Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:03, 29 Маусым 2023

Шырылдауық шегіртке. Үкіметті Сәтқалиев «синдромы» кезіп жүр

None
None

Былтыр қыста Қазақстан аумағының 46,3 пайызын электр энергиясымен, 43,4 пайызын көмірмен қамтамасыз ететін Екібастұз қаласы жылусыз қалды.

Қарашаның 30 градус қарыған суығында Екібастұздағы ЖЭО істен шықты. Мамандар апатқа орталықтағы жылу қазандықтарының әбден ескіруі, тозығы жеткендігі себеп деген баға берді. Билік 28 қарашада Екібастұз қаласында төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қазір Екібастұздың халқы, нақ сол жағдайдың биылғы қыста қайталанбауын қатты тілеп жүр.

Қыстың көзі қырауда үкіметтегілер де, аталмыш аймақтағы жергілікті билік те абыр-сабыр болды да қалды. Ал бүрсеңдеген халықтың базынасы тіптен ерекше. Әу баста Екібастұздағы қазандықтар бірінен кейін бірі істен шыға бастағанда үкімет бұл іске кінәлілер жазаланады, жауаптылар халыққа өтемақы төлейді деп те мәлім етті. Павлодар облысының прокуратурасы бұған қатысты «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС су жылыту қазандықтарын тоқтату дерегі бойынша қылмыстық кодекстің 254-бабымен сотқа дейінгі тергеуді де тіркеді. Апаттан кейін көп ұзамай комиссия құрылып, төтенше оқиғадан соң Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қызметінен кетті. Энергетика министрлігіне су жаңа министр Алмасадам Сәтқалиев келді. Бұл министр келе салысымен «Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орта Азия электр энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының есебінен жөнделеді», – деп есеп те берді.

 Ал «Орталық-Азия электр энергетикасы корпорациясы» АҚ өкілдерінің мәліметінше, бүгінде Екібастұз тұрғындарының жылуға қарызы жарты млрд теңгеден асқан. Жалпы ұзындығы 421 шақырым болатын жылу желілерінің тозуы басты проблемаға айналып отыр.  Акционерлер жыл сайын кәсіпорынға 2 млрд теңге құятынын, алайда ол ақша жөндеу жұмыстарынан бөлек, көмір сатып алуға, жұмысшылар айлығына, басқа да шығындарға жұмсалатынын айтады. Тіпті корпорация басшылары «мәселені шешу үшін жылу қызметіне алынатын ақыны көтеру қажет» деседі.

Бұл мәселеге қатысты үкіметтің президент Тоқаевтан алған тапсырмасы тағы бар. Тоқаев үкіметке энергетикалық активтерді мемлекет иелігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған. Энергетика министрлігінің бізге берген мәліметінше, Қазақстан бойынша 37 жылу энергетика стансасының 22-сі жекеменшікке тиесілі. Оның ішінде 19-ға жуық нысан жедел күрделі жөндеуді қажет етеді.

Министрілік осындай деректерді тізбектейді. Ал ең қызығы, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев министр болғалы бері ЖЭО бойынша Риддер, Екібастұз және басқа да проблемалы аймақтарға аттап басқан жоқ. Бұл үшін Сәтқалиевті депутаттар «тек кабинетіңнен шықпайсың», деп те сынады.

Айтса айтқандай, Сәтқалиев бұл салаға кеше келген адам емес. Ол бұрын «Қазтрансойл», «KEGOC», «Самұрық-Қазына» АҚ-да басшылық қызметте болған. Кезінде «Самұрық» АҚ-да электр энергетикалық активтерді басқару жөніндегі директор болған Сәтқалиевтің апатты аймақтарға барып, мәселені көзбен көріп, жұмыс істеуге ынтасы болмай отырғанына біз де таңдандық. Ал Сәтқалиев бұл ескертуді қабылдайтынын білдірді. Проблемалық учаскелерге бару кестесі әзірленіп, әкімдіктермен келісілгенін айтып, мәжіліс қабырғасында даярлап әкелген кестесін көрсетіп, әуреге түсті.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Сіз дайындалғанша, қыс келеді», деп күні бұрын күдер үзіп, түңіліс білдірді. Ал Есеп платасы нақ қазір Екібастұз ғана емес, Риддер, Текелі, Семей ЖЭО-1, Шахтинская ЖЭО, Павлодар ЖЭО-2, Шымкент ЖЭО-3, МАЭК «Қазатомөнеркәсіп» ЖЭО-1, «Қазатомөнеркәсіп» ЖЭО-2, Жезқазған ЖЭО, Петропавл ЖЭО-2 белгілі бір алаңдаушылық туғызады. Есеп палатасының басшысы Наталья Годунова жылумен қамту саласын тексеру барысында Арқалық ЖЭО-ның тек қағаз жүзінде іске қосылғанын айтты. Бұған қатысты Годунова: «Тексеріс нәтижесінде 3 млрд теңгеге қаржы бұзушылық, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңге экономикалық шығын анықталды. Республикалық қазынадан жыл сайын жылу электр орталықтарын жөндеуге миллиондар емес, миллиардтар бөлініп жатыр. Алайда апатты ЖЭС саны азаяр емес» екенін айтады.

Төрағаның айтуынша, аудиторлық палата 47 мемлекеттік мекеме мен 44 табиғи монополия субъектісінде үш ай бойы тексеру жүргізген. Бұдан бөлек энергетика министрлігіне қарасты 500 кәсіпорын жылдың қарапайым ғана қысқа дайындық құжаттарын өткізбепті. 2020 жылдан бастап қай жылыту орталығының дайындығы қандай деңгейде екені туралы мүлдем мәлімет жоқ.

  Мәжіліс депутаттарынан бөлек, сала мамандары да қазірде елдегі ЖЭО жұмысына алаңдай бастады. Мамандардың ойынша, Екібастұздағы апат биыл қыста Астанада айна-қатесіз қайталануы мүмкін. Себебі елордадағы қазандықтар да әбден көнерген. Ал жаңасының құрылысы бітер емес.

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов Астанада жаңа қазандықтың құрылысы басталғанына 14 жылдан асқанын айтады. Маман: «Әр саланы жемқорлық пен бюджет қаражатын берекетсіз ұстау тереңдемегенде бұл құрылыс әлдеқашан бітер еді» дейді. Мұндай деректі энергетика министрлігі де мойындап отыр. Министрліктің дерегінше, Астанадағы №3 жылу электр орталығының салынып жатқанына 14 жыл болған. Бастапқыда 86 млрд, одан кейін қазынадан тағы 122 млрд теңге бөлінген Астанадағы №3 жылу электр орталығының қашан салынып бітетіндігі әзірге белгісіз. «Бірақ жылыту маусымында ешқандай оқыс жағдай болмас үшін барымызды салып жатырмыз», – дейді аталмыш ведмоство өкілдері.

 Екібастұздағы ЖЭО төңірегіне қайта оралсақ, мәжілісте «дайындығыңыз өте нашар» деген баға алған Сәтқалиев келесі айдан бастап Семей, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған, Петропавлдағы жылыту орталықтарына баратын болды. Тағайындалғалы бері апатты қазандықтардың жайын өз аяғымен барып білмеген министр осылайша жаз ортасында суыт атқа қонбақ.

  Біз Екібастұздағы ЖЭО қатысты Павлодар облыстық әкімдігіне де арнайы сауал жолдадық. Бізге берілген мәлімет бойынша, Екібастұз жылу электр орталығындағы екі қазандық агрегатын жөндеу аяқталған.

«Жөндеу жұмыстары Екібастұз ЖЭО-ның екі қазандық агрегатында аяқталды: №7 (күрделі жөндеу) және №9 (ағымдағы жөндеу). №11, №14 және №15 қазандықтарының ескі жабдықтарын бөлшектеу толығымен атқарылды. №12 және №13 қазандықтарында бөлшектеу және ақаудың себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жабдықтарды жаңартумен қатар, станса нысандары да жөнделеді. ЕЖЭО бас ғимаратының жылу контурын қалпына келтіру үшін құрылымға техникалық тексеру жүргізілді, бұзып алып тастауға және ауыстыруға жататын қабырға және төбе плиталарының картасы жасалды. Жұмыстарға өнеркәсіптік альпинистер, мамандандырылған жабдықтар мен техника жұмылдырылған. Жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

