Шыңғысхан кім?

Бұл тақырыпқа қайта оралуға түрткі болған нәрсе жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Жас Алаш» газетінде (1 шілде) жарияланған «Шыңғыс хан құрған мемлекет қайда?
» деген көлемді мақаласы еді.
ХХІ ғасырдың мынау ай-күнінде газет оқырмандарына осындай пәтуасыз сұрақ қойған адамға не деуге болады? Шыңғыс хан дүниеге келген 1162 жылдан бергі әлемдік тарихшылар бұл сұраққа баяғыда жауап беріп болмап па еді? Сөйтсек, жазушы Бекеңе керегі «екі-ақ сұрақты» өзі қойып, оған тарихшысымақ Әбенаевтың сандырағымен жауап бергісі келіпті.
Бекең сөзді бірден былай бастапты: «Меніңше, Шыңғыс ханның шындығына көз жеткізетін екі негізгі тетік бар екен: бірі – оның қай моңғол екенін, екіншісі – оның атамекені қазіргі Моңғолия, не бұрынғы Моғолстан екенін анықтау».
Беке, өзіңіз пір тұтатын құрылысшы Әбенаев әлдеқашан: «… Шыңғыс ханның атамекені Жетісу, Бурхан-Халдун деп айтып жүрген жер Жаркент. М.Дулатидың «Тарихи Рашидиінде» Моғолстан – Жетісу, Іле алқабы, Алатау, Тянь-шань деп атап жүрген таулар Моғол тауы деп жазылған. Демек, Шыңғыс ханды моңғол деушілердің сөзінде ешқандай тарихи құжаттық негіз, ғылыми деректілік жоқ», – деп кесіп-пісіп қоймап па еді?
Егер құрылысшының бұл сөзіне қанағаттанбасаңыз, тарихшы Қаржаубай: «...1348 жылы Тұғлұқ Темір қағанның Моғол ұлысын Шыңғыс хан орнатқан Моңғол империясымен шатастырып отырсың ғой», – дей келіп, Моғолстан ұлысының территориясының жер көлемі 7-8 айлық жол екенін, Шығыс шекарасы қалмақтардың Барыс көлінен (Баркөл) Емел, Ертіс, Солтүстік шекарасы Көкшетеңіз (Балқаш), Бума, Қаратал, Оңтүстігі Ферғана уалаяты, Қашқария, Ақсу, Чалыш, Турфан» деп атап, «… Моғолстанда Сырдария, Амудария, Ертіс, Чумлук (Шу) және Нарын өзендері бар екенін нақтылап көрсеткен. Ал Моғолстан халқының құрамында Дулат, Үйсін, Арғын, Керей, Қаңлы сияқты түрік тайпалары және түріктенген барин, барлас, арлат, булағчы сияқты моңғол тайпалары болғанын айрықша атаған. Ал билік басында түріктенген Шыңғыс хан әулеті отырғанын» ашық көрсеткен еді.
Профессор Қаржаубай келтірген бұл үзінділерге құрметпен қарағысы келмеген алкеуделерге не айтарсың! Әйтсе де әуесқой, әуейі тарихшылар мен Бексұлтан сияқты жазғыштардың тарихи сауатын ашуға пайдалы болар деп нағыз моңғолтанушы – шығыстанушы Зардыхан Қинаятұлының мына уәжін келтірелік: «...Әлемнің белгілі тарихшыларының ішінде бұл тақырыпта қалам тартпағаны кем де кем. Шыңғыс хан туралы жазылған материалдардың тарихнамалық тізімі 800-ге жетіп жығылады. Тек «Моңғолдың құпия тарихы» туралы 160-тан аса диссертациялар қорғалған, тарихи шежіре әлемнің 40 тіліне аударылған. Әйгілі «Юаньшидің» 210 дәптерінің 86-сы тек Шыңғыс хан, оның ұрпақтарының өмірбаянына арналған. ХҮІІ ғасырдың басындағы «Алтын Тавчқа» дейінгі уақытта жазылған Моңғол тарих көздерінің саны 40 қа жуық.… Шыңғыс хан төңірегінде дерек көздерін ең көп сақтаған және ең көп зерттеген елдердің қатарына ҚХР, Жапония, РФ, Моңғолияның өзі және АҚШ жатады. Осыларды сараптағанда тарих ғылымы зерттеуінің күн тәртібінде «Шыңғыс хан моңғол ма, әлде емес пе?» деген мәселе болып көрген емес, қазір де жоқ. Моңғол болып туылып, Моңғол мемлекетіне қызмет етіп, моңғол күйінде өмірден өткен адам, өлерінде қасында болаған ұлдары Өгедей мен Тулиды жеке қалдырып айтқан ақтық аманатында: «Менің өлер шағым болды, Тәңірім қолдап, моңғол жұртымның басын біріктірдім. Бір шетінен бір шетіне дейін бір жылдық жол жүретін ұлұғ ұлыс (держава) құрдым. Егер көз жұма қалсам, өз халқымнан бөлмей менің табытымды Их Өтекке жеткізіңдер», –деген.
Осынау әлем тарихшыларына мәлім болған жазба деректердің басынан аттап өтіп: «Тарих – шынына көш, Шыңғыс хан кім?» – деп даурығып әулекіленгені аз болғандай, жазушы Бексұлтан қолын жая ауа қармап: «Шыңғыс хан құрған мемлекет қайда?» – деп әліппелік сұрақпен бір құлаш мақала жариялайды.
