Шыңғыс ханның аруағын мазаламай, Жошы ханды тұғырына тұрғызайық

Түркі жұртына жататын қыпшақ-қазақтарының соңғы мыңжылдықта тарихи тіршілік тағдыры талай тәлкекке түсіп, түрлі саяси-озбырлық тартыстар мен жасанды құбылыстардың зардабын басынан өткерді.
Кезінде Алтын Орда қыпшақтары үш жарым ғасырға жуық аралықта Ресей князьдіктерін бодандықта ұстап, арғы бабаларымыз Қытай халқын да бір жарым ғасыр бойы уысында ұстағаны тарих беттерінде таңбаланған. Бұдан арғы замандарда да Еділ (Аттила) бабамыз Еуропа шетіне жетіп, Рим империясын шайқалтқаны, Бейбарыс (Байбарыс) батырымыз Мысыр елін билегенін, Ақсақ Темір әскері жарты Азияны уысында ұстап, Көшім хан сияқты сардарымыз Сібір халықтарына бас болғанын еске түсірсек, көкіректі көтеріңкі көңіл кернейтіні рас. Бірақ қазіргі Қазақ елінің азаттық алған 30 жылында құлдық санадан арыла алмай, қорқақ қонжықтың күйін кешіп, жалтақ әрекеттердің құрбаны болып отырғанымыз жанға батады. Алайда менің айтпағым азат еліміздің мәселесі емес, бұдан сегіз ғасыр бұрын Еуразия кеңістігін шайқалтқан Шыңғыс хан төңірегінде қалыптасып отырған сан-салаға бағытталған ала-құла әңгіме-өсек, жорамал-деректер мен қиял-болжамдар жөнінде болмақ.
Албырт кезімізде қолымызға әрең түскен В.Г.Янның үш томдығын оқып, япырай, «бір уыс моңғол халқы» Шыңғыс хандай алыпты қалай тудырған, қалай тәрбиелеп, қалай әлемдік деңгейге көтере білген» деген сұрақтар мазалағаны рас. Айналасында айдай ақырған, күндей күркіреген, жылқыны қолға үйретіп, тақымына атты басып, әлемді шарлап кеткен түркі жұртынан тумай, алақандай қалқа-моңғолдан (қалқа-буряттардан) пайда болған жарты әлемнің билеушісі Шыңғыс ханды, шынында да, оларға аса қиғың келмейді екен. Қалай десек те, Шыңғыс хан моңғол болып туды ма, әлде саяси астарды көздеген алып көршілердің билеушілері мен тарихшыларының ойлап тапқан амалдары ма, әйтеуір, Темучин (Темірші) атақты Шыңғыс хан болып, әлем тарихынан ойып тұрып орын алды да, соңғы мыңжылдықтың ең елеулі адамы атағымен әлем сахнасына шықты. Шыңғыс хан туралы ондаған фильмдер, жүздеген тарихи романдар, мыңдаған мақалалар мен әңгімелер жазылып, оның кейпін біреулері жаулаушы жауыз, адамзат орнатқан дәулет-мұраларды қиратушы, жоюшы, қанішер-зұлым адам ретінде сипаттаса, ал көптеген жазушылар мен кәсіби тарихшылар Шыңғысты әлемнің ең көрнекті жаһангері және адамзат өркениетінің дамуына аса зор ықпал еткен тұлға ретінде қарастырады.
