Шыны зауытының шыны қайсы?
Өткен аптаның аяғында Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Халқынан шенеуніктері көп кездесу көптің көңілінен шықпады. Өйткені әкім болғалы алғашқы кездесуін құрқылтайдың ұясындай «Достық» үйінде өткізген оны қала тұрғындары мұң-мақтажын айту үшін сыртта күтуге мәжбүр болды.
Содан кездесуді ұйымдастырушыларға деген реніштерін жұртшылық әлеуметтік желілерге төкті. «Ұйымдастырушы аппараты мен басқарма аймақ басшысының алғашқы кездесуінің берекесін қашырды. Қалада шамамен 450 мыңдай тұрғын бар. Ал әкімнің кездесуін 200 орындық залға ұйымдастырған. Драма театр тұр, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі тұр. Достық үйінің құрқылтайдың ұясындай залына күндері қарапты. Оның жартысы басқарма қызметкерлері, сала басшылары, депутаттар, түрлі кеңестің мүшелерімен толды. Ертемен барғанымның өзінде ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлері «басшылар отырады» деп жолатпады», – деп жазба қалдырды тәуелсіз журналист Ү.Жәреке.
Сонымен кездесуде аймақ басшысы күрмеуі көп шыны зауытының өнімі жыл соңына дейін жарық көреді, жергілікті халық жұмысқа тартылады деп сендірді. Сондай-ақ Қызылорда қаласында ақсап тұрған үлкен мәселе –қоғамдық көлік саласына үлкен сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алынатыны, облыстық қан орталығының құрылысы, 100 келушіге арналған емханасымен бірге 300 төсектік көпбейінді аурухана бой көтеретін айтты. Бұдан бөлек Неке сарайы, Өнер орталығы, «Оқушылар сарайы», құны 215 млрд теңгені құрайтын жаңа жылу электр стансасы салынатынын білдік. Ал енді өңір түгілі республикаға «әні ашылады, міне ашыладымен» танымал боп кеткен шыны зауытына келсек, биыл бұл жобаға да 10 жыл толады. Қысқасы, екі әкімді өтірікші қылған жоба, үшіншісін де қармағына алмаса болар еді, деп отырмыз. Өйткені астанадан арнайылап Әшімбаевты шақырып ашқан зауытымыздың пеші күйіп кетіпті-мыс. Өңір экономикасын дамытуға тың серпін береді деген жобаның әлі күнге дейін бір өнімінің шыққанын көрмеген Сыр жұртшылығы кезекті алдауға түсіп қалмады ма екен деген күпір ой қылаң береді. Халық түгілі Мемлекет басшысының өзі алаңдап отырған жобаны өңірдің атқамінерлерінің баяу тірліктеріне қарап-ақ, бір-бір салпыншақ беруге тұрарлықтай. Айта кетейік, Әбдіқалықова мен Әшімбаевтың ашып кеткен зауыттың балқыту пеші техниканы іске қосу барысында жарамсыз болып қалыпты. Соншама жылдан бері пештің де дені дұрыс, сапалысына тапсырыс бермеген зауыт басшылығы да, оны қадағалап отырған әкімшілік те, халықтан болмаса да жоғарыдағы тұлғалардан ұятты болуы керек еді. Бірақ ондай жөн-жосығын айтып, кешірім сұрау «кәде-жорасын» көргеніміз жоқ. Содан пешке қайта тапсырыс беріліп, жаңа уәде бойынша шілде айында бірінші өнім шығатындығын атап өткен Orda Glass ltd ЖШС басшысының берген уәдесі де түгесілді. Шілде болды, ал шілдеде шығатын өнімді әкім жыл аяғына дейін соза салды. Тағайындалғанына үш ай болған Н.Нәлібаев қыруар қаржының сыртқа кетуіне тосқауыл болдым деп, бұрынғы әкімдіктің жіберген қателіктерін де жасырмады. Атап айтқанда, облыс мұғалімдеріне 12 млрд теңге, ART спортқа (балалардың тегін үйірмелері) 2 млрд 600 мың теңге қарызын және негізсіз жұмсаған қаржылар мен үкімет тарапына кері қайтарылған қаржылардың бар екендігін атап өтті.