Тұғлұқ Темір құрған Моғолстан хандығымен әлемді жаулаушы атанған Шыңғыс хан құрған «Ұлұқ ұлыс» моңғол қағанатын өзі шатасқанымен қоймай, тұтас қазақты шатастырып жүрген кен құрылысшының сөзін сөйлеп абыройсыздыққа ұрынғаныңыз өкінішті-ақ.
Шыңғыс ханға қатысты әлемдік тарихи деректер мен танымал зерттеулерді мүмкіндігінше зерделеп көрген ерте заман тарихшысы болсам да профессор З. Қинаят пен Қ. Сартқожадан артық ешнәрсе айта алмаспын. Сондықтан сөзді сол екі профессорға бергенді жөн көрдім. Қадірлі Беке, замандасымсыз ғой, әуейілердің шимай-шатпағына елеңдемей, осы екі профессордың балталасаң да бұзылмас қисынға негізделген, алтын әріппен жазылған еңбектеріне неге назар аудармайсыз, олар келтірген дерек дәлелдерге қарсы бір ауыз сөз айта алмайтындарыңыз қалай?
Сіздер табандап отырып алған дәлелсымақтарыңызда нақты деректік-ғылымилық деген мүлде жоқ. Ал дәлел, дерек дегеннің не екенін білгіңіз келсе Рашид-ад-дин мен Карпинин жазбаларын жұлып тартпай оқып көріңіз: «Моңғолдарда Бурхан-Халдун (кординаты Е 108о 01-109о 45; Б. 48о 48о-49 о61) деп аталатын үлкен тау жотасы бар. Осы таудың жан-жағынан көптеген өзендер бастау алған. Сол өзендер бойы толған орман ағаш, Шыңғыс хан осы жерді мәңгілік орны (қабыры) етіп таңдап алып: «Біздің ұлылардың жататын орны осы болсын. Осында біздің алтын ұрпағымыздың мүрдесін жерлеңіздер», – деген екен. Шыңғыс хан осы жерде қыстап, жайлап жүрген. Туған жері Онон дариясының төменгі сағасы Булук-Булдақта [1] тұрған. Бурхан-Халдуннан алты күндік жер. Бурхан-Халдуннан бас алған өзендерді атасақ төмендегідей: [Бурхан-Халдунның] Оңтүстік бетінен Келурен [2], Шығыс бетінен Онон [3], Солтүстік жағынан Киркачу [4], Солтүстік шығыс бетінен Киректу [5], Солтүстік бетінен Чику [6], Батыс солтүстігінен Калаку [7], Оңтүстік батыс ортасынан Кара [8], Түстік-батыс ортасынан Барачиту [9], тура Оңтүстік батысынан Дули [10] өзендері бас алады». (Рашид-ад-дин) 1952. Т.1 кн.ІІ. С. 233-234).
Бекең тек алкеуде Әбенаевтың: «Орхон, Керулен, Онон деген үш өзеннің аты ұқсас болғанымен географиялық сипаттамасы мүлде кереғар. Батыстық П.Карпинин, Г.Рубрук Шыңғыс ханның атамекеніне Іленің Балқашқа құяр сағасынан өте салып, көп ұзамай жетеді» деген ой жотасына құдайдай сенеді екен.
П.Карпининнің жолжазбасында Балқаш, Жаркент туралы бір сөз жоғына назар аударғысы да келмейді. Алайда П.Карпининнің Имиль (Омыл=Емел) қаласы туралы еңбегінің 34, 64 беттеріндегі және 84, 184, 186 беттеріндегі түсініктемелерінде П.Карпинин болған Емел (Омыл) қаласы Шәуешектің оңтүстігінде, Жоңғар ойпатының батыс солтүстігінде деп көрсеткенін көргісі келмейді. П.Карпинин осы Емел қаласынан Моңғол қағанының ордасы орналасқан Қарақорымға дейін 1 ай жүріп жеткенін жазған болатын. (П.Карпинин. М., 1993, 64-65 б.)
Беке, осындай нақты дерек-дәйектерді елемей Талдықорғанның бұл күндері суандар мекендеп отырған тау-тасы мен елдімекендерінің атауын тізбелеп шалықтау сізге сонша қажет болды ма? Ал бүкіл тарихшылар әлдеқашан әлденеше рет анықтап нақтылап кеткен Ергенекөнді Жаркент тауларына көшіріп әкелмекші болған ұрыншақтығыңызға не айтуға болады?
Қасиетті тарихтан да, сауатты қазақ халқынан да ұят болды ғой. Сол бір пәтуасыз шимайларды оқып біз де ұялып отырғанымызды айтпай кете алмаспыз.
Беке, бұларды азырқансаңыз даулы үш өзенге берілген географиялық анықтамада Кэлурен = Керулен. МКШ:
$ 94, 96, 98, 107, 136, 142, 151, 177, 193, 282. Бүгінге дейін Керулен деп аталады. Координаты: Е.109о; Б. 480о 49)
Онон= Онон. МҚШ. $1, 2, 4, 30, 32, 50 ,54, 55, 56, 57, 59, 72, 74,75, 81, 84, 88, 106, 108, 116, 129, 130, 144, 202, 211, Координаты: Е 109о – 113о; Б. 480о 251–49о-40 (ШЭ) деп, ал Кара = МҚШ. Рашид-ад-динде Т.І. кн. 129 бет. Бурхан Халдуннан басталып, Тул дариясына құяды.
[10] Дули= Тул дәриясы. МҚШ. $ 96, 104, 115, 164, 177, 261. Координаты: Е.109о 01‘ Б. 48о 20’ – деп (ШЭ).- 284 бет). Байырғы түрік мәтіндерінде (ж.с. ҮІІ — ІХ. ғғ) Тоғула, ХІІ ғасыр түпнұсқаларында Тоғула, бүгінгі атауы Тул.
1305 жылы жазылған Рашид-ад-дин шежіресінде және 1240 жылы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресінде» осылай жазылып сақталған», –деп жазады профессор Қаржаубай Сартқожа. Осыншама дәлдікпен қағазға түскен тарихи деректі жоққа шығару үшін баршаға белгілі Карпининді куәға тартып: «Шыңғыс ханның мекені өзі жүріп өткен жолдағы екі таудың ортасында» деп жазды. «Бұл екі таудың бірі Жоңғар болса, екіншісі Іле Алатауы емес пе? Құттау деген әрине Қаратау», – деп кеуделейді. Мұндайды оспадарлық демей не дейміз?
Бекең онымен де тоқтамайды, «Моңғолдың құпия шежіресінің» түпнұсқасы жоғалған деген қаңқу сөз, мұрағат қызметкерлері Қапаровты алдаған деп ойлаймын, асылы, ол шығарманың қолжазбасы жоғалған болса, Тілеуберді Әбенайұлы аударған «Шыңғыс қағанның Құзауыры» деген атпен Қытайдан аударылған шығарма қайдан шықты? Мұнда қандай құпия бар? Меніңше, біреу-ақ: Ол шығарманың аты көне қазақ тілінде болғанына қарағанда шығарманың өзі көне қазақ тілінде және араб қарпінде жазылған». Әуейі тарихшыларымызға ортақ бір кеселді сөз бар, ол «мен солай ойлаймын, ол сөзді мен былай қазақшалаймын» т.б., жаным-ау, сен сонда өзіңді кіммін деп ойлайсың? Сенің қияли сандырағың кімге керек?
Осы арада барша кәсіпқой тарихшылар мен әуесқой тарихшыларға тарих зерттеудің үш тұғыры – дерек, деректану және тарихнаманың өзіндік ерекшеліктері туралы қалыптасқан қатаң қағидаларды тәлкек қылуға болмайтынын, естен шығаруға болмайтынын баса айтқымыз келеді.
Тарихшы тек деректермен ғана жұмыс істей алады. Олай болса, тарихшы алдымен деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін деректану теориясын терең меңгеруі керек. Екінші сөзбен айтқанда, тарихшының кәсіби деңгейі оның деректану теориясын қаншалықты меңгергеніне тікелей байланысты екені 30 жылдан бергі жазылған алуан түрлі кітаптар мен мақалалардан көрініп-ақ тұр. «Мен былай ойлаймын» деген дүбәраны қазақтан басқа халықтың қалам ұстағандарынан кездестірмеппіз.
Тарих ғылымының деректану саласында қалыптасқан заңдылығы туралы профессор Қаржаубай былай дейді: а) түпнұсқа, б) транслитерация, в) транскрипция немесе оқылуы, г) жаңғыртпасы, д) сөзбе сөз аудармасы, е) тілдік және тарихи түсініктемесі, ж) мағыналық аудармасы деп аталатын жеті кезеңнен (жеті сатыдан) сарапталып өткеннен кейін ғана нағыз ғылыми тарихи құжаттық деңгейге көтеріледі, ғылымның қалыптасқан безбені осындай.
Сондықтан тарихи жазба мұралармен айналысқанда түпнұсқаның бір де бір дыбысын, графикасын өзгертпей түсіру шарт екені біздің әуейілердің ойына кіріп шықпайтынын күнде көріп жүрміз.
Мен «Қазақстанды Шыңғыс хан елесі кезіп жүр» деген мақаламда (Ж.А. 08. 04. 2021) түркі моңғолдардың Шыңғыс хан заманына тән 7 түрлі ортақтықтарының бірі ретінде ортақ тілдік ерекшеліктерін атап көрсеткен едім. Онда түркітанушы ғалымдардың бұл екі халық тілінің туыстас тіл екенін, сондай-ақ атақты алтайтанушы Б.Базылханның қазіргі қазақ, моңғол тілінің түбір сөзінің 40 пайызы, жалғаулықтың 60 пайызы бірдей екенін және қазіргі моңғол тілдік қорында ежелгі түрік тілімен түбірі бірдей үш мыңға жуық сөз сақталғанын дәлелдеп шыққанын еске салып едім.