Ендігі мәселе көп қазақты мазалайтын «Шыңғыс хан қыпшақ-қазақ екен» деген қиял-сұрақтың төңірегінде болмақ. Қазақ елі азаттық алғанға дейін бұл сұрақ жазба түрінде аса үлкен талқыға түспей, тек қазақ зиялылары мен оқығандарының арасында отбасы – ошақ қасы деңгейінде ғана талқыланып, ғылыми айналымға кіре алмаған сұрақ болып қалған. Қазақ қауымының арасында бұл мәселе қозғала бастауына соңғы отыз жылда ғана азаттықтың арқасында жол ашылды. Бұл тақырыпқа белгілі қазақ жазушылары мен журналистер, әуесқой тарихшылар мен тіпті қарапайым оқырмандар да жарыса қалам тартып, Шыңғыс ханды қазақ қылуға тырысып
жатты. Алдыңғы жылдары «Жас Алашта» жарияланған көлемді мақаласында жазушы Бексұлтан Нұржекеев Шыңғыс ханды Алтынемел маңында туғызып, Қарақорымның да оңтүстік өңірде орналасқанын дәлелдемек болған. 2019 жылы біздің елде өткен Азия жазушыларының форумында Қазақстанның халық жазушысы, жуырда марқұм болған Қабдеш Жұмаділов ағамыз Тілеуберді Әбенайұлының және Мұхтар Мағауинның Шыңғыс хан туралы жазған көптомдықтарын арқау етіп, «Шыңғыс хан енді өз Отанына қайтуы керек, ол біздің бабамыз екен, оның мәйіті Ұлытаудағы «Алаша хандыкі» деп жүрген мазарда жатыр» деп шүйіншіледі. Журналист Бейсенғазы Ұлықбек те «Шыңғыс хан кім?», «Шыңғыс ханды Моңғолиядан емес, батыстан іздеу керек» деген «Жас Алаш» бетінде бірнеше мақала жариялап, орыс мамандары А.Лызлов, А.Федотов т.б. еңбектеріне сілтеме жасап, «Алтын топшы», «Моңғолдың құпия шежіресі» сияқты «еңбектер» соңғы ғасырларда ғана арнайы құрастырылып, көне моңғолдың тарихы ретінде айналымға кіргізілгенін баса айтады. «Темучиннің моңғол тегінен екендігі тек осы кітаптарда ғана жазылады» деп түйіндейді автор. Айтпасқа болмайтын тағы бір еңбектен үзінді келтірейін. «Дат» газетінің бетінде «О великом предке нашем Чингис-хане» деген профессор Қ.Закирьяновтың көлемді мақаласында Шыңғыс ханды Шығыс Қазақстанның жерінде (қазіргі Бұқтырма суқоймасының төңірегі) найман руынан туғызып, Ресейдің әскери карталарына сілтеме жасап, Шыңғыс хан орнатқан империя астанасы Қарақорымды Алматы облысынан тапқан сияқты.
Енді жоғарыда келтірілген топтамалардың қорытынды түйінін іздесек, адасатынымыз анық. Себебі жалпы қазақ болып, оның ішінде зиялы қауымның көпшілігі Шыңғыс ханның қыпшақ-қазақ болғанын қалап, қиял- деректерге сүйеніп, құлаш-құлаш ойларын ортаға салғысы келеді. Көркем шығармаларда «қиял» деген құбылыс қуат көзі ретінде қанат бітіретін құрал болары сөзсіз, ал тарих ғылымдарында дәлелсіз, дүдәмал дүниелердің түйін сөзге арқау болары күмәнді. Сондықтан болар, соңғы жылдары басылымдарда Шыңғыс хан төңірегінде жарық көріп жатқан әуесқой тарихшылардың көптеген еңбектері мені әртүрлі ойға жетелеп, «осы кәсіби тарихшылардың, археологтардың, антропологтардың, генетиктердің т.б мамандардың қорытынды пікірлері, тұжырымды сөздері қашан шығып, мәселеге ақырғы нүктені қоятын күн туар екен» деген ой мазалайтын да тұратын. Шынын айтсам, менде де күмәнді мәліметтер, түсініксіз тұстар Шыңғыс хан тарихнамасында кездесіп отыратыны рас. Оларға жауап іздеп, тағы да тұңғиыққа батасың.
