Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:22, 08 Тамыз 2023

Шынар Пазылбекқызы, демограф: Ресейдегі геосаяси жағдай еліміздің көші-қон статистикасына қандай өзгеріс әкелді

None
None

Демография – кез келген мемлекет үшін ең басты мәселе. Себебі қандай да бір мемлекеттің дамуына халықтың саны әсер етеді.

Халық көп болса, жұмыс күші де көп деген сөз. Ал біздің мемлекетіміздегі қазіргі жалпы демографиялық ахуал қандай деген сұрақ төңірегінде белгілі демограф Шынар Пазылбекқызымен сұхбаттасқан едік.

– Былтырғы жылға қарағанда биыл еліміздің демографиясында айтарлықтай өзгерістер бар ма?

Соңғы онжылдықта Қазақстан халқының саны 16 910 246 адамнан 19 765 004 адамға өсіп, өсу қарқыны 16, 9 пайызды құрады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі халық саны 2021 жылмен салыстырғанда 261 845 адамға өскен.

Пандемия кезеңін 2020, 2021 жылдар деп есептесек, бұл жылдары елімізде өлім-жітім деңгейімен қатар туу деңгейі де күрт өсті. Бұл ерекше жағдай, ел аузында «карантин бэби-бумы» деп аталады. 2012 жылдан бері қалыптасып келген теріс көші-қон айырмасы көрсеткішінде де еліміз үшін сәл оң өзгерістер болды. Әрине, әлемдегі карантиндік шараларға байланысты көші-қонды рәсімдеу шараларының кейінге қалдырылуымен байланысты болуы мүмкін.

Енді «Өткен 2022 жылы еліміздің демографиясында не өзгерді» деген сұраққа келетін болсақ, біріншіден, туу көрсеткіші төмендеп, 2021  жылғы бір әйелге орта есеппен 3,3 баладан 2022 жылы 3,1 балаға түсті. Екіншіден, өлім-жітім деңгейі айтарлықтай жақсарып, өмір сүру ұзақтығы 2021 жылмен салыстырғанда 4,6 жылға өсті (2021 жылы – 68,9 жас, 2022 жылы – 73,5 жас). Үшіншіден, Ресейдегі геосаяси жағдай еліміздің көші-қон статистикасына біршама өзгеріс әкеліп, елімізден кетушілер саны елімізге келушілер санынан 6000 адамға ғана басым түсті. 2021 жылы басымдық 21 217 адамды құрады.

– Статистикалық деректерге назар аударсақ, еліміздің Солтүстік өңірлеріне қарағанда Оңтүстік-Батыс өңірлерінде туу көрсеткіші жоғары. Бұған экономикалық, әлеуметтік саясаттың әсер етуі мүмкін бе?

 –Халқымыздың көбеюінің бірден-бір көзі туу болса, соның ішінде оңтүстік және батыс өңірлердің туу деңгейі айтарлықтай жоғары. Жоғарыда айтылған «карантиндік бэби-бумды» сарапшылар карантиндік шаралармен тұспа-тұс келген 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға арналған арнайы жәрдемақының енгізілуімен де байланыстырады. Бұл кезде Қазақстанның барлық дерлік өңірлерінде туу көрсеткіші біршама жоғарылады.

Ал жалпы Батыс және Оңтүстік өңірлердегі туу деңгейінің жоғары болуы бірінші кезекте бұл өңірлердің дәстүрлілігі басым мәдени даму ерекшелігіне байланысты. Өңір халқы үшін «көпбалалылық» әлі де басты құндылық болып табылады.

–Ана мен бала денсаулығына қатысты қандай жобалар іске асырылуда, тағы қандай өзгерістер қажет?

– Қазір ана мен бала денсаулығына қатысты шаралар «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аумағында жүзеге асырылып жатыр. Менің ойымша, ана мен баланың денсаулығын жақсартуға қатысты тағы да біршама өзгерістер қажет. Біріншіден, еліміздегі денсаулық сақтау саласын жақсарту қажет. Бұл перинаталдық орталықтарды, балалар ауруханаларын салу және жаңғырту, медициналық кадрларды сапалы дайындау бойынша белгілі бір шараларды қабылдау қажет. Атап айтсақ, баланың медицина қызметкері болуға ұмтылуы үшін медицина қызметкерлерінің мәртебесін тиісінше көтеру, мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу, медициналық оқу орындарының студенттеріне қойылатын кәсіби талаптар қатаң болуы керек. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар облыстың, оның ауылдары мен қалаларының денсаулық сақтау мекемелері мен медициналық кадрларға қажеттілігін үнемі қадағалап, қажеттілікті жою жұмыстарын алдын ала жоспарлауы қажет.

Екіншіден, жүктілікті жоспарлау мәселелері бойынша әйелдердің сауаттылығын арттыру жұмысын жүргізу қажет. Дәрігерлер жүктілікке қарсы көрсетілімдері бар әйелдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуі, медиа кеңістікте де тиісті ақпарат беруі күшейгені дұрыс.

Үшіншіден, шұғыл ота жасауды немесе қымбат дәрі-дәрмекті қажет ететін балаларға мемлекеттен қаражат бөлу жұмысын дұрыс жолға қойған абзал.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: