Си Цзиньпин алғаш рет БРИКС саммитіне қатыспайды

Қытай билігі Бразилияға Си Цзиньпиннің жұмыс кестесіне байланысты қиындықтар туындағанын хабарлап, шілде айында Рио-де-Жанейрода өтетін БРИКС саммитіне қатыса алмайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы South China Morning Post (SCMP) басылымы жазды.
6–7 шілдеге жоспарланған саммитке Қытай делегациясын Мемлекеттік кеңестің премьері Ли Цян басқарады. Мұндай жағдай 2023 жылы Нью-Делиде өткен G20 саммитінде де болған еді – ол кезде де Си Цзиньпиннің орнына делегацияны Ли Цян бастап барған.
Жағдайға қанық шенеуніктердің айтуынша, Қытай тарапы Си Цзиньпиннің Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силвамен соңғы бір жылда екі мәрте кездесу өткізгенін ескеріп, бұл жолы оның қатыспайтынын түсіндірген. Атап айтқанда, олар 2023 жылы G20 саммиті кезінде және 2024 жылдың қарашасында Бразилияға Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары барысында жүздескен. Сонымен қатар 2025 жылдың мамыр айында Бейжіңде өткен Қытай–СЕЛАК форумында тағы да кездесу өтті.
SCMP дерегінше, Лула да Силва биыл мамырда Қытайға сапарын «жақсылықтың белгісі» және «Си Цзиньпиннің осы жолы саммитке қатысатынына үміт» ретінде жасаған. Сондықтан Қытай басшысының қатыспайтыны Бразилияда көңіл толмаушылық тудырған.
Bloomberg агенттігі де Қытай президентінің саммитке қатыспайтынын растады. Алайда Қытайдың Бразилиядағы елшілігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме бермеді. Дегенмен ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь Folha de S.Paulo бразилиялық газетіне берген сұхбатында:
«Саммитке кім қатысатыны туралы ақпарат уақыты келгенде жарияланады. Қытай Бразилияның БРИКС төрағалығын қолдайды және ұйым ішіндегі ынтымақтастықты нығайтуға ниетті», - деді.
SCMP-тің жазуынша, Си Цзиньпиннің саммитке қатыспау мүмкіндігі бірнеше ай бойы талқыланып келген. 2025 жылдың ақпанында Бразилия президентінің халықаралық істер жөніндегі арнайы кеңесшісі Селсу Аморим Бейжіңде Қытай СІМ басшысы Ван Имен кездесіп, бұл мәселені көтерген.
«Мен оларға: “Қытайсыз БРИКС – БРИКС емес”, – деп ашық айттым», - деді Аморим.
Ол 2010 жылы Қытайда күшті жер сілкінісі болғанына қарамастан, сол кездегі Қытай басшысы Ху Цзиньтао Бразилияда өткен БРИКС саммитіне қатысқанын еске салды.
Сонымен қатар SCMP дереккөздері Си Цзиньпиннің қатыспауына Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиді саммиттен кейінгі кешкі асқа шақыру да әсер етуі мүмкін екенін айтады. Өйткені ондай жағдайда Си екінші қатардағы фигура ретінде қабылдануы мүмкін деген қауіп болған.