Жуырда «Жас Алаштың» №27 санында кәсіби тарихшы, профессор Әлімғазы Дәулетханның «Қазақстанды Шыңғыс хан елесі кезіп жүр» деген көлемді еңбегі жарық көріп, көп мәселеге жауап бергендей болды. Профессордың тұжырымы бойынша, көшпенді халықтардың, оның ішінде түркілер мен моңғолдардың арасында ұлттық болмыс, мәдени-тұрмыстық және салт-дәстүр жағынан аса күрделі айырмашылықтар байқалмайтынын айта келіп, бұл халықтарда наным-сенім негіздері Тәңірлік болғанын және олар аралас-құралас көршілес тіршілік еткендіктен, түркі-моңғол тілдері ортақ болғанын баса айтады. Жалпы, Ә.Дәулетхан жоғарыда мен келтірген
«Шыңғыс хан қазақ екен» деген сияқты мақалалардың ұстанымын жоққа шығарып, мұндай әуесқой тарихшылардың сандырағына иланбауға шақырады. Тарихшының сілтеме жасаған ең мықты деген негіздемені келтіре отырып, «Шыңғыс-моңғол тарихын жан-жақты зерттеп, әлденеше том жазған профессор Зардықан Қинаятұлының «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті» атты екі томдық энциклопедиялық еңбегінде келтірілген 2080 сілтемесі мен талдау, саралау қорытындысына қарсы, оны терістейтін бір іліп алар зерттеу еңбегін жазбаған, жаза да алмайтын біздің әуесқой-әуейі тарихшыларға не айтуға болады?» деп қынжылады. Одан қала берді, автор академик, тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің бұл мәселе жөнінде алға тартқан төмендегі ойын келтіреді: «Жазушылардың фантазиясы басымдық алып отыр. Олар қазіргі дүниетанымдық өлшеммен тарихқа баға береді. Шыңғыс хан – ХІІІ ғасырдың тұлғасы, біз ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз, меніңше, Шыңғыс ханды түрік болмаса қазақ деп тану ұят, Шыңғыс ханды әлемдік деңгейге алып шыққан – түріктер. Шыңғыс хан – түрік те, қазақ та емес, моңғол».
Жоғарыда келтірген негіздерге қоса, тағы да бір ғылыми-генетикалық дәйек келтірейін. Америка жазушысы Джон Мэннің 2007 жылы орыс тілінде шыққын «Шыңғыс хан» деген еңбегінде 2003 жылы 23 генетик-маман жасаған ДНК зерттеулерінің нәтижелерін жариялап, әлемді дүр сілкіндірді деуге болады. Олардың мәліметтері бойынша, Еуразия кеңістігінде зерттеуге түскен 16 топтың біркелкі ДНК материалға жататыны дәлелденген. Бұлардың ұзын-ұрғасы 34 ұрпақтан бастау алып, 16 миллион еркек жынысты халықты құрайды екен. Ғалымдардың айтуынша, 16 топтың бір бөлігі қазіргі моңғол жерінен шыққан. Сөйтіп, осы 16 млн халықтың арғы тегі Шыңғыс ханнан бастау алып, қазіргі таңда бұл әулеттің өсіп-өнуі әлі де жалғасуда.
Міне, осындай ғылыми-дәйекті ойлардан кейін «Шыңғыс хан Моңғол үстіртінде аралас-құралас өмір сүрген моңғол-түрік-қазақ ру тайпаларына ортақ тарихи тұлға» деген түйінге тоқтап, Алтын Орданың негізін қалап, Қазақ хандығын орнатуға жол ашып берген өзіміздің ұлы ханымыз – Жошыны ерекше дәріптеп, тұғырлы дәрежеге көтеруіміз қажет. Соңғы жылдары елімізде бұл мәселеге бетбұрыс бар сияқты. Алдыңғы жылы президент Қ.Тоқаев алғашқы сапарларының бірінде Ұлытаудағы Жошы хан мазарына арнайы барып, тағзым еткенін естігенбіз. Оған қоса, мазар маңайын абаттандыру мен оны келешекте туризм-саяхат нысанына айналдыру жұмыстары басталатыны жөнінде ақпарат беттерінде айтылып жүр. Қуанышты әрекеттерге сәттілік тілейміз. Себебі Жошы Шыңғысұлы біздің Шыңғыс ханға бергісіз ұлы ханымыз, ол қазақ хандарының барлығының арғы атасы болып саналады. Жошы ханды біз нағыз қазақ, қазақтың бірінші ханы деп танысақ, ешкімнің таласы болмауы керек. Сондықтан Жошы хан бастаған өзіміздің қазақ хандарын дәріптеуден жалықпайық, ағайын! Ол үшін айналадағы алпауыттардан қаймықпай, Жезқазғанда, Қарағандыда, Нұрсұлтанда Жошы бабамызға, Оралда, Ақтөбеде Батый (Бату) ханға, Қостанай, Қызылжарда Көшім ханға еңселі ескерткіштер тұрғызып, орталық көшелерге аттарын беру жолдарын қарастыратын уақыт жетті деп ойлаймын, сіздер қалай ойлайсыздар, оқырман?!.