Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:02, 17 Желтоқсан 2019

Шыңғыс ханды қазақ деп жүргендерге...

Есімі төрткіл дүниеге әйгіліШыңғыс ханға (Темужин) арналған еңбектер көп. Кейбір деректерге қарағанда, ол туралыжазылған ғылыми шығармалар тізімі 800-ден асып жығылатын көрінеді.

Осылай болуыкерек те. Өйткені әлемді дүр сілкіндірген ұлы қолбасшының қызулы саяси оқиғаларғатолы өмірі мен қызметін әр қырынан ашу үшін қаншама басылым жарық көрсе де артықтықетпейді. Алайда соңғы жылдары Шыңғыс ханның ұлты моңғол екендігіне күмәнкелтіретін жұмыстар жарияланып жүр.

Мамандықтары тарихшы емес бұл туындылардың авторлары оның сүйегі қазақдеген қағиданы ұстанып, сол ойларын ғылыми негізде дәлелдеп қалуға тырысып бағады.Сол әуесқой зерттеушілердің бірі: «… языкмонголов Чингис-ханабыл современным им казах­ским языком. Думаю, что в этом вопросе надо поставитьточку и принять как аксиому то, что Чингис-хан говорил на языке, на кото­ром говорилипредки казахов ХІІІ века», – дей келе: «Чингис-­хан – великий сын казахского народа»деген секілді түйін жасай­ды. Оқырмандарды таңғалдырып, екіұдай күйге түсіретінмұндай кесімді тұжырым ғылыми ортада жаңа бір пікірталастың басын ба­стап отырғандай.Мәселенің даулы тақырыпқа айналып отырғанын ескеріп, біз осы мақалада аталмыштарихи тұлғаның шығу төркінін объективті тұрғыда саралауды жөн санадық.

Этнограф-ғалымдар кез келгенхалық пен оны құрайтын адамдардың тілі олардың «басты этникалық белгісі» екендігін әлдеқашан дәлелдеп қойған.Демек, Шыңғыс ханның ана тілін айқындау арқылы оның моңғол мен қазақ халықтарыныңқайсысына жататындығын анықтауғаәбден болады. Ол үшін Темужиннің ататек шежіресіне назар салған жөн. Себебіондағы кісілердің атта­рында келтірілген сөздер проблеманы әділ шешуге мүмкіндікбереді.

Бізге қажетті материалдар «Моңғолдың құпия шежіресінде» сақталған. 1240жылы жазылып біткен бұл жылнамада Шыңғыс ханның ата-бабалары төмендегідей ретпенбаяндалады: Тэмужин – Есүхей – Бартан батыр – Хабул — хаан – Түмбихай шешен –Байшинхор – Хайду — Хачи хүлүг – Мэнэн тудун – Хабич батыр – Бодончар мунхаг –Добу мэргэн – Торголжин – Боржигидай – Харчу – Шинсочи – Ихнүдэн – Сальхачау –Уужим – Хоричар мер­ген – Тамача – Батцагаан – Бөртэ Чино.

Шежіреден байқағанымыздай, Шыңғыс хан Бөрте Чиноның 23-ші ұрпағы. Енді осыкісі аттарындағы сөздердің мағынасын ашуға талпыныс жасайық. Ескерте кетерлікжайт, моңғол-қазақ сөздігімен жұмыс істеу барысында кейбір қиыншылыққа жолықтық.Мы­салы, көне және қазіргі моңғол тіліндегі бірсыпыра сөздердің құрылымындаайырмашылықтар бар екен. Соған байланысты ондай сөздерді жуық мөлшермен болсада қазақшаға аудардық. Сондай-ақ қарастырылатын сөздердің көлемі шағын мақаладаұзақтау көрінуі мүмкін. Десек те, көтеріліп отырған тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігінкөңілге түйсек, өзімізге мұндай еркіндікке рұқсат бергенімізге түсіністікпен қарауғаболатын шығар деп ойлаймыз. Сонымен:

1. Темужин: төмөр — темір; төмөр-чин – ұста.

2. Есүхэй < ес + үх + эй: ес- тоғыз; уг -1, тамыр, 2, ауыс. тегі; тоғызтекті.

3. Бартан батыр: бардан (бардам) – мақтаншақ, өркөкірек.

4. Хабул < хав + ул: хав – күш; ул – тірек; күшті тірек.

5. Тумбихай: тумбий-х –томпию, дөңкию, домалану, дүрдию;

6. Байшинхор < байшин +хор: байшин – үй; хор – ыза, ашу; ашулы үй.

7. Хайду: хайдаг – өсекші.

8. Хачи хүлүг: хашин – тозған,ескірген; хүлэг – байлауыш; тозған байлауыш.

9. Мэнэн тудун: мэнэнцэр – 1, меңіреу, миғұла; 2, жарымес, нақұрыс, ақымақ.

10. Хабич: хавьчаа –мазасыз.

11. Бодончар мунхаг <бодон + чар: бодон – қабан; шар – ыза, ашу; мунхаг – надан, топас; ашулы қабан– топас.

12. Добу < доб + у: дов –томпақ; довь – көк түлкі.

13. Торголжин < торгол +жин: торго(н) – торғын, жібек; жин – керуен; жібек керуені.

14. Боржигидай < бор +жиги + дай: бор – боз, сұр; жигийнэ – х – алыс кету, алыстап кету, бұлдырапкету.

15. Харчу < харч + у:харш (харь) – жат, өзге, бөтен.

16. Шинсочи < шин + сочи:чин – шын; сочи (цочи) – шошу, үрейлену, қорқу, сескену; шын қорқу.

17. Ихнүдэн < их + нүд +эн: их – үлкен; нүд – көз; үлкен (бадырақ) көз.

18. Саль хачау: сал – әлсіздеу;хашаа – каша, қора, аула; әлсіз қаша.

19. Уужим – сабаз, маңғаз,байсалды, байыпты.

20. Хоричар < хори + чар:хор – ашу, зиян, кесір, зәр, зардап; шар – ыза, ашу; зәрлі ашу.

21. Тамача: тамшаа – 1, паң сияқты, сұсты сияқты; 2, тоқ, тоқмейіл, қанағатты.

22. Батцагаан < бат +цагаан: бат – берік; цагаан – адал; адалдыққа берік.

23. Бөртэ Чино: чоно – қасқыр;бөрте қасқыр (жас қасқыр).

Осы ретте, Шыңғыс ханның өзінің Бэгтэр, Белгүдэй,Зочи Хасар, Хачиун, Тэмүгэ-отчигин есімді аға-інілерінің, Жошы, Чахартай, Үгэдэй,Тулуй сияқты ұлдарының және Батый сынды немересінің де аттарының мағынасын аша кетсек айып етпес.

1. Бэгтэр – сауыт (темір киім).

2. Белгүтэй< белг + үтэй:бэлэг – белгі, таңба, ырым; үтэр – жедел, шапшаң, тез.

3. Зоши Хасар: зочир – ызақор,ашушаң, долы, шәлкес хацар – бет, жақ; хаца-х -қысу, қыспақтау.

4. Хачиун: хашин – сылбыр,селқос; немесе: хачир – тазқара.

5. Тэмүгэ-отчигин: төмөр(гэ) – темір; отчигин < от + чи­гин:от (гон) – кенже; шигчий – кішкентай.

6. Жошы: зочин – мейман, қонақ.«Моңғолдардың салтын­да,– деп жазады бұл жөнінде Әбілғазы, – бірінші келген қонақты өз тілдерінде жошысөзімен атау дәстүрі болған. Осыған байланысты Темужиннің тұңғыш ұлына Жошы атыберілген».

7. Чахартай (Шағадай):Чадалтай – күшті, мықты, қайратты.

8. Угэдэй < үг + эдэй: үг– түбі, негізі; эедэ-х – әдепті, сы­пайы.

9.Тулуй: тула-х (тулаас) –тіреніш, сүйеніш; немесе, толь, толи – айна.

10. Батый, моңғолша: бат –берік, бекем, мықты.

Сонымен, жиыны 33 кісі атынжіпке тізіп шықтық. Олардың кейбіреулері қос сөзден тұратындығын есепке алсақ,барлығы 55 сөз болады. Осы сөздердің 45-і таза моңғол сөзі, қалған 10-ы (батыр,хан, шешен, темір, торғын, томпию, шын, шошу, белгі, бөрте) немесе 18 пайыздан астамы қазақ тіліне ұқсаскеледі. Бұл түсінікті де. Бүкіл ғұмырын қазақ, моңғол тілдерін салыстыразерттеуге арнаған ғалым Б.Базылханның тұжырымына қарағанда, алтай тектіге жата­тынтілдердің ішінде әсіресе «қазақ және моңғол тілдерінің шығу тегі біртөркіндестілдер». Автор мұндай қорытындыға қазақ пен моңғолдың тілдік қорында сақталған барлық сөздердің40 мыңдай мөлшердегі сөзін дыбыстық жүйесі мен морфологиялық жағынанегжей-тегжейлі талдай отырып келген. Оның есебінше, осы сөздердің 15 мыңнанастамы байырғы түбір – негіз сөздер; сондай-ақ сол түбір – негізден қосымшаморфемалар арқылы жаңғырып өнетін сөздер 24 мыңнан асып жығылады немесе 40 мыңсөздің 60 пайызы екі халыққа да ортақ желілес туынды сөздер. Ал З.Қинаятұлыныңпікірінше, қазіргі моңғол тілі қорында ежелгі түрік тілімен түбірі бір 3000-ғажуық сөз сақталған. Дәлел ретінде баяндалған цифрлардан көріп отырғанымыздай,екі халықтың тілдеріндегі ұқсас және сәйкес келетін сөздер өте көп. Солардыңнегізінде моңғолдардың ататегін қызықтап жүргендер (егер ескерту ретінде айтсақ)оларды қазақпен шатастырып алмаса болғаны.

Мақала Темужиннің шығу тегіжайында болып тұрған шақта оның екінші Шыңғыс хан атына да тоқталған орынды. Ғылымиәдебиеттерде «шыңғыс» сөзінің төркіні туралы ұсынылған бол­жамдар аз емес, нақтылайкөрсетсек: «ең зор, құдіретті», «күшті, мықты», «патшалардың патшасы», «қайтпас»,«теңіз-хан», «биік те нұр сәулелі», «жаhангир (әлемді алушы)», «күшті ұлыпатша» т.б. Осыншама пікірге қарамастан, А.И.Глебов-Богомо­лов «в науке и по сей день идет спор о происхождении,значении и этимологии этого слова (шыңғыс – М.А.), ставшего титулом, а позже и именемТемужина»] деп жазады.

Біздің ойымызша, бұл тақырыптыңәлі күнге дейін даулы күйде қалу себебі: біріншіден, зерттеушілердің ол проблеманыТемужиннің Шыңғыс хан дәрежесін алған уақытын және соған орай, оның сол кезде ел ішіндегі даңқы қаншалықтыдеңгейде болғандығын бір-бірімен сабақтастыра талдамауында; екіншіден, «шыңғыс»сөзінің құпиясын түркі, парсы, қазақ тілдерінен іздеуінде. Жіберілген мұндай қателіктіқайталамай, ұлы қолбасшының лауазымының астарын өзіміз ұстанған бағыттыңаясында қарастыралық.

Темужинге 1206 жылғы Ұлы құрылтайдаекінші мәрте бекітіліп берілген Шыңғыс хан атағы оған алғаш рет 1189 жылы Сэнгүрбұлағының Хар зүрх (қара жүрек) деген жеріндегі Хөк нуурдың (көк көл) қасында өткенжиналыста таңылған болатын. Ол уақыт Темужиннің есімі әлемді былай қойғанда, Моңғолияныңқазіргі территориясының барлық өңіріне онша белгісіз кез еді. Сол өлкенімекендеген түркітілдес найман, меркіт, татар, жалай­ыр, қоңырат, онгут,керейлерді айтпағанның өзінде, оның билігі ол заманда тіпті өзімен қандас моңғолруларының бәріне жүрген жоқ-ты. Шығыс Моңғолиядағы ақсүйектер арасындағы сая­сиқақтығыстардың салдарынан моңғол халқы үшке жарылады, олардың жеті тайпасы Жамұқашешенді қолдаса, өзге он сегізі Темужиннің соңынан ереді, қалғандары бейтараптықтанытады. Міне, осы екінші топтағылар Хөк нуурдағы жиылыста оны бірауыздан «Шыңғыс(Чингис) хаhан» деп жариялайды. Басқадай жазсақ, хандық таққа қолы жеткен шақтаоның билігінің таралған аумағы «моңғолдардың аз бөлігімен», яғни өзін жақтаған ұлыстардыңшеңберімен ғана шектелген. Енде­ше, тарихтың үлкен сахнасынан әлі көріне қоймаған,саяси ұпайды енді ғана жинап жатқан Темужинге тағылған құрметті лауазымдағы «шыңғыс»сөзін «патшалардың патшасы», «әлемді жаулаушы», «ең зор, ең үлкен» (величайший,могущественнейший), «ұлы патша» т.с.с. деп аударған ретсіздеу. Мұндай атақ пен абыройға ол алдағы келержылдарда бөленеді. Олай болса, жұмбақ сөздің кілтін табу үшін, егер бейнелі түрдеайтсақ, аспан әлемін шарламай, жерге түсіп қарастыруға әрекет жасап байқайық.

Түпнұсқадағы деректерге сәйкес,1189 жылғы басқосуда Те­мужинге Шыңғыс хан мәртебесін беруді моңғолдардыңАлтын, Кушар, Сача бек есімді көсемдері ұсынған. Тиісінше, «шыңғыс» сөзініңсырын өзге халықтардан гөрі сол атты қойған жұрттың өз тілінен іздеген абзал.Моңғолша «чингис» тұлғасында айтылатын лауазымды «чин» және «гис» деп екігежіктесек: чин – 1, шын,адал, нақты; 2,берік, сенімді; 3, таймас(таймайтын), айнымас (айнымайтын), аумас (аумайтын); ал «гис»-ке өте жақын«гичий» сөзі: ұрғашы (қаншық) қасқыр, ит – сияқтытүсінік береді. Шамасы,қос сөзден құралған«чингичий» термині «чин­гич» – «чингис»-ке дейін өзгерген. Сөйтіп, шыңғыс-тыңмағынасы, біздіңше: таймас қасқыр немесе сенімді ит.

Лауазымға лайықты толып жатқан сөздердіңішінен Темужинге неліктен нақ «чин» және «гичий (гич-гис)» сөздері титулретінде іріктеліп алынған? Қойылған заңды сұрақты жауапсыз қалдырмай, әңгіменіңкелесі желісін осы мәселеге бұрайық.

Ұлы қолбасшыға бұл аттың таңылуы оның болмысына байланы­сты болсакерек.1221 жылы Шыңғыс ханның Яньцзиндегі наместнигі Мұқалиға қытайдың елшісіЧжао Хун келеді. Елші өзінің естелігінде Темужиннің мінезіне қатысты өте құндымәліметті жа­зып қалдырған. «Шыңғыс хан, – деп айтады ол, – ер жүректі, ба­тылда табанды, ұстамды, барлығына мейірімді, аспан мен жерді құрметтейді, сенімділікпен әділеттілікті бағалайды және күшті де жауынгер тұлға. Осынысымен ол басқаларданерекшеленеді». Автордың берген мінездемесі моңғолдың «чин» сөзінің төркінінің үшнұсқасына да атқан оқтай дәл тиеді. Бұған қарап Чжао Хун сипаттаманы құтты солсөзден алған ба деп қаласың. Қалай болғанда да, «чин» сөзі Шыңғыс ханның Құдайжаратқан табиғатының үстінен дөп түседі.

Енді «гичий»-ге (гис)ауысайық. Қасқыр ертеде Орталық Азиядағы көшпенділердің қасиетті (тотем) аңыболған. Қытай жылнамаларын­да бұл жөнінде мынандай аңыз-әңгіме сақталған. Баяғыдакөрші халықтар ғұндарды түгел қырып салыпты, тек тоғыз жастағы бір ұл ғана аманқалады. Жаулар оның аяқ-қолын шауып, өзін батпаққа апарып тастайды. Сол жердебаладан қаншық қасқыр жүкті болады. Дұшпандар ұлды өлтіреді. Қасқыр Алтайға кетіп, он ұл табады. Со­лардантүркі халқы өсіп-өнеді. Бұл аңыз шығу тамыры ғұндармен астарлас моңғолдарғада қатысты деп санаймыз. Мұны «гичий» сөзінің мәні – ұрғашы қасқыр екендігі жәнешежіре бойын­ша Шыңғыс ханның аталары, жалпы, бүкіл моңғол халқының БөртеЧинодан, яғни жас бөріден таралуы растайды. Халықтың осын­дай наным-сенімібіртіндеп көк бөріге табыну дәстүріне ұласқан. Бүгінде моңғол жігіттері қасқырдыңасығын бойтұмар ретінде тағып жүреді. Бұл көк бөрі қауіп-қатерден сақтайдыдеген түсінікке келіп саяды.

Қасқырмен қатар, ит те Темужин әулетінің тотемі болғанға ұқсайды. Моңғолдыңжазбаша құжаттарында осы құбылыс туралы қызықты деректер кездеседі. Темужиндіжас кезінде әкесі Есүхэй қоңырат Дэй шешендікіне ертіп апарады. Оның қызы Бөртегеқұда түскеннен кейін баласын қайын атасының үйіне қалдырып кетуге келіседі.Сонда Есүхэйдің айтқаны: «Менің ұлым иттен шошушы еді. Ал, құрметті құда, сізменің ұлымды иттен шошыта көрмеңіз». Тағы бір мысал. Шыңғыс ханның оныншы атасыДобу мерген Алұн сұлуға үйленген соң, Белгінүтей, Бүгінүтей есімді екі  ұл туады. Добу мерген ерте өліп, артында қалғанәйелі тағы Бұқа-Қатаған, Бұқашы-Салшы, Бодоншар деген үш баланы табады. Алұн сұлусоңғы үшеуін күйеусіз қалай дүниеге әкелгенін былай­ша түсіндіреді: «Түн сайыншаңырақтан түскен сәуле секілді әлдебір ақсары адам кіріп келіп, құрсағымдысипаушы еді, таң ата сары иттің кейпіне кіріп, үйден шығып кететін. Соған қарағандабұл ба­лалар Көк Тәңірдің ұрпағы болар деймін». Келтірілген аңыз-әңгімелер Шыңғысхан әулеті итті де киелі деп қастерлегенге меңзейді. Мұндай сенім осы күнге дейінжалғасын табуда. Бүгінгі моңғолдар иттің ішінде әсіресе екі көзінің үстінде таңбаларыбар төрт көз иттерді қатты «сыйлайды», олар «моңғол банхар», яғни «моңғол төбеті»деп аталады.

Қасқыр мен иттің халық санасында тотемді хайуанға айналып кетудегі көптегенсебептерінің бірі, біздіңше, олардың мінез-құлықтарының жоғарыда көрсетілген«чин» сөзінің мағынасымен (адал, берік, сенімді, таймас т.б) сәйкес келуіндеболар. Ендеше, болмысы түз және үй тағыларының жаратылысына ұқсас Темужин­ге«таймас қасқыр» не «сенімді ит» ұғымын білдіретін Шыңғыс хан лауазымы өте сәттітаңылған деп есептейміз. Бәлкім, «ит» сөзі құлаққа дөрекі естілуі мүмкін. Қазіргікезде солай болғанымен, жеті ырыстың бірі саналатын хайуанның аты өз заманындажағымды «кейіпкерлердің» келбетін бейнелеген тәрізді. Дегенмен де біздің көңіліміз«шыңғыс» сөзінің төркіні «таймас қасқыр» деген нұсқасына көбірек ауады.

Сонымен, жоғарыда баяндалған және мағынасы ашылған сөздердің бәрін шешушіаргумент ретінде қабылдасақ, онда шығу тегі мен ана тілі бойынша Шыңғыс ханныңмоңғол халқына жатқандығын мойындаған лазым. Бұл тұжырымды «Моңғолдың құпияшежіресіндегі» келесі бір дерек те растайды. Темужинді қолдаған моңғолдардың1189 жылғы алғаш басқосуы қарсаңында ба­арин тайпасының көсемі Қарши ақсақал оған(Темужинге) өздерінің арғы тоғызыншы аталары Боданшардан таралатындығын есінеса­лып: «Біздің тіліміз бір, тілегіміз жалғыз адамбыз. Сондықтан да Жамұқаданіргені аулақ сала алмаймыз», – дейді. Қарияның сөз төркіні айқын: барлық моңғолдар,сонымен бірге Шыңғыс хан да өз халқының ана тілінде сөйлеген.

Р.S. Баяғы заманда Моңғолия жерін мекендеген түркітілдес керей, жалайыр,татар, меркіт, онгут, қоңырат, найман тайпала­ры өздерімен іргелес қоныстанғанмоңғолдармен аралас-құралас өмір сүрген, тіпті қыз алысып, қыз берісіп дегендейқұдаласып, туыстасып кетіп те жатқан. Мұндай байланыс әсіресе Шыңғыс хан Моңғолиядағыхалықтарды түгелдей өзіне бағындырған соң күшейе түседі. «1206 жылғы құрылтайданкейін, – деп жазады Л.Н.Гумилев, – моңғол әскерлері 13 мың еріктілерден құрамы110 мың адамға жеткен тұрақты армияға айналды. Ал оның қатары жеңіліске ұшырағанкереиттер мен наймандарды әскерге қосу есебінен толықтырылып отырғандығы анық».Бір қызығы, әр тілді халықтар арасында орнаған осындай тығыз қарым-қатынас ешқандайтілмәшсіз жүзеге асқан. Жалпы, олар бір-бірімен аудармашы­лар арқылы сөйлесіп жүргендігітуралы деректерді ешбір жазбаша құжаттардан таба алмайсың. Сонда көрші халықтарарасында қай тіл дәнекерлік рөл ойнаған деген сауал еріксіз ойға оралады. Санжағынан он еседей басым Шыңғыс хан әскеріндегі наймандар мен керейлердің бәрі«ат төбеліндей» ғана моңғолдардың тілінде сөйлеп кеткен тәрізді десек, оғансену қиын. Көне түркі тілінің өз заманында Еуразия даласында халықаралық қатынасқұралы қызметін атқарғанына, әсіресе моңғол ағайындардың өз ана тілімен қоса, түркітілін де жетік білгеніне келіп тіреледі. Мәселені осы қырынан зерделеу, бізгекерей, найман, жалайыр және т.б тайпалар ертеде моңғолтілділерге жатқан немесекерісінше, моңғолдар қазақтілдес болған секілді ғылымда уақ-уақ көтерілеберетін даулы проблеманың түйінін сәтті шешіп, аталмыш этностарды шығу тегіне қарайәрқайсысын өз орындарына қоя ала­тындай көрінеді. Тіпті моңғолдар Қазақстандыжаулап алып, билеп-төстеп тұрған дәуірде де олардың тілінің үстемдігіжергілікті халықтың тіліне жүрмеген. Ол жылдары да түркі тілінің бір тармағысаналатын «Қыпшақ-қазақ тілі Жошы ұлысы державасының ортақ тілі болды» дегеншындық қағида біздің болжамға қайшы келмейді.

Әрине, қазақтың бір баласы болғансоң, маған да Шыңғыс хандай асқар тау тұлғаның өз халқымның қатарынан көрінгеніұнайды. Алайда ақиқатты белінен баса аттап өту ғылымға қиянат. Осы тұстатарихшы ғалым Қинаятұлы Зардыхан ағамыздың ойын тыңдайық: «Қазақтың тегін тек қазақтопырағынан, моңғолдың тегін моңғолдың топырағынан іздегенде ғана біз шындыққабіртабан жақындаймыз». Ғылым жолындағы өмірін Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарыныңтарихын шала-шарпы емес, түбіне жете қопаруға бағыштаған белгілі маманның өтеорынды және дер кезінде айтқан осы әділ пікірін шығыстанушылардың әрдайым жа­дындасақтап жүргендері дұрыс.

Маратбек АҚАНОВ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың доценті, 

тарих ғылымыныңкандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері

Тегтер: