шығаруға негізделген. Өнімдерімен Қазақстан нарығын қамтып қана қоймай, экспортқа шығаруға қауқарлы.
Алюминий экологияға зиянсыз, пайдасы – мұндай құтыны бір емес, бірнеше рет өңдеп, өндірістен қайта шығаруға және оны қайтадан пайдалануға болады.
Министр аталған жобаның маңыздылығына назар аударып, үшінші мегаполис экономикасын өркендетуде осындай өндіріс орындарының үлес салмағы басым болуы қажеттігін айтып өтті.
Ал қала басшысы М.Әйтенов Шымкентте мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл санап, жаңа өндіріс орындары артып отырғанын алға тартты.
— Бүгін Орталық Азиядағы алюминий банкалар шығаратын алғашқы зауыттың құрылысы аяқталды. Өз кезегінде жаңа тың жобаны іске асырған компания ұжымын құттықтаймын! Біз еліміздегі үшінші мегаполистің экономикасына ауқымды инвестиция тартумен қатар, жоғары стандарттарға сай келетін өндірісті дамытып, импорттық үлесті азайту бағытында жұмыс істейтін боламыз, – деді әкім.
Айтып өтейік, жоба аясында газдалған және газдалмаған, төмен алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған әртүрлі көлемдегі, оңай ашылатын қақпағы бар алюминий банкаларын шығару жоспарланған. Алғашқы қадамдар жасалынды. Енді зауыт басшылығы 145 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз деп отыр.
Сондай-ақ Республика күні қарсаңында Шымкенттің Абай ауданына қарасты Жаңаталап елді мекеніндегі подстанция іске қосылды. Енді жергілікті 1361 үй сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасты. Берілген уәденің уақытылы орындалғанына дән риза халық әкімдікке алғысын жаудырды.
— Біздің бірнеше жылдан бергі арманымыз орындалды. Халықпен етене жұмыс істейтін ашық үкімет осындай болар. Тұрғындардың уәжін тыңдап, соны жүзеге асыру үшін елді мекенімізде құрылыс жұмыстары былтыр басталған еді, міне, енді бір жылға жетпей, бекітілген мерзім ішінде сапалы электр энергиясын тұтынатын болдық, – деді ашылу рәсімінде сөз алған азаматтар.
Жаңаталапқа 42,190 шақырым электр желісі тартылып, 21 трансформатор мен 1312 бағана орнатылған. Тұрғындар электр қуатын бүгінге дейін жекеменшік желіден тұтынып, әр кВТ үшін 27-30 теңге аралығында төлем жасап келген. Енді олар бұрынғыдан қарағанда тиімді бағамен, яғни 17,9 теңгемен төлем жасайтын болады.
Қазіргі уақытта құжаттары дайын үйлерге абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін «Достық», «Тұран», «Нұртас», «Сәуле», «Жаңаталап» және «Солтүстік саяжай» елді мекендеріндегі құрылыс жұмыстары толықтай аяқталады. Жоспарға сәйкес 2023 жылдан бастап мегаполис тұрғындары электр қуатынан тапшылық көрмейтін болады.
Сонымен бірге Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов өткен аптада қаладағы бірқатар оқу ордаларының құрылыс жұмысын тексерді. Солардың бірі – былтыр құрылысы басталған «Нұрсәт» ықшам ауданындағы Оқушылар сарайы.
Жобаны салудағы мақсат – оқушыларды сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде сабақ өткізуге және педагогтардың, ата-аналар мен балалардың тәрбие саласындағы өзара іс-қимылына жағдай жасау, балалар тұлғасының шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени әлеуетін дамыту.
7-18 жас аралығындағы 500 оқушыға шақталған нысанның 42 пайызы дайын. Ғимарат 3 қабатты, 3 блоктан тұрады. Бұдан бөлек, 81 көлікке арналған көлік тұрағы және 35 адамдық асханасы болады.
Нысанның құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.
Шаһар басшысы:
– Білімді ұрпақ – іргелі елдің кепілі, сондықтан оқушыларымыздың жеке жобаларымен, шығармашылықпен және спортпен айналысатын өз ордасы болуы керек, – деп, жауапты мамандарға нысан құрылысын жоспарға сай уақытында аяқтауды тапсырды.