Шындығын жоғалтып алушылардың көбеюі – ұлт үшін үлкен қасірет
«Жас Алаш» газетіндегі (№85, 25 қазан 2022 ж.) Жарас Шөкенің «Алалаудың астарында не жатыр?
» атты мақаласына байланысты өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.
Соңғы жылдары аталмыш мақалада орынды айтқандай, мереке-мейрам сайын шүлен таратқандай төсбелгі үлестіру дәстүрге айналып барады. Ең бастысы, билікке қызылкөз болмасаң болды. Шақырады да кеудеңе тағып, «Еңбек ері», «Халық қаһарманы» қылып жібере салады. Жасырып не керек, билік үшін сайлау алдында бұл да бір саяси технология болды. Елге белгілі азаматтар мен айтқыш, жазғыштардың аузын жабудың жақсы амалы. Ал атақ алған адамның барлығы идеологияның, не болмаса саясаттың құлына айналады. Яғни омырауына орден таққан адам қисық сөйлей алмайды. Өзін-өзі жарнама жасағанды жақсы көретін билік үшін өз позициясын білдіре алмайтын, қарсылық танытпайтын жалтақ жандар керек-ақ! Сонда ол қандай зиялы болғаны? Ақша табу, жан бағу, көріп тұрып көрмеу, үндемеу, сол билікті мақұл деу – зиялы деген осы болар? Күні кеше ғана танымал тұлғалардың ғарышкері, математигі, ақын-жазушылары бар президентті жер-көкке сыйғызбай, аспандата, жарыса мақтағанын көзіміз көрді. Көпірме сөзбен көрегенділіктің ара-жігін ажырата алмайтын заманға тап болдық дегеннің кері келді.
Жалпы, дәл осы кез – билік басындағыларға мадақ айтатын кез бе еді? Қымбатшылық алқымнан алып, қарапайым халық «шықпа жаным, шықпа» деп отыр. Кешегі қаңтар қырғынында талай жанның қырылып қалғанын, денсаулығынан айырылып, темір торға қамалғанын ұмыттық па? Қанша жанды қара жамылдырғанымызды естен шығардық па? Ендеше, содан шыққан қорытынды қайда? Олардың сұрауы кімнен? Осының бәрін көрсе де көрмеген, естісе де естімеген боп, биліктің әділетсіздігін батыл айту орнына оны қолпаштауға бейімділігі, қара басының қамы үшін шындықтан жалтаруы, сөйтіп, бәрі жақсы, керемет деп, ел атынан қоғамдық-саяси өмірге өз бағасын бергісі келеді. Билікке мадақ айтқыштар – халықтың бүгінгі өмірін, тұрмыс-тіршілігін, ниетін білмейтіндей олардан соншалықты алыстап кетті деп айта алмайсың. Біледі, білгенде қандай?! Бірақ сол баяғы етінен өтіп, сүйегіне сіңген жағымпаздық. Билікке ұнамай қаламын ба деген жалтаңкөздік.
Билік – адамды жасаған қызметіне, істеген ісіне емес, жағымпаздығына қарап бағалайды. Бұл – авторитарлық жүйенің, билік басындағылардың өмір сүру принципі. Алдау, арбау, жағымпаздықтың, жемқорлықтың салдарынан халық әбден кедейленді, ыңыршағы шықты. Елдің тұрмысының нашарлауына отыз жыл бойы халықтың рухын жаншып, рухани жаңғырмауына, халықтың үнінің билікке жетпей қалуына билік басындағыларды мақтағандар кінәлі. Сонда әлгілердің рухани сатқындығын, ұлт мүддесін аяққа басқан пендешілігін мүлде ескермей, бірінің ғарышкер немесе математик болғанына бола, енді бірінің өлең құраудағы шеберлігіне ғана құрметпен қарауға тиістіміз бе? Олардың сөзі басқа, ісі бөлек болғанын неге айтпаймыз? Бүгінде халық билік басындағыларға ашық жағымпаздарға сыйластықпен қарамайды. Тұлға сатқындықтан күйрейді. Қолшоқпарға айналған адамды қазақ «итаршы» деп те атайды. «Итаршы» әркімнің адам ретіндегі табиғатын, танымын байқатса керек. Ал намыс ардың ісі, тектілік белгісі. «Танытса жігіт шіркін-ай, тектілік мінез қырандай» деп мықты да текті кісі бұлаң құйрық бұқпантай ойнамайды. Қазақ зиялылары, ел қалаулылары осы принципті берік ұстап, арымды сатпаймын, адалдықтан аттамаймын, арты не болар екен деп қорықпай, ойындағысын ашық айтса, экономикамызда да, саяси өмірімізде де орны толмас, өкініші кетпес қателіктерге жол бермесіміз анық.
Бүгінде өтірік пен сатқындықтың, жағымпаздықтың жүйесі әлі жойылмай отыр. «Соқыр көргенінен жазбайды» деп, билік өздеріне көзтаныс адамдарға атақ-даңқты үйіп-төгіп беру – Жаңа Қазақстанның жолы емес. Билік мұнысымен өздеріне қарсы адамдардың санын көбейтпесе, азайтпайды. Қоғамдағы ұлы қасірет адамның екіжүзділігінен басталады. Шындығын жоғалтып алушылардың көбеюі – ұлт үшін үлкен қасірет. Бүгінгі ақиқат сол – жағынсақ, ең алдымен туған халқымызға жағыну ләзім ғой. Себебі осы халықтың арқасында – патшамыз, әкімбіз, ақын-жазушымыз. Билік те, байлық та – көшпелі, уақытша. Ал халық – мәңгі. Сондықтан да халық алдындағы парыз бір адамның алдындағы қарыздан әлдеқайда жауапты.