Ендеше бұдан 860 жыл бұрынғы түрік, моңғолдардың тіліндегі түбір сөз қоры мен жалғаулықтардың ұқсастығы қазіргі кездегіден әлдеқайда көп болған деп батыл айтуға болады. Мен тағы да, баршаға танымал тарихшыларымыз Зардыхан Қинаят пен Мәмбет Қойгелдиевтердің: «… Шыңғыс ханды түрік, болмаса қазақ деп тану – ұят. Шыңғыс ханды тарих сахнасына алып шыққан моңғолдар, ал әлемдік кеңістікке алып шыққан түріктер. Шыңғыс хан түрік те, қазақ та емес, моңғол. «Шыңғыс ханды түрік, қазақ дегеніміз ұят болады. Ол моңғол халқының тарихи тұлғасы» деген тұжырымына сүйене отырып: «Әуесқой тарихшылардың Темучинді түрік-қазақ дегені айтыла салған жай сөз, ал ру-тайпаға теліп өзеурегендері нағыз шындық болатын. Мен өз тарапымнан: Шыңғыс хан моңғол-қазақ-түрік халықтарына ортақ тарихи тұлға», – деген тұжырымды тарихшылар назарына ұсынғым келді. Әйтсе де қоңыратшылдар мен жалайыршылар, әсіресе Бексұлтан сияқты жазғыштарды иландыру мүлде мүмкін емес екені белгілі. Бекең «Жас Алаш» газетіндегі соңғы мақаласында: «… Тілеуберді Әбенайұлы бауырымыздың «Шыңғыс қағанның Құузауырын» қытайшадан тікелей қазақшаға аударуы Шыңғыс хан тақырыбына шын мәнінде төңкеріс жасады. Ол жер аттарын дәл аудару арқылы ұйықтап жатқан санамызды қайта сілкіледі», – дей келіп, Шыңғыс хан мен Жамуханың алғаш соғысқан жері Зерен Қапшағай, екінші рет соғысқан жері Күйтең (қазіргі Кіитің), одан әрі қарай Талдықорған мен Жаркент атырабындағы Тілеуберді қазақшалап берген жер-су аттарын тізбелеп шығады.
Сонда Бекең ойланып-толғанып барып: «Шыңғыс ханның ата-бабасы да, өзі де осы өңірде өмір сүрсе, төрт жүз жыл бойы екі бабасы отбасымен бірге тығылып қалған Ергенқон атты мекен де ос мекенде болуы керек қой», – деген қорытындыға келеді.
Біз Бекеңнің бұл сияқты баяндарын оқығанда қиял-ғажайып ертегі тыңдағандай боламыз, салихалы тарихтың елесі де, жұрнағы да жоқ, өкінішті-ақ.
Профессор З.Қинаяттың «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары (ІХ-ХІІ ғғ.)» (Астана, 2001) атты кітабын оқыған адам бұлайша лағып, жұртты да шатастырмас еді-ау. «Қолында жағрафиясы болмаған тарихшы кібіртіктеу келеді» деген аталы сөзден тағылым алар Бекеңдер емес қой. Профессор Зардыхан: «Қазақ және моңғолдардың әрқайсысы өз даласының туындысы. Қазақтың ұлт жүзінде қалыптасу процесі Алтай мен Атырау, Батыс Сібірден Жетісу аралығында, ал моңғолдар Моңғол үстірті осы үш өзен (Хэрулэн, Онон, Тула) бойында жеке-жеке халық, ұлыс, ел ретінде қалыптасты, әрқайсысының өз тарихы және өз тарихи тұлғалары бар», – деп жазып еді. Әуесқойлар оған да мән бергісі келмепті.
Ескерте айтар бір сөз – Шыңғыс хан Моңғол мемлекетін құрғаннан бастап, 21 жыл ішінде (1206-1227) 70 рет сыртқа жорық жасаған екен.
1206 жылы Онон бойында дүйім Моңғол мемлекетінің шаңырағын көтеріп Шыңғыс қаған сайлаған салтанатқа қатысқан 31 тайпаның 23, Моңғол мемлекетін құруға елеулі еңбек сіңіргені үшін аты аталып, атақ-абыройға ие болған 88 тұлғаның 72-сі Нирун моңғолдардың өкілі болыпты. Осы рәсім кезінде қаған ордасының әкімшілік басшысы Тататунга аппақ гранит тасқа ойылып жазылған қағанның таңба жарлығын жұртқа жария етіп, таңбаны ұлы қағанның қолына табыстаған. Таңбада моңғол тілінде: «Мөнх Тэнгэрийн Хучиндор, Йкэ Моңғол ұлысын далайн хаһаны зарлигии йн болгон иргэн дор хургэбэсу биширтүгэй, аитуғай!», қазақшалағанда: «Мәңгі Тәңірінің қуатымен ұлы Моңғол мемлекетінің далай (Тэнгис) қағанының жарлығы барша халыққа жария етілсін, табыныңдар, бас иіңдер!» делінген.
Мұнда Бексұлтан Нұржекеұлы анықтап біліп алсын деп «икэ Моңғол ұлысы» (ұлы Моңғол мемлекеті) деп тасқа басылған осы сөзді үлкен әріппен көрсеткіміз келді. Шын тарих осылай дейді. Беке, мұны қалай өзгертуге болады? «Моңғолдың құпия тарихында» 40-тан аса тайпаның аты аталады. Олардың 30-дан астамы Моңғол тайпалары. Қазір моңғол жұртында олардан 456 ата тараған екен.
Санаспаса болмайтын тағы бір жазба деректі профессор Зардыхан былай таратады: «1179-1206 жылдар аралығында Шыңғыс ханның тікелей басшылығында жүргізілген 30 шайқастың көпшілігі моңғол және түрік тайпа бірліктерінің арасында болыпты, Шыңғыс хан осынау 25 жыл ішінде татарлармен 3, меркіттермен 5 дүркін, наймандармен 4, керейттермен 2 рет шайқасқан. Шыңғыс ханның інісі Хасар қоңыраттарды шапты.… Моңғол және түріктердің арасында болған Алақай бұлақ, Жижгэр ондор, Ұлан хус, Наху-хон шайқасы солардың қатарында. Шыңғыс хан татар, найман, меркіттерді ешқашан бауырына тартқан емес», – дейді.
Ал моңғолдың белгілі 30 руының бірі Қият-боржығандардан біздің қазақ тарапты-мыс деген аңызға ақыл-есі түзу қай қазақты сендіре аласыз? Қазіргі қазақ, өзбек, қырғыз, қырым, ноғай, башқұрттар арасында кездесетін қияттар Шыңғыс ханның әскерінің қатарында келіп жергілікті жұртқа сіңісіп қалып қойғандар», – деген уәжіне қарсы келтірер жазба деректі қайдан табар екенсіздер?
Енді, бірер сөз «моңғол» атауының «могол», «моаІ», «могол» болып түрліше аталуына байланысты түрік тарихының жанашыры В.В.Бартольдтың «Орта Азияда «монгол» атауын «могол» деп атаған» (В.В.Бартольд. Сочинение М., 1964. Т. ІІ, Ч.П. с.35)) дей келіп, «1196 жылға дейін Шыңғыс хан барша монғол тайпаларын бір тудың астына бағындырып алған соң «Барша монгу хандығын» жариялады, ал 1206 жылға дейін керей, найман, Шығыс Түркістандағы ұйғыр, қара қытайларды қол астына алған соң «ұлы Моңғол империясы» құрылғанын жария етті. Бұл бір ғана моңғолдардың хандығы емес, бүкіл киіз турлықтылардың империясы» деп кесіп айтқан болатын.
Менің «Тимучинді тарих сахнасына алып шыққан моңғолдар, ал оны көкке көтеріп, әлемге танытқан түркі халықтары, сондықтан Шыңғыс хан моңғол-қазақ-түркі халықтарына ортақ тарихи тұлға деп тануымыз керек» деген уәжім В.В.Бартольд сияқты ондаған әлемге танымал тарихшылардың қорытындыларына негізделіп айтылған болатын.
Т.Әбенайдың «Шыңғыс ханның атамекені Жетісу, Бурхан-Халдун деп айтып жүрген жер – Жаркент», – деген сандырағына «кәміл сенемін» деп кеуде кере сөйлер алдында Бекең, осы оқиғаға байланысты тарихи оқиғалар жүз берген тарихи орта жөнінде анық түсініктеме беруі керек еді. Өкінішке қарай, осыған дейінгі жазбаларда Шыңғыс ханның атамекені Бұрхан-Халдуннан бастау алатын үш өзенді (Орхон, Онон, Керулен) жоққа шығарып, Жетісудағы Жаркентке әкелуге ақыл-есі дұрыс адамдар сене алмайтын оспадарлық. Отандық және әлемдік тарихи зерттеу еңбектерінде, сондай-ақ 2019 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты құрастырған үш томдық «Қазақстан тарихы» энциклопедиясының 586 бетінде бадырайта: «Қарақорым Моңғол империясының астанасы. Орны қазіргі Моңғолиядағы Архангай аймағындағы Отгон Тэнгэр (Өтукен тәңір) тауы бөктеріндегі Орхон өзені аңғарында орналасқан», – деп жазып, одан әрі 1220 жылы Шыңғыс хан ел орталығын қазіргі Моңғолияның Хантий аймағындағы Керулен мен Куль өзендері түйіскен жердегі Кодеге-арал деп аталған жерден осында көшірді», – деп нақтылап көрсеткен еді. Ендеше сөз болып отырған 2018 жылғы найман Күшлік ханға қарсы Жебе Ноян басқарған 20 мыңдық қалың қолды Шыңғыс хан қай өңірден аттандырған деп қиялдауға орын бар ма? Бекең мен Әбенаевқа салсаң, әрине, Жаркенттен аттандыра салады.
Ал Жетісу-Жаркент түгіл Орталық Азияның бірқатар басты қалаларына бақылау орнатып отырған Қара қытайдың (Лияу хандығы) горхандары туралы Бекең мен Әбенаевтар ойлап та қоймайды. Сол қатарда 1213 жылы горхандардың тағын тартып алып, бүкіл Оңтүстік өңірдің дара билеушісіне айналған найманның Күшлік ханы ереуілдеп тұрғанда, Жебе ноянның қалың қолы Жаркенттен – Жетісудан аттанған еді деудің қандай қисыны бар?..
Енді, профессор Зардыханның мына уәжіне назар аударып көрелік: «Неге екені белгісіз, біздің қазақ тарихшылары және өзін тарихшымын деп жүрген авторлар қарапайым этимологияға аса құмар болып алған. Егер басқа бір бөтен тілден қазақ тіліне ұқсас 2-3 сөз тапса болғаны сол жұрттың өң-келбетін айналдырып қолдан «қазақ» жасай салуға дайын тұрады. … Сөйтіп, 2-3 ауыз атаудан «ұлт» жасаймыз деп ұлтымызды, оның тарихын карикатураға айналдырып алуымыз мүмкін», – деп еді. Тәуелсіздікті, демократияны аузына не келсе соны айтып жазу еркіндігі деп ұғынатын тарихшысымақ «шала шекспирлер мен толмаған толстойлар» ұлтымызды да, тарихымызды да әбден былғап карикатураға айналдырып жібергенінің куәсі болып, ұятқа қалып отырмыз.
Басқаны айтпағанда, бір ғана Шыңғыс хан мен Ли Бәй-Елібайды айналдырған жазғыштардың белгілерінің кім екенін көзалдарыңыздан өткізіп көрелік. Сенатор Өмірбек Бәйгелді: «Мен Мен Ли Байды аштым, ол Дулат бабаның тоғызыншы ұрпағы болып шықты», – деп сонау 2008 жылы жар салып еді.
Ал «Аспан мен даланың төрт ұмытылған тарихының» авторы Хамза Көктәнді бар болғаны Шымкенттегі пединституттың қазақ филиологиясын өткен ғасырдың 80 жылдары бітірген мектеп мұғалімі еді. Орыс тілін де жөндеп меңгермеген, ақыншалыс бір адам болса да Шыңғыс хан туралы аңыз тарихында ол Шыңғыс ханды бірде жырау, бірде әулие, бірде бақсы, тіпті бірде оны «Асан қайғы» екен-мыс деп шалықтап екі том кітап жазды.
Ал «Шыңғыс ханның моңғолдармен үш қайнаса сорпасы қосылмайды» деп кесіп-піше әлденеше кітап жазған әуесқойдың бірі Қ.Данияров пен профессор (тарихтың профессоры емесі анық Ә.Д.) Қ.Зәкәрияновтардың жазбаларының түкке тұрмайтындығы әлдеқашан дәлелденіп болған. Сөйтіп жүргенде, Бексұлтан Нұржекеұлы шүйіншілеп «Шыңғыс хан тақырыбына, шын мәнінде, төңкеріс жасаған» делінген Тілеуберді Әбенаев деген кен-шахта құрылысшысы Алатаудан асып келе салып «Тарих, шыныңа көш, Шыңғыс хан кім?» деп сүрен салды. Бекең осы «Төңкеріс» деген сөзді тарихқа қай мағынада қолданса да, «нағыз бұзақылық, астан-кестең, аяғын аспаннан келтіре аударып-төңкеру» дейтін төл мағынасынан алыстай алмайды. Т.Әбенай ғылымға, әсіресе қазақ тарихына «төңкеріс» жасамақ болып лаң салған арандатушы шатпақтарына «төңкеріс» атауынан басқа лайық сөз, шынында, жоқ.
Соңғы 2-3 жылдан бері «төңкерісшілер» тобына Жетісайдың мақта жүйектерінің арасынан шыға келген Нақып Оңғар деген «Шыңғыс хан – қоңырат болатын» деп біраз даурықты. Бұлардан басқа да тарих пен ғылыммен мүлде айналыспаған дастархандық әуейі тарихшысымақтар да баршылық.
Осылардың бәрін сарапқа сала қарасақ, аталған даулы тақырыптарға еліміздегі кәсіби маман тарихшылардың бір де біреуі оларды қолдап пікір білдіріп көрмепті.
Оның басты себебі олар отандық және әлемдік түріктану мен шыңғыстанудың ғылыми негіздері мен деректік тарихнамасынан хабары бар көзі ашық, көкірегі ояу ғалымдар болатын. Солардың қатарынан табылған қытайтанушы профессорлар Нәбижан Мұхаметхан, Тұрсынхан Зекен, Клара Хафизовалар мен Жанымхан Ошан, академиктер Манаш Қозыбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Берекет Кәрібаев, Дархан Қыдырәлі т.б. тарихшылардың салиқалы ой-пікірлері, біздің Шыңғысханшыл ойсыздардың санасына саңылау түсіре алмады.
Сегіз жарым ғасырлардан бері бүкіл әлемдік беделді энциклопедиялар мен том-том тарихи зерттеулер, америкалық Михаил Харттың 1992 жылы жарық көрген «100 әйгілі тұлғалар» (Мұхаммед Ғалайиссаламнан Махаураға дейін) атты әйгілі кітабында 29-шы орын берілген, «моңғолдардың әлемді жаулаушы ұлы қағаны деп жазылған.
Әлемдік басылымдарды былай қойғанда, қазақтың 12 томдық ұлттық энциклопедиямыздан бастап 10 томдық, 5 томдық тарихи зерттеулерімізде, тіпті 2021 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты құрастырып шығарған «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты жинаққа Шыңғыс хан емес, Жошы ханға 19-шы орын беріліпті. Ал 2020 жылы Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты құрастырған 3 томдықта былай деп жазылған еді. «Шыңғыс хан Темүжін, Temьjin (1162, Онон өз. бойы – 25.8.1127, қазіргі ҚХР, Нинся хуэйцзу автоном. районының оңт-ндегі Люпаньшань тауы немесе Учжун қ.) – Моңғол империясының негізін қалаушы, көрнекті саясаткер, даңқты қолбасшы. Арғы тегі моңғолдың Нирун (Niruyun) тайпасының бір тармағы болған Қият-боржигин (Borjigin) тайпасынан таралады. Тарихи деректер бойынша қият (қиян) деген осы бір байырғы атауды Темүжіннің арғы атасы Хабул (Қабыл) қалпына келтіріп, өзі тараған әулетті «Қият-боржигин» деп атауды жолға қойған.
Сонда шетелдік және отандық тарихшылар да тек моңғолдардың ұлы қағаны болып орныққан Шыңғыс ханды жалайыр, қоңырат түгілі түрік-қазаққа да жақындатпаған тарихты қалай өзгерте салмақшы?
Ал қарға тамырлы қазақшылық пен жүзшілдік-рушылдық ұранына еліккен бір топ журналистер мен орта қол ақын-жазушылар, мансапты, қалталылардың өктемсіген бопсаларына мән берудің еш қажеті жоғына да көзіміз жетті.
Солай болса да қазақ елінің зиялы қауымы мен ғалымдарын ұятқа қалдырған бір сорақылықты айтпауға болмас. Қандай сиқыршылардың гипнозына елігіп басы айналғанын қайдам, Ұлттық Ғылым академиясының президенті, Академик Мұрат Жұрыновты біз де білетін сияқтымыз. Өйткені төменде біз көлемді үзіндісін бергелі отырған химик академиктің сөздері мен Тілеуберді Әбенай, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының, жазушы Марал Ысқақбайдың және МҚК (КГБ) генералы Ержан Исақұлов пен экономист Құлекеевтердің айтарларында ешбір айырма жоғына көзіміз жеткендіктен ұялмағандардан ұялып үнсіз қала алмадық.
Неге? Неге дері бар, олар әлемдік түріктану мен шыңғыстанудың ғылыми негіздері мен деректік тарихнамасынан хабары бар көзі ашық, көкірегі ояу ғалымдар болатын. Солардың қатарынан табылған қытайтанушы профессорлар Нәбижан Мұхаметхан, Тұрсынхан Зекен, Клара Хафизовалар мен абыройлы академиктер Манаш Қозыбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Берекет Кәрібаев, Дархан Қыдырәлі т.б. тарихшылардың салиқалы ой-пікірлері, біздің Шыңғысханшыл ойсыздардың санасына саңылау түсіре алмады.
Мұрат Жұрынов (Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик): «Біз ғалымдар, саясатпен шұғылданбаймыз, тек ғылыми шындықты іздеумен айналысамыз. Сондықтан Әбенайұлының кейінгі терең зерттеу жұмыстары бізді қызықтырады. Бұрын да миллиондаған адамы бар түрік әлеміне шағын ғана әлсіз моңғол жұртынан шыққан адамның хан болуы түсініксіз және шындыққа ұласпайтын жай болатын. Хан тек қана күшті елден, күшті тайпадан шыққан».
Мен «Қазақстанды Шыңғыс хан елесі кезіп жүр» деген мақаламда химик академиктің (Хан тек қана күшті елден, күшті тайпадан шыққан) сөзінің тарихтан мүлде хабарсыз жанның қарабайыр долбары екенін дәлелдейтін 2000 жылдық тарихымыздан толып жатқан мысалдар келтірген едім.
Ал Шыңғыс ханның туған жері, өскен өлкесі жөнінде бұған дейінгі өз жазбаларымда және пофессор Зардыхан мен Қаржаубайлардың жазбаларында жетерлік дәлелді деректер келтірген едік, бірақ химик-академик ондай-ондайыңа пысқырып қарамайды да екен. Сондықтан ол «Шыңғыс ханның туған жері, өскен өлкесі Бұрхан және Түрген жерлерін қазіргі Моңғолия аумағынан да, Солтүстік Сібір өлкесінен де таба алмайсыз. Ол жақта ондай жерлер бұрын да, бері де болмаған. Керісінше дәл сол Бұрхан мен Түрген деген жер-су аттары Жетісу жерінде ежелден бүгінге дейін бар. Біз осындай дәлелдерге көңіл аудардық, бұл зерттеудің бастамасы деп ойлаймын… Шыңғыс ханның өзі түрік тілінде сөйлегені тарихтан белгілі. Моңғол ғалымдары Шыңғыс ханды өздерінің бабасы ретінде есептей берсін, бірақ шындықтың есігін ашып қоюымыз керек. Шыңғыс хан Алтай, Балқаш, Алакөл өңірінде өмір сүрген адам, қазіргі Моңғолияның аумағында тұрмаған. Осыны ғалымдарымыз дәлелдеп мойындатуымыз керек. Бұл тез арада шешіле қоятын мәселе емес. Зерттеуді әртүрлі тәсілдермен әрі қарай жалғастыра беру керек. Дулатидің Бичуриннің еңбектерінің бір жерінде Шыңғыс ханның түрік тілінде сөйлегені, мұсылман дінінде болғаны, бір баласының ораза тұтқаны, бір немересінің аты Мұхаммед болғаны айтылып кетеді. Моңғолдарда Мұхаммед деген есім жоқ қой, осындай нақты дәлелдер бар. Сондықтан Тілеуберді Әбенайұлын тыңдап, еңбегін ғалымдардың талқысына салдық. ҰҒА-ның президиум мүшелері бұл еңбекті әрі қарай жалғастырып зерттеу керек деген қорытындыға келдік». (Дерек көзі:http:/uJt?p=12991) сөйтіп Т.Әбенайұлына Қазақстан ҒА-ның құрметті академигі атағын беріпті. Т.Әбенайұлының еңбегін медиевист қандай ғалымдардың талқысына салған? Қазақстан Республикасының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ҒЗИ-нің талқысына салған ба? Онсыз да белін алдырып, ауыр халде тұрған Қазақстан Ғылым академиясының беделін осыншама төмендетіп, Жаркент академиясының деңгейіне түсіргеніңіз қандай үлкен трагедия?!
Академик мырза, тым асығыс қозғалған сияқтысыз… Ең болмаса, бұл саладан хабары бар бір маманмен ақылдасып алғанда бұлай ұятқа қалмаған болар едіңіз.
Мен химик-академиктің осы сөздерінің шын өтірігін білгім келіп, маусым айында президенттің кеңсесінде болдым. Мұрат көкем менің білгім келген сұрақтарыма жауап бергісі келмей біраз ойқастады. Тіпті Әбенаевты қайда, қашан көргенін әрең есіне түсіргендей болды. Бірақ оған «Құрметті академиктік» атақты берген президиум отырысына қоғамдық ғылымдар саласынан кімдер қатысты деген сұрағымызға нақтылы жауап ала алмадық. Мен осыған дейін Тарих және этнология институтының директоры профессор Зиябек, академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Оразақ Смағұлов, Берекет Кәрібаев және марқұм Әбдісаттар Дербісалиевтермен осы жөнінде сөйлескенімде олардың ешқайсысы мүлде хабарсыз екенін айтқан еді. Олай болғанда химик-академик өзінің химик-физиктерімен тарих жөнінде оңаша талқылаған ба? Немесе президенттің айналасында жүрген пысықайлардың жеңұшынан жалғасуынан жасалған протокол ма? Бірақ сондай бір ресми қағаздың бар-жоғын да біле алмадық. Осылардан кейін профессор Қаржаубайдың «Онсыз да белін алдырып, ауыр халде тұрған Қазақстан Ғылым академиясының беделін осыншама төмендетіп, Жаркент академиясының деңгейіне түсіргеніңіз қандай үлкен трагедия» деген жан даусына бей-жәй қарай алмадық.
Енді профессор Қаржаубай Сартқожаның Қазақстан ҒА-ның президенті М.Жұрынов мырзаға, ұсынысын назарларыңызға ұсына отырып, біз де дәл осындай бір Халықаралық деңгейдегі ғылыми пікір алысуды ұйымдастыруды сұранамыз: «Шыңғыс ханның тегі, тарихтағы рөлі хақында соңғы он-он бес жыл бойы қазақ БАҚ-тарында дау-дамай үзілмей келеді. Екі Мұхтар бастап соңы бізге жетіп, сіздің де беделіңізге шіркеу түсірді, егер қарсы болмасаңыз Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнология институтының базасында, әлемнің түріктанушы, моңғолтанушы тарихшыларының құрамында дөңгелек үстел ұйымдастырып, осы таласқа нүкте қоюыңызды сұраймын».
Түйін сөз
Мақаламызды профессор Зардыхан Қинаятұлы мен академик Манаш Қозыбаевтың сонау 2001 жылы жарияланған төмендегі сөзімен аяқтамақшымыз: «Түріктану саласы, қазақ тарихын зерттеудегі жаңа бетбұрыс біздің бұл зерттеуімізге түрткі болды, ой салды, жаңа қорытындыларға жетеледі. Жалпы адамзатқа тиесілі тарихты ұлт, рулардың жеке басының еншісіне айналдырмай біртұтас құбылыс тұрғысынан қарау туралы академик М.Қ.Қозыбаевтың ұсынысын біз әдістемелік тағылым ретінде қолдандық. Әрбір тарихшының ізгі мұраты және ғылымдағы міндеті тарихтағы деректемелерді өң-келбетін өзгертпей, әсірелеп бұрмаламай табиғи күйінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап жеткізу одан тағылым алу болып табылады. Біз ежелгі тарихымыздан келе жатқан осы бір асыл қисынды ұстандық». (М.Қ.Қозыбаев Казахстан на рубеже веков. Размышления и поиски книга 1. Алматы. 2000 ж. 51-52 бет.
***
Біз зерттеу мақаламыздың атын не үшін «Қазақстанды Шыңғыс хан елесі кезіп жүр» атағанымызға тоқталсақ, шынында елес қуып жүрген әуесқой тарихшылардың көпшілігі тарихи методологияны игермеген, нысаналаған тақырыбына байланысты деректермен жете таныс емес адамдар болғандықтан профессор Зардыханша айтқанда «Олар тарих ғылымының ыстығына күймеген, тарих зерттеу ғылыми методологияны толық игермеген мұндай адамдар өзінің діттегенінен өзге ешнәрсеге сенбейді, өзінің титтей де болса шалыс басқанын мойындай алмайды. Меніңше, мұндай жағдай қазақтың гуманитарлық ғылымының бүгінгі жағдайында орын алып отырған негізгі проблемалардың бірі». Меніңше, негізгі проблемалардың бірі ғана емес, ең бастысы – бүгінгі қазақтар үшін жұқпалы дертке айналған жүзшілдік пен рушылдық, жершілдік болып отырғанын мәймөңкелемей ашық айтып, сол дертке дауа іздеуіміз керек демекпін.