  Негізінде, бізде «бақылап отырмыз, жасап жатырмыз, дайындық бар» деген есептер үздіксіз, жиі-жиі айтылады. Бірақ маусымдық қиындықтар кезінде жағдай бақылаудан шығып, істелген жұмыстардың сапасыз екені көзге анық көрініп шыға келеді. Қазақстан халқын жылумен жабдықтау жүйесі «депрессивті» жағдайға түсті. Елдегі бүкіл ЖЭО жабдықтарының 80 пайызы тозған. Ал бұл мәселені кабинетінен шықпайтын, тек апатты орталықтардың картасын сызумен айналысатын министр Сәтқалиев шеше ала ма?!

Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов: «Үкімет арнайы ЖЭО-ны жөндеумен айналысатын мемлекеттік тұрақтандыру қорларын құруы керек. Әбден ушыққан мәселені шешуге жалғыз министрліктің шамасы келмейді. Халықтың жылуға төлеген тарифтері сол қорға аударылып, ол қаражат та ЖЭО жабдықтарын алмастыруға бөлінуі қажет. Елдің тарифке төлеген қаражатын енді осылай бақыламасақ жекеменшікке төленген тариф те қолды болып, ұрлана береді», – дейді.   

Қазақстанның энергетика саласын иемденіп, жылудан байлық жиған олигархтар осы уақытқа дейін бұл салаға жеткілікті деңгейде инвестиция салмай келді. Үкімет те бұл мәселені бақылауға ала алмай отыр. Клебановтың «керек болса 1 теңгеге сатып кете салам» деп, міндетсіне сөйлегені олигархтардың билікпен, үкіметпен мүлде санаспайтынын, керісінше, үкіметтің соларға күні қарап қалғанын көрсетіп берді. Ал мұндай олигархтардан жауап алмақ түгілі, келіссөз жүргізуге қауқарсыз министрлер өзі басқаратын салада жағдай ушыға қалса біресе халықты, біресе жергілікті әкімді кінәлап шыға келеді. Қайбір жылы картоп пен сәбіздің бағасы қатты шарықтағанда ауыл шаруашылығын басқарып тұрған Сапархан Омаров «ажиотажға халық өзі кінәлі, олар «свежий» өнім жегісі келеді» деп айды аспанға шығарған. Сол тәрізді экс-министр Бақыт Сұлтанов та қант қымбаттаған жылы «онда шайды балмен, тосаппен ішіңдер» деп те күлкіге қарық қылған. Ал қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың өзін сынағандарға «өкпелесең көшіп кет» дегенін де халық ұмытқан жоқ. Ал бұл елге қызмет ететін шенеунік айтатын сөз бе?! Қарап отырсақ тек министр Сәтқалиев қана емес, көптеген министрлер осылай мәселені сезінбей, кабинетінен шықпай жұмыс істей береді. Мәжілісте жасайтын есебінің өзіне дұрыс дайындалмайтын Сәтқалиевтің қысқа дайындығы тамаша екеніне сену қиын. Кабинетінен шықпайтын, елдің алдына шығып сөйлей алмайтын, дайындығы нашар министр Сәтқалиев жұқтырып алған «синдром» қыстың қақаған аязында асқынып кетпесе болды. «Қызықпен жүріп жазды алған» «шырылдауық шегіртке» мысалы еске түседі...

Бет қатталып жатқанда

Парламентке барып, қазақша білмейтіні үшін «95 пайыз қазақша сөйлейтін» депутаттардан бір, дұрыс дайындалмағаны үшін Қошановтан екі таяқ жеп қайтқан Сәтқалиев «Асеке, енді жатқан жарамас-ты» деп, атқа мініпті. Оның Петропавлға барғаны, ондағы жөндеу жұмыстарының бекітілген графиктен кешігіп келе жатқанын анықтағаны, енді Риддер, Екібастұз, Алматы қалаларының қысқа дайындығын май шаммен қарайтыны туралы хабарланды.

Тегтер: